Accessibility links

Конституциялық Кеңестің төрағасы парламент депутаттарына «екі мерзімнен артық президент сайлауына түсуге болмайды» деген талапты мүлдем алып тастау жөнінде ұсыныс білдіргендігін айтады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Конституциялық Кеңестің төрағасы Игор Рогов сәрсенбі күні Парламент Сенатында өткен «Конституциялық реформа және Қазақстанда демократиялық үдерістердің тереңдей түсуі» деген тақырыптағы конференциядан кейін, «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатында, Конституцияның 42-бабындағы тұңғыш президентке қатысты өзгерістерге байланысты «мен парламент депутаттарына екі мерзімнен артық президент сайлауына түсуге болмайды деген талапты мүлдем алып тастау жөнінде ұсыныс білдіргем, бірақ депутаттар оны тек бірінші президентке ғана рұқсат берді», деді. Ал жиында сөз алған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұқябайдың пікірлерімен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келіспейтіндігін білдірді.

Сәрсенбі күні Парламент Сенатында өткен «Конституциялық реформа және Қазақстанда демократиялық үдерістердің тереңдей түсуі» деген тақырыптағы конференцияға ресми қонақтардан басқа оппозициялық саяси партиялардың өкілдері де қатысты. Алайда күн тәртібі бойынша олардың мінберден сөз сөйлеу мүмкіндігі жоқ-тын. Жалпыұлттық социал демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай конференцияны жүргізіп отырған Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа хат жазып, мінберге шығуға мүмкіндік алды. Жармахан Тұяқбай Қазақстанда жүргізілген Конституциялық реформаларға кілең мақтау-мадақтау айтылған сөздерді жоққа шығарып, мұны демократияға қадам басу деп айтуға келмейтіндігін жеткізді.

Жармахан Тұяқбай Конституцияға қабылданған өзгерістер президенттің үстемдігін күшейтетіндігін баса айтып, керісінше, парламент осыған дейінгі біраз құзыретінен айырылып отырғандығын жеткізді. Мәселен, ол «енді президент үкімет басшысын партия фракцияларымен ақылдасып отырып тағайындайды. Ал осыған дейін президент жалпы парламентпен кеңесуші еді», – дейді.

Жармахан Тұяқбайдың сөздерінен кейін өзі рұқсат беріп мінберге шығарған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев социал демократиялық партия жетекшісінің сөздерімен келіспейтіндігін жеткізді. Сенат спикері Тоқаев «Жармахан Тұяқбайдың жоғары мінберді пайдаланып, нашар билік деп билікке қарсы сөз айтқаны дұрыс емес», – деді.

Спикердің сөздерінен кейін экс-спикер Жармахан Тұяқбайға қарсы пікірлерін сенат депутаттары да жалғастырды. Мысалы, сенатор Анатолий Башмаковтың конституциялық реформаларға қатысты жасаған баяндамасынан гөрі оппозиция жетекшісіне қарсы айтылған сыны көп уақыт алды.

«Социал-демократиялық партия халық арасында сауалнама жүргізді ме, жоқ әлде референдум өткізді ме, Жармахан Тұяқбайдың мінберде тұрып халықтың атынан сөйлеуі түсініксіз», – дейді Конституциялық Кеңестің төрағасы Игор Рогов болса.

Ал Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы болған Жармахан Тұяқбай өткізілген жиында төмендегідей пікірін жеткізді:

– Ресми саясат бүгінгі күні елдегі өзгерістерді барынша жақсы жағынан көрсетуге тырысып жатыр. Бүгінгі конференцияда сөз алған азаматтардың барлығы сол сарында сөйлеп жатыр. Шындығына келгенде, Конституцияға енгізілген өзгерістердің қаншалықты күрделі екендігін, оның елдің болашағына қаншалықты әсер ететіндігін ескеретін болсақ, Конституцияға енгізілген өзгерістерге біржақты баға беруге болмайды.

Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, президент басқа елдердің тәжірибесін есепке ала отырып, президент билігінің құзыретін күшейтіпті.

«Мысалы, көрші Украинадағы жағдай, президенттің барлық билігін алып, бірден парламентке берді, соңы не болды, билік жартылай жұмыс істемей жансыз қалды», – дейді Игорь Рогов.

Ол сонымен бірге «Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында: «тұңғыш президентке қатысты депутаттардың енгізген өзгерістеріне байланысты, мен депутаттарға президенттікке екі мерзімнен артық қатар түсуге болмайды деген талапты мүлдем алып тастауларын сұрадым. Өйткені, азамат қанша рет сайлауға түскісі келеді, мүмкіндік беруі қажет. Мысалы, әлем чемпионатын алайық. Бокстан бірнеше дүркін әлем чемпионына бокс федерациясы екі реттен артық әлем чемпионы болмайсың десе, дұрыс емес ғой?» – деді.

Алайда парламент депутаттарының басым бөлігі Конституциялық Кеңес төрағасының сөздерін тыңдамаған көрінеді. Ал Қазақстаннан басқа қандай елде тұңғыш президентке ерекше мәртебе беріп отыр деген сауалға Игор Рогов нақты жауап бере алмады.
XS
SM
MD
LG