Accessibility links

Конституцияға енгізілген өзгерістерге наразылық айтып Алматының «Арбатына» шыққан екі адамды полиция ұстап әкетті


Дүйсенбі күні Алматының орталығындағы алаңдардың бірінде, өткен айда ел Конституциясына енгізілген өзгертулерге өздерінің азаматтық наразылығын білдіріп шыққан екі адамды полиция ұстап алып кетті. Бұл – Алматыда, соңғы 10 күннің ішінде, осымен 4-ші рет қайталанып отырған наразылық акциясы болып отыр.

Маусымның 4-күні, жергілікті уақытпен сағат кешкі бес жарым кезінде, Алматыдағы, жұрт арасында Арбат аталып кеткен алаңда наразылық акциясына шыққан екі адам қолдарына «18 минутта біз хандық жүйеге көштік», «Парламент масқара болды» деген жазуды ұстап тұрды. Қанат Исаев және Асхат Қоңқақов есімді бұл екеуі өткен айда Қазақстан парламенті 18 минуттың ішінде басым көпшілік дауыспен ел Конституциясына енгізген өзгерістерге осылайша наразылық білдірді. Парламент қабылдап, прездиент бекіткен ол заңды ресми билікті қолдайтын күштер Қазақстанның демократиялық бағытта дамуының кезекті қадамы деп сипаттаған болатын. Алайда, қоғамның бір бөлігі парламенттің бұл шешімі елде президенттік билікті шамадан тыс күшейтті деп санайды. Парламент Қазақстанды соңғы 18 жылдан бері үздіксіз басқарып отырған адамның жеке-дара билік басында шексіз мерзімге қалуына мүмкіндік беретін заң қабылдап, масқара болды дейді наразылық акциясына қатысушылардың бірі Қанат Исаев:

- Мен бұл түзетулермен келіспеймін! 18 минуттың ішінде «мәңгілік президенттікті» енгізді де қойды... Ондай түзету енгізбес бұрын, алдымен бүкіл халықтың пікірін сұраулары керек еді, референдум арқылы. Тек қана халық мақұлдаса ғана енгізу керек ол өзгерістерді. Ал қазір, бүкіл дүниежүзінің алдында күлкіге қалдық.

Қанат Исаев және Асхат Қоңқақов наразылық жазуларын қолдарына көтеруі мұң екен, осы жерге олардан бір сағат бұрын келіп алған прокуратура, әкімшілік және полиция өкілдері әлгі екеуін қаумалап алды. Өзін Алматыдағы Жетісу аудандық прокурорының орынбасары Дәурен Балғымбаев деп таныстырған адам бұл жердегі шараның заңсыз өтіп жатқанын айтып, наразылық білдіруді дереу тоқтатуды талап етті.

- Өйтпеген жағдайда, сіздер, заң талаптарын бұзғандарыңыз үшін, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатындарыңызды ескертемін, - деді прокураутар өкілі.

Алайда Қанат Исаев бұл жерге өзінің жеке пікір-көзқарасын ғана білдіріп келіп тұрғанын айтып, прокурордың сөзімен келіспеді.

Бұдан кейін полиция күштері Қ.Исаев пен А.Қоңқақовтың жазуларын тартып алып, екеуін қолдарынан қапсыра ұстап дедектеткен қалпы, алаңның бір шетінде алдын-ала дайын тұрған полицияның жабық автокөлігіне салып алып кетті.

Сөйтіп, соңғы 10 күннің ішінде, Алматының көпшілік орындарында, Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгертулерге азаматтық наразылығын білдіргендерді полицияның ұстап әкетуі осымен 4-ші рет қайталанып отыр.

Бұған дейін, мамырдың 24-і күні, қазақстандық тәуелсіз журналист, адам құқығын қорғаушы Сергей Дувановты Алматыдағы Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келіп, елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басында шексіз отыруына мүмкіндік беретін заң өзгерісіне өзінің азаматтық наразылығын білдірген жазу ұстап тұрған жерінен полиция алып кетіп, сот арқылы айыппұл салды.

Арада бес күн өткенде дәл сол жерге әлгіндей наразылық білдіріп шыққан Екатерина Беляева да Дувановтың кейпін құшты. Ал мамырдың 30-күні кешке Тәуелсіздік ескерткіші жанында ел президентінің билік басында шексіз отыруына наразылық білдіріп, орталық алаңға шыққан тағы үш кісі - тәуелсіз журналист Ғалым Ағелеуовті, Алматының жұмысшылар қозғалысының басшысы Сахиб Жаңабаева мен «Ар.Рух.Хақ» қозғалысының мүшесі Бақытжан Төреғожинаны полиция ұстап әкеткен болатын.

Мамырдың 18-күні Қазақстан парламенті Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізу туралы заң түзетулерін бас-аяғы 18 минуттың ішінде қабылдады. Онда парламенттің құрамын кеңейту, оны партиялық тізіммен жасақтау тәрізді толықтырулармен қатар Қазақстанның бірінші президентіне, яғни қазірге дейін сол қызметте отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа, шектеусіз мәрте президент қызметіне сайлауына мүмкіндік беретін норма бекітілді. Ал бес күннен соң бұл заңға Қазақстан президенті қол қойды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG