Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.30.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірінде қазақстандық бірқатар іскер топ өкілдерінің Рахат Әлиевті айыптаған мәлімдемесі жарық көрді. Сонымен қатар, тағы бір газет адвокат Нұрлан Өстеміровтың Алматыдағы абақтыда жатқандығын жазса, бірқатар басылымдар Алматыда қатты жер сілкісіні бола қалған жағдайда жарты миллион адам қаза болуы мүмкін деген болжам келтіріп отыр.

Қазақстандағы іскер топ өкілдерінің Рахат Әлиев төңірегіндегі жағдайға қатысты мәлімдемесі «Время» газетінде жарық көріпті. «Осындай үндеумен шығуға соңғы уақыттары қоғамда болып жатқан өзгерістер түрткі болып отыр. Іскер топ өкілдері де жағдайды сырттай бақылап отырғысы жоқ» делінген мәлімдемеде. Бұл хат Мұхтар Әбілязов, Арманжан Байтасов, Григорий Марченко, Нұржан Сұбханбердин және басқа да ірі кәсіпкерлердің атынан жазылған. «Кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласу, біреудің жеке меншігіне қол сұғу, нарық заманы кезінде монополиялық диктат орнату, адамның іскерлік қасиеті мен құндылығын аяққа таптауға жол бермеу керек. Өз сөзімізге жауап бере отырып, жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығын Рахат Әлиев жасағанын айтамыз. Біздің көбіміз ол тарапынан саяси қысымшылық көргенбіз. Бүгінгі күні ұрланған банкирдің орнында кез-келгеніміз болуымыз мүмкін еді» деп жазылған іскер топ өкілдерінің «Время» газетіне жариялаған мәлімдемесінде.

Ал «Литер» газеті болса Рахат Әлиевке қатысты жағдайды бір сөзбен қалай сипаттар едіңіз деген сұраққа жауап іздепті. Саясаттанушы Болат Сұлтанов бұл жағдайды комедияға балап отыр, өйткені үстінен қылмыстық іс қозғалған бұл адам өзін оппозиция өкілі ретінде көрсеткісі келіп, шын мәнінде Қазақстандағы оппозицияны басқарсам ба деген ойы бар. «Поколение» қозғалысының төрағасы Ирина Савостина жағдай ушығып тұр деген пікірде. Оның айтуынша, Рахат Әлиев осыдан жеті жыл бұрын оған 8-наурыз мерекесімен құттықтап хат жолдапты. Сол кезде-ақ мен оның оппозиция қатарына қосылғысы келетін ниеті бар шығар деп ойлаған едім» депті Ирина Савостина «Литер» тілшісінің сауалына.

Бұл уақытта «Время» газеті адвокат Нұрлан Өстеміров ұсталғандығы туралы жазыпты. «Ол қазір Алматыдағы ішкі істер департаментінің уақытша ұстау абақтысында жатыр» делінген мақалада. «Өстеміровқа қарсы «алдын-ала тергеу өндірісіне кедергі келтіргені үшін» және «тергеушіге өтірік айтқаны үшін» Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылып отыр. Адвокаттың ұсталуына мамырдың 21-күні Өстеміровтың КТК телеарнасында өзінің қорғауындағы Пискуновқа қатысты айтқандары түрткі болған. Сондай-ақ, Виталий Пискунов ресми түрде Нұрлан Өстеміровтың адвокаттық қызметінен бас тартты» деп жазды «Время» газеті.

Бұдан бөлек басылымдар Алматыда жойқын жер сілкінісі бола ма деген сұраққа жауап іздепті. Бұл тақырыптың көтерілуіне төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың мамырдың 29-күнгі Үкімет отырысындағы мәлімдемесі түрткі болған. «Храпунов мырза алдағы жылдары Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, Қазақ елі жарты миллионнан астам тұрғынынан айырылатынын жария етті» деп жазды «Айқын» газеті. "Алматыдағы апатта шамамен 520-530 мың тұрғын қырылуы мүмкін. Бұл орны толмас шығын болады! – деді министр. – Мұның сыртында 200 мыңнан астам адам жарақаттанып, жедел медициналық жәрдемді қажет етпек". "Біз күні кеше ғана осы мәселені барлық облыстармен, әкімдермен пысықтап болдық. Құжат Үкіметке тапсырылды. Ол бізге тездетіп аймақтардан 87 мың 900-дей адам жинап, жедел түрде зілзала аймағына жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, аймақтардан 20 мыңға жуық техника әкелінеді" деп баяндады Виктор Храпунов. Бірақ нағыз проблема осы тұста бой көтереді екен. Үкіметте сырттан тартылған жәрдемші күштерді лайықты орналастырмақ түгіл, алапат апаттан аман қалған, алайда баспанасынан айырылған алматылықтарды паналататын жер де жеткіліксіз көрінеді» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал «Экспресс К» газеті болса Есіл өзені арнасынан асқан жағдайда Астана қаласына қандай қауіп төнуі мүмкін екендіігне тоқталып өтіпті. «Мұндай жағдай осыдан алпыс жыл бұрын болған. Ал қазіргі жағдаймен көзге елестететін болсақ, онда Есілдің сол жағалауында балшықты толқындардың биіктігі бір жарым метрге дейін жетуі мүмкін. Егер өзен тасуы қырық күнге созылатындығын ескерсек, онда одан қанша шығын келетіндігін ойша есептей беруге болады дейді вице-министр Абылай Сабдалин. Министр Виктор Храпуновтың айтуынша, әртүрлі сипаттағы апаттардан сақтану үшін 450 млрд теңге қажет» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG