Accessibility links

АҚШ президенті Дж. Буш Прагада Чехия басшыларымен келіссөздер өткізді


Кездесу мақсаты - Чехия жерінде қорғаныс зымыран жүйесінің бір бөлігі боп табылатын радар орнату мәселесін Чех республикасының басшыларымен сөйлесу. Өз жерінде радар орнатуға оңшыл-орталық Чех үкіметі қолдау білдіріп отырғанымен, парламентте бұл идеяға қарсылық танытушылар бар. Сонымен қатар, чех халқының көпшілігі де американдық зымыран-қорғаныс жүйесінің радар бөлшегін орналастыру жоспарына наразылықтарын білдіріп жатқандығы белгілі.

Чехия астанасы - Прагада ел басшылығымен келіссөздер өткізген АҚШ президенті Дж. Буштың басты алға қойған мақсаты - көптен бері сөз болып келе жатқан Европада зымырандық қорғаныс жүйесінің радарлық бөлшектерін орналастыру мәселесінде барлық тараптарды бір-біріне жақындастыра түсу, бір мәмлеге келуге тырысу. Сейсенбі күні таңертеңгісін сағат 10 жарымнан бастап Дж. Буш Чех президенті В. Клауспен және премьер-министр Мирек Тополанекпен кездесті.

Бұл сөз болып отырған жоспарға Ресей президенті В.Путиннің қатты қарсы болғаны және оның Ресей зымырандары Еуропадағы ол нысаналарды көздеу арқылы жауап береді деп атап көрсеткені белгілі. Ал АҚШ үкіметі мен НАТО болса, Путиннің бұл мәлімдемесін “жеміссіз” деп сынаған болатын.

Вацлав Клауспен сөйлесулер үстінде АҚШ президенті Дж. Буштың айтқандары Чехияға да, Ресейге де бағытталды десе болады. Ол қазір қырғи-қабақ соғыс аяқталды, бұл жоспардан Ресейдің қорқуының реті жоқ деп атап көрсетті.

- Зымырандық қорғаныс жүйесінің бір мақсаты - еркін тәуелсіз елдерді бақылаудан шығып кеткен жүйелер тарапынан болуы мүмкін зымырандық соққыдан сақтау болып табылады. Бұл әлемге шынымен де қауіп. Мен Путинге Ресей бізге жау емес деп айттым. Біздікі сияқты еркін қоғамның жауы өз идеяларын жүзеге асырғысы келетін экстремистер мен радикалдар, бұзықтар жүйесі, - деген Дж. Буш чех халқы Америка мен Ресейдің екеуінің бірін ғана дос деп қарап, таңдауының қажеті жоқ, олардың екеуі де достық пиғылда бола алады дегенді айтты.

Вацлав Клаус Дж. Бушпен бұл мәселенің маңыздылығы турасында, чех халқының оған салқынқанды қарап отырғаны, Ресей президентімен радардың шындығында нені көздейтіні турасында талқылағандарын айтқан:

- Әрине, біздің жерімізде және көршілес Польша жерінде АҚШ-тың әскери базасын орналастыру жөнінде біз талқыладық, мен және президент Буш екеуміз бұл мәселеде келістік. Менің ойымша, және бір маңыздысы, президент Буш бұл мәселені Ресей мен оның президенті В.Путинге түсіндіруге бар күш-жігерді жұмсайтын боламын деп айтты.

Осы күні түстен кейін Дж. Буш Чехияның бұрынғы премьер-министрі осы мәселеге қатысты парламентте қарсылық білдіріп, радарды орналастыруды шешу үшін бүкілхалықтық референдум өткізілсін деп талап етіп отырған Иржи Пароубекпен кездесуі тиіс болатын.

Чехтың "Млада фронта днес" деп аталатын басылымы Буштың Пароубекпен кездесуі бұл сапар үшін өзгеше жағдай деп жазды. Қорғаныс зымыран жүйесінің радар бөлшектерін Чехия жеріне орналастыруға қарсылық білдірушілер денсаулық пен қауіпсіздік мәселелеріне және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне алаңдайды. Олардың бірқатары зымырандық қорғаныс жүйесінің бөлшектері орнатылған соң, бұл аймақ лаңкестердің нысанасына айналуы мүмкін деп қорқады.

Прагадағы Нью-Йорк университетінің директоры, чех саяси талдаушысы Иржи Пех былай дейді:

- Көп адамдарды алaңдататын мәселенің бірі - олар шындығында, екі ел де, демек Польша мен Чехияның екеуі де НАТО-ның мүшесі болғанына қарамастан, бұл жоспар АҚШ пен Чехияның арасындағы екіжақты келісім бойынша жүзеге асырылғалы жатыр деп біледі. Сөйтіп, көпшілігі бұл неге НАТО-ың бастамасы емес деп түсіне алмайды.

Дегенмен де Прагадағы бүгінгі келіссөздер барысында АҚШ президенті Буш зымыран қорғаныс жүйесін бөлшектерін орналастру жоспары НАТО-ың үйлестіруімен, қатысуымен жүзеге асырылатын болады деп маңыз бере айтты.

Саяси талдаушы Иржи Пех Буштың Прагадағы сапары бұл мәселе бойынша пайдадан гөрі зиян әкелуі мүмкін деген пікірін білдіреді. Праганың батысындағы радар орнатуға ұсынылған бес қалада өткізілген референдумда дауыс беруші жергілікті халық бұл жоспарға қарсылықтарын білдіріп жауап берген. Пароубектің оппозициялық социал-демократтар партиясы ұлттық референдум өткізуге шақырған болатын. Ал премьер-министр Тополанек болса, референдум қажет емес деп есептейді.

Тіпті, Чех парламенті зымырандық қорғаныс жүйесінің радар бөлшектерін орнатуды мақұлдап дауыс берсе де, бұл мәселе күрделі қалпында қалуы мүмкін, өйткені коалициялық билік парламенттегі 200 орынның тең жартысына ғана ие. Жоспардың жолы ашылуы үшін кемінде оппозициялық бір заң шығарушы радар орнатуды мақұлдап жауап беруі қажет болады.
XS
SM
MD
LG