Accessibility links

Австрияның заң орындары Рахат Әлиевті қамауға алды


Жұма күні Австрияның заң орындары Венада Қазақстанның осындағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті Қазақстанның сұрауы бойынша тұтқынға алды. Оны ұстағаннан кейін 48 сағаттың ішінде Австрия соты Әлиевтің қорғаушыларының өтінішін қанағаттандыратын болса, Р.Әлиев ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген соң кепілдікпен қамаудан босатылуы мүмкін деп хабарлап жатыр шетелдік ақпарат құралдары.

Өткен аптада Қазақстанның бас прокуратурасы, Р.Әлиев биылғы жылғы қаңтар айында өзінің меншігіндегі банктың бұрынғы басқарушы қызметкерлерін ұрлаған деген күдік бойынша оған қарсы қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеуге берген соң, сенбі күні, 44 жастағы Әлиев өзінің қайын атасы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынап, мәлімдеме жасаған болатын. Сол күні президент Назарбаев күйеу баласын мемлекеттік қызметтен алып тастады. Қазақстанның заң орындары Р.Әлиевтің меншігіндегі бірқатар ақпарат құралдарының жұмысын үш айға тоқтатты.

Қазақстандағы саясаткерлердің көпшілігі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев Австрияда ұсталғаннан кейін елге қайтарылатындығына күмән келтіріп отыр. Өйткені Қазақстанда әділ сот жоқ екендігін әлемдік қауымдастық жақсы біледі деп есептейді олар. Сонымен қатар, саяси сарапшылар Рахат Әлиев елге қайтарылған жағдайда Қазақстан билігі оны қоғамнан барынша оқшаулауға тырысатындығын айтады. Алайда бірқатар саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әулетін тәртіпке келтіру үшін Рахат Әлиевке қатысты істе өнегелі сот ұйымдастыруы мүмкін деген пікірде.

Президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевті Австрияда жергілікті полиция ұстап, оны Қазақстанға экстрадициялауы мүмкін екендігіне қатысты қазақстандық саясаткерлер мен саяси сарапшылар әрқилы пікір білдіріп отыр. Істеген ісіне қарай Рахат Әлиев өз жазасын алуы керек деп есептейтіндердің бірі Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин президент Назарбаев өзінің үлкен күйеу баласын түрмеге жабады дегенге күмән келтіреді.

- Назарбаев өзінің күйеу баласын Қазақстанға алып келіп түрмеге жаптырмайды: ол шет жақта қашып жүруі ықтимал. Жалпы, Рахат Әлиевтің заңды бұзу, халыққа қиянат жасауы баяғыдан келе жатыр. Соның барлығын жинап келгенде түрмеге кіретін адамның бірі – Рахат Әлиев, - дейді Компартия төрағасы Әбділдин.

Қазақстан үкіметі әлі ресми тіркеуге алмай отырған «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахмет әділет үшін Рахат Әлиевтің ісі Қазақстанда қаралуы тиіс болғанымен, шетел оны қайтармауы да мүмкін деп есептейдi.

- Австрия Рахат Әлиевті бермейді. Өйткені, Қазақстанда тәуелсіз сот жоқ. Мысалы, шет елде Ә.Қажыгелдин, И.Петрушовалар да ұсталды, бірақ Еуропа оларды Қазақстанға берген жоқ. Екіншіден, Қазақстанда сот төрағасы президент Назарбаевтың қаулысымен бекітіледі. Оның үстіне қазақстандық соттарда жемқорлық бар екендігін әлемдік қауымдастық жақсы біліп отыр, - дейді Асылбек Қожахмет.

Ал егер Австрия президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласын еліне қайтару туралы шешім шығаратын болса, онда Қазақстан билігі Рахат Әлиевті қоғамнан оқшаулап тастауы мүмкін деп санайды тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи. Өйткені ол елдегі үлкен қылмыстар туралы шындықты білетін билік басындағылар үшін аса қауіпті адам дейді журналист.

- Рахат Әлиев қазір Қазақстан билігіне, ең жоғарғы лауазым иелеріне қауіп төндіріп тұр. Р.Әлиевтің жиған-терген «компромат» материалдары және білетіні өте көп: Алтынбек Сәрсенбайұлының, Заманбек Нұрқаділовтың, Марат Оспановтың, Сыздық Әбішевтің қазасы, сол сияқты өлім жағдайына байланысты жұмбақ фактілер жетерлік. Осы ақпараттар сыртқа шығып кетпес үшін Р.Әлиевті билік толық оқшаулауға тырысады: оның ақтаушысының өзін әбден даярлап қоюы да ғажап емес. Сондықтан, Р.Әлиев Қазақстанға әкеліне қалса, оны ағайын-туғаннан да, әйелі Дариға Назарбаеваның өзінен де аластауға тырысады. Себебі, Р.Әлиев Қазақстандағы өте көп «білетін» адамдарды бірі, - дейді Ермұрат Бапи.

Алайда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Әміржан Қосанов бұл іс Қазақстанда қаралған жағдайда президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әулетін тәртіпке келтіру үшін өнегелі сот ұйымдастыруы мүмкін деп есептейді.

- Президент Назарбаевпен дастархандас отбасылық империяның ішінде өзіне қарсы шыққан жалғыз адам – Рахат Әлиев. Менің пікірімше, Н.Назарбаев өзінің отбасы мүшелерінің басқасына сабақ болсын деп Р.Әлиевке қатысты өнегелі сот жасауы мүмкін, - дейді Әміржан Қосанов.

Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи бұрынғы елші Рахат Әлиевтің басына төнген қауіпке қазақ қоғамының аса қатысы жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, бұл жағдай президент Назарбаевтың отбасына береке әпермейді.

- Президент Назарбаев өзінің күйеу баласын тұтқындап, оны жазаға тарту арқылы жеке басына ұпай жинауға тырысады. Бірақ, Р.Әлиев әлдебір жүрген қылмыскер емес, ол Назарбаевтың немерелерінің әкесі ғой. Сол тұрғыдан келгенде бұл Қазақстан билігіне ұпай әкелетін жағдай емес. Бұл – Назарбаев құрған саяси биліктің іріген жерінен үзіліп жатқан сәтінің бірі, - дейді Е.Бапи.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім президент Назарбаев әулетінің төңірегіндегі жанжалдан жалыққандығын жасырмайды. Бұның барлығы қоғамның іштен шірігендігінің бір көрінісі ғана дейді ол.

- Бұның барлығы сыбайласқан жемқорлықтың президенттің маңайындағы адамдарға дейін толық жаулап алғандығының көрінісі. Және оны халық бұрыннан біледі - тек мемлекет басшысының қас-қабағына қарап отыр. Сондықтан, бұл жағдайды әділдіктің билік құруы деп бағалау қателік. Қазақстан ішкі істер министрлігі осы жылғы мамырдың 23-күні Рахат Әлиевтің үстінен “адам ұрлады” деген айып бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал мамырдың 26-күні президент Назарбаев Рахат Әлиевті Қазақстанның Австриядағы және ОБСЕ ұйымындағы елшілік қызметінен босатты. Сол күні Рахат Әлиев өзінің қайын атасы - президент Назарбаевтың саясатымен келіспейтіндігі туралы мәлімдеме таратты. Екі күн өткен соң Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланып, Қазақстан билігі Австрияға бұрынғы елшіні экстрадициялау туралы сұрау салды. Соның негізінде маусымның 1-күні Австрия полициясы Рахат Әлиевті Венада ұстады.
XS
SM
MD
LG