Accessibility links

Биыл Алаш Орда үкіметіне 90 жыл толады

  • Досан БАЙМОЛДА

Осыған орай мамырдың 29-ы күні Алматыдағы Мұқтар Әуезов атындағы мұражайда Қазақстанның тарихшылар қауымдастығы мен Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың бірлесіп ұйымдастыруымен «Алаш Орда үкіметіне 90 жыл» атты ғылми конференция өтті.

Конференцияға белгілі тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен саясаттанушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алаш Орда үкіметіне 90 жыл толуына байланысты ұйымдастырлыған бұл жиынға Алаш Орда үкіметі және Кеңестік билік; ұстанымдары мен ерекшелігі‘тақырыбында баяндама жасаған Қазақстанның тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев егерде қазақ халықының ұлттық мүддесі бүгінгі күні қандай бір биікке, белеске жете алған болса бұл Алаш идеясының әсері болмақ. Бұл идея өз өзектілігін ешқашан жоғалтқан емес дегенді айтты.

«Сондай-ақ, егерде қазақ тарихында Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш идеясы болмағанда қазақ халқы жай тобыр болып қана қалар еді, сондықтан Алаш идеясы қазақ халқының жаңа деңгейге, жаңа сатыға көтерілуінде үлкен қызмет істеді, сондықтан біз бұған мәңгі бақи қарыздармыз» деді ол.

Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетінің оқытушысы, тарихшы ғалым Нәбижан Мұқаметқанұлының айтуынша, осыдан 90 жыл бұрын Алаш партиясы құрылып, оның қазақ халқының жоғын жоқтап, ұлт мүддесі үшін күресу жөніндегі идеясы тек Қазақстан аумағында ғана емес, сондай-ақ шекара асып Қытайда және Моңғолияда өмір сүретін қазақтарға да жетіп, оларға болашаққа деген сенім, үміт отын алып келді.

«Сол идеяның әсерінен оянған Қытайдағы қазақтар ұлт бостандығы мен болашығы үшін талай рет қарулы күрестерге дейін барды» деді Н.Мұқаметқанұлы.

Осыдан 90 жыл бұрын ұлттық идеяны ту етіп көтеріп, Алаш орда үкіметінің құрылғандығын жария еткен Алашорда көсемдерінің барлығы кейін саяси қуғын-сүргін құрбандары болғаны белгілі.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы қазіргі биліктің Алаш көсемдері ту етіп көтерген осы ұлттық мүдде жөніндегі идеяға онша жақсы қарамайды деген пікір айтады.

«Олар неғұрлым қазақ мәселесін көтеруден гөрі оны ұмыттыруды ойластырады, қазақ мәселесінен гөрі интернационализмді көбірек дәріптейді» дейді ол.

Ал Орталық Азия Университетінің проректоры, заң ғылымының докторы Сәкен Өзбекұлы қазақ ұлтының болашағы мен келешегі үшін күрескен, оның жоғын жоқтағандары үшін өздері құрбан болып кеткен Алаш көсемдеріне арналған Қазақстанда жөні түзу ескерткіштердің жоқ екендігін, тіпті олар туып-өскен қалаларда көше аттарын беруге де қазіргі билік іштарлық етіп отырғанын айтты.

Ғылыми конференцияға қатысушылар биылғы күзде Алаш Орда үкіметі құрылғандығының 90 жылдығын кең көлемде, жоғары деңгейде атап өту керек екендігін және осы бастан осы іс шараны ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажеттігін атап айтты.
XS
SM
MD
LG