Accessibility links

КТК телеарнасы тек ойын-сауық көрсететін арна ретінде қайтадан эфирге шығуы мүмкін

  • Досан БАЙМОЛДА

Осыдан оншақты күн бұрын Қазақстанның заң орындарының шешімімен 3 ай мерзімге өз жұмысын уақытша тоқтатқан коммерциялық КТК телеарнасы маусымның 6-сынан бастап өз жұмысын қайта жандандыруы мүмкін. Бұл жөнінде дүйсенбі күні КТК телеарнасының журналистерімен жиын өткізген осы телеарнаның бас директоры Руслан Жемков мәлімдеген. Ол сондай-ақ осы коммерциялық телеарнаның меншік иесі саналатын «Рахат Әлиев кейбір проблемалар кезігіп отырғандықтан телеарна жұмысына бақылау Р.Әлиевтің зайыбы, президент Н.Назарбаевтың үлкен қызы, Парламент мүшесі Дариға Назарбаеваның қолына өтетіндігін айтыпты.

КТК телеарнасына қатысты сейсенбі күні Қазақстанның кейбір ақпарат құралдарында жарияланған бұл хабарды, дүйсенбі күнгі сол жиынға қатысқан, осы телеарнаның күнделікті ақпарат редакциясында жұмыс істеп келген журналист Гүлмира Әбіқаева «Азаттық» тілшісіне растады. Оның айтуынша, маусымның 6-сынан бастап КТК телеарнасының тек ойын-сауық бағдарламалары ғана көрсетіле бастамақшы, ал саяси-ақпараттық хабарлар мен бағдарламалар әзірше эфирге шықпайтын түрі бар. «Ал одан ары қарай не болатындығы әзірге белгісіз» деді журналист.

Ал КТК телеарнасының бағдарламалар редакциясының үйлестірушісі Сабина Емелбаева, сейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, дәл сәрсенбі күні КТК телеарнасының ойын-сауық бағдарламаларының өзі эфирге шыға қоюы екіталай екендігін айтты. «Телеарна төңірегінде әлі көптеген мәселелер түсініксіз болып тұр», деді ол. КТК телеарнасының журналистері және техникалық қызметкерлерімен болған жиында осы телеарнаның бас директоры Руслан Жемков өзінің қызметтен кететіндігін және арнаға кешікпей жаңа басшылық болатындығынан құлағдар етіпті.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің жеке меншігіндегі «Караван» газетінің ұжымы, сейсенбі күні баспасөз баянын таратты. Онда газетті 3 ай мерзімге уақытша жабу жөнінде Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотының мамырдың 24-күнгі шешіміндегі жазаны өзгертіп, газеттің шығуына рұқсат берілсе, «Нұрбанкке» қатысты өтіп жатқан сот істері жөнінде мақалаларды жазбауға өздерінің әзір екендіктерін айтқан.

Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сот төрағасының көмекшісі Жанболат Берқалиев, сейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, КТК телеарнасы мен «Караван» газетінің жұмысын 3 айға тоқтату туралы сот анықтамасы Алматы қалалық Бостандық ауданы прокуратурасынан сотқа түсірген талап-арызының негізінде қабылданғанын айтты.

«Ал сот өзінің соңғы шешімін әлі шығарған жоқ, ол үшін алдағы уақытта сот процесі өтіп, оған айыптаушы жақтың өкілдері мен айыпталушы жақтың өкілдері де шақырылып, қатысатын болады», - деді сот өкілі.

Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев КТК телеарнасының эфирге қайта шығуы - жақсы хабар болар еді деп санайды.

«Өйткені, осы телеарнаның 200-дей журналистері мен техникалық қызметкерлерінің жұмыссыз отыруы оңай мәселе емес, олардың отбасы, бала-шағасы үшін бұл өте маңызды, - дейді Журналистер Одағының төрағасы.

Вена түрмесінен кепілге 1,3 млн доллар төлеп, қолхат беріп бостандыққа шыққан Рахат Әлиев дүйсенбі күні Германияның «Неміс толқыны» радиосының тілшісіне берген сұқбатында, өзінің меншігіндегі ақпарат құралдарын Қазақстан билігі одан тегін беруді талап етіп, араға кісі салғанын, бірақ ондай ұсыныстан өзінің бас тартқанын айтқан.

Қазірде Қазақстанның заң орындары бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеуге берген, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі әрі президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің жеке меншігіндегі «Караван» газеті мен КТК телеарнасының жұмысы, мамырдың 24-күні Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша, 3 ай мерзімге жұмысын тоқтатқан болатын.
XS
SM
MD
LG