Accessibility links

Иран шетелдік ұйымдарға жұмыс істейтін ғалымдарға тыңшылық жасады деген айып тақты


Иран тарапынан айыпталып отырған ғалымдар - Вудроу Вилсон институтындағы Таяу Шығыс бағдарламасының басшысы Халех Есфандияри және Ашық қоғам институтының кеңесшісі Киан Тажбахштың тағдырына орай хұқық қорғаушылар алаңдаушылығы өсе түсуде. Ол ғалымдарға ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, сондай-ақ шетелдіктер үшін жансыздық жасады, деген айып тағылуда.

Вудроу Вилсон институтындағы Таяу Шығыс бағдарламасының басшысы Халех Есфандияриға және Ашық қоғам институтының кеңесшісі Киан Тажбахшқа ресми түрде Иран тарапынан қоғамдық жүйеге қарсы насихат тарату арқылы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, сондай-ақ шетелдіктер үшін жансыздық жасады деген айып тағылып отыр. Адам хұқын қорғаушылар және айыпқа ілінген ғалымдардың әріптестері мен туыстары аталған айыптауларды негізсіз деп бағалап отыр. Ал ресми Уашингтон болса оны “ақылға сыймайтын айып” деп сипаттады.

Өткен жылдарда, түрлі жағдайларда қамауға алынған басқа да интеллигенция өкілдеріне осыған ұқсас айыптар тағылған болатын. Ирандағы саяси тұтқындар, әсіресе “қауіпсіздікке қатер төндірді” делінгендер толық түрде сыртқы әлемнен тұйықталып тасталынады. Оларды бір адамдық камераларда ұстап, ұзаққа созылатын жиі-жиі тергеулерге алады. Солардың бірі, 2000-шы жылы Иран түрмесінде жатқан Мехрангиз Кардың айтуынша, оны Евин түрмесіндегі жалғыз адамдық камерада бірнеше апталар бойы ұстаған. Ол өз киіміне оранып, еденде жатуға мәжбүр болған екен. Тергеушілер Кар ханымның отбасы мүшелерімен кездесуіне тиым салып, жалғыз терезенің өзін қараңғылап тастаған екен.

Студенттердің бұрынғы басшысы Әли Афшари де 2000-шы және 2003-ші жылдар аралығында 400 күндей түрмеге жабылған екен. «Азаттық» радиосына айтуынша, ресми қызметкерлер оларға тәни және моральдық көптеген қысымдар жасаған. Өздерінің тағып отырған айыптарын мойындату үшін түрлі қорқыту-үркіту тәсілдерін, бопсалауды қолданған. Афшаридің өзі де 2001-ші жылы теледидар арқылы сөз сөйлеп, Иран билігін құлатпақ болған науқанға қатысқандығы жөніндегі жасамаған қылмысын мойындаған-міс. Кейіннен Афшари ол мойындауды мәжбүрлі түрде жасағанын көпшілікке хабарлаған екен. Бұл екі азамат та қазіргі кезде Құрама Штаттарда тұрады.

Парижде орналасқан Хұқық қорғау федерациясы директорының орынбасары және Ирандағы адам хұқықтарының қорғалуы лигасының басшысы Абдукәрім Лахиджидің «Азаттық» радиосына айтуынша, 67 жасар Есфандияри мен 45 жастағы Тажбахш жоғарыда сипатталғанға ұқсас жағдайға тап болулары мүмкін.

“Олардың әртүрлі қинауларға тап болғандарына мен анық сенімдімін. Және өтірік мойындау жасауға оларды ресмилердің мәжбүрлеулері де әбден мүмкін. Ондай мойындаулардың еш негізсіз екендігін біз білеміз ғой. Олар таяу арада босатылады және өз жеке өмірлері мен жұмыстарына қайта оралады деп сенемін”, - деді Лахиджи.

Ол сондай-ақ Фарда радиосының тілшісі Парназ Азиманың тағдырына да алаңдаушылық білдіруде. Ирандағы анасын көруге келген Азиманың АҚШ-тық паспорты, Техран әуежайында, ақпан айында тартып алынған болатын. Ол сондықтан қазірше Ираннан шетке шығу хұқынан айрылып отыр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Иран-Американдық қос азаматтыққа ие адамдар Техран мен Уашингтон арасындағы өсе түскен теке-тірес құрбандарына айналып отыр. Тағы басқалардың айтуынша, бұл қос азаматтығы бар ғалымдарды тұтқындау арқылы ресми Техран “жұмсақ” төңкерістен қорқатындықтарын байқатуда.
XS
SM
MD
LG