Accessibility links

Өткен аптаның соңында Австрия астанасы Венада қамауға алынған, Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев кепілге 1 миллион еуро төлеп түрмеден бостандыққа шықты. Бұл жайында маусымның 4 күні Астанада баспасөз өкілдерін хабардар еткен Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов, қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатқандығын айтты. Ал қазақстандық сарапшылардың кейбіреуі Рахат Әлиевтің Қазақстанға берілуі екіталай деп отыр.

Өткен жұма күні Австрияның заң орындары Венада Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті Қазақстанның сұрауы бойынша тұтқынға алды. Әлиевті ұстағаннан кейін 48 сағаттың ішінде Австрия соты Әлиевтің қорғаушыларының өтінішін қанағаттандырып, Р.Әлиев ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген деп хабарланды.

- Рахат Әлиев денсаулығына байланысты түрме ауруханасына сол күні жеткізілді. Және кейін 1 миллион еуро кепіл беріп, қазіргі уақытта босатылды. Әлиев және онымен бірге іздеуде жүрген тағы бірнеше азаматты Қазақстанға әкелу мәселелері қазір шешілуде, - деді дүйсенбі күні брифингте Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов.

Рахат Әлиевтің меншігіне жататын «Қазақстан тудей» агенттігі, өткен аптаның соңында, президент Назарбаев Австрияның бундес-канцлері Альфред Гузенбауэрмен телефон арқылы тілдесіп, Рахат Әлиевті Қазақстанға тезірек беруді сұрағанымен, Гузенбауэр экстрадиция мәселесіне өзінің араласа алмайтынын айтқан деп хабар таратты.

Кейбір сарапшылар, Әлиевтің төңірегіндегі дау-дамай Қазақстанда мүліктің қайта бөлініске түсуіне және президент Назарбаевтың тағы бір күйеу баласы Темір Құлыбаевтың жағдайын жақсартуға әкеп соғады деген пікір білдіріп отыр. «Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалы төрағасының орынбасары Серік Қапаров, Рахат Әлиевті Қазақстанға келтірмеуге тырысып жүргендер барын айтады:

- Бұл жаққа келуге өзі қазір қорқып отыр. Бұл жаққа келсе жауып тастап әділ сот болмайды деп өзі айтты. Келсе бұл жақта үлкен айқау-шу шығып кетуі мүмкін. Президент айналасындағылардың ішінде мұның келмеуіне ынталы болып отырғандар көп.

Ал, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Әлиевтің өзі Австриядағы «Profil» журналына берген сұқбатта, өзін Қазақстанға бермеуін сұрап, Отанында оған қауіп төніп тұрғанын айтқан. Әлиевтің бұл сұхбаты дүйсенбі күні жарыққа шығуы тиіс деп хабарланды. Онда айтылғандай, Әлиев Австрия азаматтығын алмақ ниетте.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, Рахат Әлиевке Қазақстанда қауіп төніп тұрған жоқ. Мұндағы тергеу абақтылары жақсы, деді ол. Астанадағы «Политон» пікірсайыс клубының жетекшісі саясаткер Зәуреш Батталова, билік Рахат Әлиев қоғамға беймәлім кейбір жасырын ақпаратты жариялап қоймас үшін амал қолдануы ықимтал деген пікірде:

- Рахатты жауапқа тартады деген сенім жоқ. Рахат президент жайында, отбасы және оның қасындағы адамдары жөнінде көп компромат біледі. Сол фактілерді Рахат дәлелдемес үшін Рахат Қазақстанға кіре алмай шетелде жүреді. «Сені тұтқынға алмаймыз, бірақ сен аузыңды тоқпаққа жап» дегендей саяси сауда болып жатыр деп ойлаймын.

«Қазақстан тудей» агенттігінің тағы бір хабарламасында Венада қамауға алынған кезде Рахат Әлиевті улау әрекеті жасалғаны туралы айтылған. Әлиев денсаулығы нашарлағандығын айтқан соң, ауруханаға жатқызылған. Бірақ, сол жерден кепілдікке шығаратын кезде оның денсаулығы нашарлап кеткендігі хабарланады. Әлиевтің тұтқындаған кезде оған дәрі берілген, содан кейін ол өзін нашар сезіне бастады деп хабарлайды агенттік. Бірақ Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов бұл жөнінде өзінің бейхабар екендігін жеткізді.

Қазақстандағы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Серікбай Әлібаев Рахат Әлиев Қазақстан билігімен ымыраға келіп, өзіне белгілі ақпаратты бәрібір толық бермейді деп санайды:

- Ол Қазақстанға қайтіп келмейді, Әкежан Қажыгелдин сияқты сол жақта жүреді. Оны елге келтіру жағын біздің билік те қаламайды. Ал не айтатынына келсек, бәрін айтпайды. Өзінің де көп істері бар ғой. Менің ойымша, оның қолында қандай компромат материал болса да, ол мөлшерлеп қана айтады, бәрін тұтас шығармайды.

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, 44 жасар Рахат Әлиев бұл жолғы өзінің тұтқындалуын саяси пиғылмен жасалған деп бағалайды. Ол өзінің қайын атасы, 66 жастағы президент Назарбаевқа 2012 жылы өтетін президенттік сайлауға түсем дегеннен кейін «Нұрбанк» дауы басталғанын айтқан. «Рейтердің» хабарлауынша, «Нұрбанктің» құнды қағаздарының сыртында Рахат Әлиевтің меншігінде бірнеше қант зауыттарының құнды қағаздары, Қазақстандағы ірі телеарна мен газет және қант саудасында әлем алыбына айналған франциялық «Sucden» компаниясы құнды қағаздарының 10 пайызы бар.
XS
SM
MD
LG