Accessibility links

Тәжік президенті елде аста-төк той-томалақ пен жиындар өткізуді шектемекші


Шығыны көп тойлар мен басқа да жиындарға шектеу қою жөнінде арнайы заң жобасын талқылауға Тәжік парламентіне үш ай уақыт берілді. Бұл - президент Имомалы Рахмонның ұсынысы.

Тым үлкен және көп шығынды талап ететін жеке той-томалақтарға ресми түрде тиым салу жөніндегі Тәжік президенті Имомалы Рахмонның бастамасына түрлі пікір-көзқарастар айтылуда. Кейбіреулердің пікірінше, мұның өзі азаматтардың жеке еркіндігіне шектеу қою. Олар өз өмірлерін қалай ұйымдастыру керектігін өздері шешуі тиіс, дейді сыншылар. Келесі біреулері президенттің бұл бастамасын қолдауда.

Тәжік қоғамының 4000-дай өкілімен мамырдың 24-і күнгі кездесу кезінде ел президенті бірнеше күнге созылатын үйлену тойлары мен сүндет тойларына бірнеше мыңдаған доллар қаржы жұмсау дәстүрін қатты сынға алды. Атап айтқанда Рахмон мырза осындай тойларда байлығын көрсетуге тырысып бағатын бизнес адамдары мен үкімет өкілдерін, діни тұлғаларды өзгелерге жағымсыз үлгі көрсетеді, деп сынады. “Көршісінен қалыспау” деген әдет Орта Азия елдеріне ауруға айналды десе болғандай.

Тіпті қаза болған адамның жетісі, қырқы және асын өткізу үшін азалы үйдің бірнеше мыңдаған доллар жұмсауына тура келеді. Ысырапшылық жағынан мұндай жиындар тойларға пара-пар болды десе артық болмас. Бар айырмашылығы тойда арақ қойылады да, қазаға байланысты жиындарда қойылмайды, дейді бір тәжік азаматы.

Бейсенбілік сол жиында ел президенті жыл сайын тәжіктердің жеке жиындарына шамамен бір жарым миллиард доллар жұмсайтындығын сынға алды. Ал, республиканың жылдық бюджеті бір миллиард доллардың айналасында ғана, деді Рахмон мырза.

Үйлену тойына ақша жинау үшін тәжік жігіті Ресейде бір жыл ауыр еңбек етуі керек екен. Түрлі тойларға жұмсалатын қаржыға, оның өту уақытына, қонақтардың санына шектеу қою жөніндегі жаңа заңның қабылдануын көптеген тәжік азаматтары қызу қуаттауда. Сухроб деген азаматтың пікірінше, “Бұл қарардың жүзеге асырылуы қадағалануы тиіс. Олар әдетте қарар қабылдайды да, оның іске қалай асып жатқандығына қарамайды. Тойларға жұмсалатын қаржы азая түскен сайын халықтың тұрмысы да оңала бастайтын болады. Себебі олар әлгі ысырап қаржыны өздерінің күнделікті тіршіліктеріне жұмсайтын болады”, деді Сухроб.

Орта Азияның басқа да елдерінде жағдай осыған ұқсас. Мысалы, Қазақстанда ондай тойлар 7 күнге дейін ұласып, оған бірнеше ондаған мың доллар жұмсалады екен. Тіпті құдаға жабатын бір шапанның құнының өзі 5000 долларға барады. Қырғызстанда осындай ысырап тойларға тиым салу баспасөз бетінде көптен бері айтылып келеді. Бұрынғы Түркмен президенті Сапармұрат Ниязов, өз билігі тұсында, жеке жиындар барысында қажетсіз шығындарды шектейтін арнайы қарар да қабылдаған екен.

Жергілікті кейбір журналистер Тәжік президентінің бұл бастамасын “жаңа мәдени төңкеріс” деп атап та үлгерді. Алайда, халық санасына сіңіп қалған мұндай дарақы дәстүрді қаулы қабылдау арқылы өзгертуге болатындығына көптеген Тәжік азаматтары күмәнмен қарауда.

Көршісімен жарысқа түсемін деп, өз қаржысын өзі желге ұшырып жатқандығын түсінгеннен кейін, мүмкін күндердің күнінде халық біртіндеп ондай ысырапшылдықтан өзі де бас тартар, деп үміттенуде кейбір Тәжік азаматтары.
XS
SM
MD
LG