Accessibility links

АҚШ-тың зымыраннан қорғану жүйесін Шығыс Еуропада орналастыру ниеті жүзеге аса ма?


«Чехия мен Польшада зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің бөлігін орнату жөніндегі АҚШ жоспары ерте ме, кеш пе жүзеге асады. Себебі, ол АҚШ-тың әскери мақсатынан гөрі, Еуропадағы геосаяси ықпалдықты арттыру мақсатынан шығатын стратегиялық жоспар» дейді Қазақстандық бірқатар сарапшылар. Ал кейбір әскери мамандар «Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының мүшесі болғандықтан Ресейдің АҚШ-қа қойып отырған талаптарын қолдайды және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің ТМД шекарасына жақын орналастырылуы осы аумақтағы елдердің заңды алаңдатушылығын тудырады» деп есептейді.

АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін Шығыс Еуропада орналастыру жоспарына Ресей тарапы үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Ресей АҚШ-ты осы үшін бұған дейін қол қойылған стратегиялық қаруды шектеу туралы келісімнен біржақты шыққаны үшін айыптап та келді. Оған қарсы қорғаныс шара ретінде жақында ғана Ресей құрылықаралық баллистикалық бөлшек оқтұмсықты РС-24 зымыраны мен «Искандер-М» деп аталатын жаңа зымырандық кешенін және оның Р-500 деп аталатын қанатты зымыранын сынақтан сәтті өткізіп, батысқа жұдырығын көрсеткендей болды. Мамандар бұл зымыран 24 минут ұшқаннан соң, белгіленген нысанадан бір-ақ метр ауытқып тигенін үлкен дәлдік деп бағалап отыр. Бұл зымыранның ерекшелігі - ол ұшу барысында өз траекторясын алдын ала болжап білуге болмайтындай өзгертіп, қарсыласының оның ұшу траекториясын анықтауды қиындатады айтылады. Демек ол қарсыластардың оны атып түсіруіне мүмкіндік бермейтін көрінеді. Міне осы зымырандық жүйені Ресей АҚШ-тың Еуропадағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі мен басқа да қосымша нысаналарға бағыттауы мүмкін деп, батысқа ескерту жасағандай болып тұр.

Екі елдің президенттері мен қорғаныс саласының мамандары әртүрлі халықаралық деңгейде осыған байланысты мәлімдемелер жасап та үлгерді. Алда бұл мәселе, яғни АҚШ-тың Еуропаға аталмыш жүйені орналастыру мүмкіндігі қалай шешілері әлі белгісіз. Ал Қазақстан мамандары бұған қалай қарайды?

«АҚШ-тың Польша мен Чехияға орнастырмақшы боп жүргендері тек қана ресейліктердің ғана емес, сонымен қатар осы аймақтағылардың да тыныштығын қамтамасыз ете алмайды. Екіншіден, Қазақстан, Ұжымдық қауіпсіздік құрамындағы болса да Ресейдің стратегиялық одақтасы болғандықтан, біз Ресей алаңдаушылығына толық қосыламыз. Десе де менің жеке көзқарасым - екі жақ та ымыраға келіп, тек Еуропада ғана емес, Азия аймағында да тыныштықты қамтамасыз етерлік шараларға барса деп ойлаймын», - дейді әскери ғылымдар кандидаты, профессор Ким Серікбаев.

Алматыдағы «Альтернатива» атты тәуелсіз сарапшылар орталығының маманы Берік Барлыбаев АҚШ-тың жоспары іске асарына сенімді.

«АҚШ, немесе жалпы НАТО елдері, ерте ме, кеш пе, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін Шығыс Еуропаға орналастырып тынады. Ол батыстың геосаяси мақсаттағы стратегиялық жоспарынан туындайды. Бұл жерде әскери себептерден гөрі геосаяси мүдделік басым. Экономикалық тұрғыдан әлі де шығыс елдерімен тығыз байланыстағы Польша мен Чехияға зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру арқылы батыс, түптеп келгенде, осы аймақтағы өзінің саяси және әскери ықпалын күшейте түсері сөзсіз. Ал шын мәнінде, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі оларды ешқандай да қорғай алмайтынын олардың өздері де біледі», - дейді Берік Барлыбаев.

АҚШ зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін Еуропаға орналастырмақ ниетін алда мүмкін боларлық Иран мен Солтүстік Кореяның зымырандарынан өз одақтастарын қорғау деп түсіндіреді. Ал Ресей болса «ол жүйе тікелей Ресейдің қорғаныс мүмкіндігін азайтып, осы аумақтағы тепе-теңдікті батыс пайдасына бұзып отыр» деген уәжін алға тартады.

«Әзірге не Иранның да, не Солтүстік Кореяның да Еуропаға ұшып жете алатындай зымырандары жоқ. Сол себепті, АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі тікелей Ресейге бағытталған және бұл қорғаныс жүйесіндегі зымырандарды сәл өзгертсе, ол зымырандар орта қашықтықтағы шабуыл зымыраны боп шыға келмек», дейді Ресейлік әскери мамандар.

Ал олардың тағы кейбірі «АҚШ-тың батысқа орналастырмақ зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін Аляска мен басқа да жерлерде орналасқан орасан осындай жүйеден бөліп қарамау керек. Бұлар, түптеп келгенде, өте қысқа толқынмен ионосфераға әсер етерлік геофизикалық қарудың құрамдас бөлігі деп есептеу керек. Ал келешекте осындай кешен дайын болса, АҚШ үшін әлемнің түкір-түкпірінде түсініксіз апаттар мен құбылмалы ауа райы мен тапсырыспен қуаңшылық орнатуы әбден мүмкін боп шығады. Ал ионосфераға ондай әсердің салдарын әзірге толық болжау мүмкін емес» дейді.
XS
SM
MD
LG