Accessibility links

АҚШ президенті Джордж Буштың мәлімдеуінше, Ресей демократиялық реформалардан артқа қарай шегінген. Бұл туралы Джордж Буш сейсенбі күні Прагада өткен “Демократия және қауіпсіздік” деп аталатын конференцияда айтты. АҚШ президенті, сондай-ақ, ашық қоғамдар “әр жерде әртүрлі жылдамдықпен” құрылады, бірақ белгілі бір құндылықтар барлық демократия үшін ортақ болады деп мәлімдеді.

Президент Джордж Буштың Прагадағы мәлімдемесі АҚШ-тың бостандық жөніндегі күн тәртібіне арналады делінді.

“Демократия және қауіпсіздік” деп аталатын конференцияға әлемнің әр түкпірінен келген диссидентер мен белсенділер қатысты. Бірақ бұл жиынға қатыса алмай қалған диссидентер де болды.

“Тағы басқа көптеген диссидентер бізге қосыла алмады, себебі олар әділетсіз түрмеге жабылған немесе үй қамауында отыр. Осындай конференцияларға Беларус елінен Александр Казулин, Бирмадан Онг Сан Су Кю, Кубадан Оскар Елайяс Бисет, Вьетнамнан Уин Ван Ли, Мысырдан Айман Нур сияқты белсенділердің қатысуларын асыға күтемін”, - деді Буш.

Оның атап көрсетуінше, “бүгінгі демократиялық диссидентер ертеңгі демократиялық лидерлер” болып табылады. Вашингтон әлемдегі диссиденттерге қолдау көрсетуін күшейту мақсатында жаңа шараларды қолға алады деп мәлімдеді Буш.

Ол, сондай-ақ, өзін қарсы алып отырған ел Чехияның тарихын еске түсіріп, коммунистік басқарушылардың Вацлав Хавел сияқты диссидентердің ниеттеріне сай келмейтіндігі дәлелденді деді. Осы орайдағы сабақ: “Бостандыққа қарсылық көрсетуге болады, бостандық кешігуі мүмкін, бірақ азаттықты теріске шығаруға болмайды”, деді Буш.

Президент Буштың айтуынша, кей елдерде біраз алға жылжушылық болса да, жалпы әлемде еркіндікке шабуыл жасалуда. Вьетнамнан Өзбекстанға дейінгі елдерде адам хұқтары тапталып жатыр, белсенділер түрмеге жабылуда. Бұл уайымдатарлық жайттар бірақ оптимизмге де бірқатар себептер бар, деді Буш.

“АҚШ демократиялық жобаларды қаржыландыруын дерлік екі есеге көбейтті. Таяу Шығыстағы екпінді азаматтық қоғамды алға тарту мақсатында “Болашақ үшін Форум” деп аталатын бастама арқылы Үлкен Сегіздік тобындағы әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, Украина, Грузия және Қырғызстандағы жаңа демократиялармен ынтымақтасудамыз”, - деді Буш.

Оның атап көрсетуінше, АҚШ-тың Мысыр, Сауд Арабиясы және Пәкістан сияқты серіктестеріне демократия бағытында жылжуға шақырулар айтылып жатыр.

Америка мұндай мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын сақтай отырып, сонымен қатар бір уақытта оларды демократияға қарай итермелей береді деп мәлімдеді Буш.

Ал енді Ресейге келетін болсақ, АҚШ-тың Чехия мен Польшада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарына байланысты Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар шиеленісіп отыр. Ресей президенті Владимир Путин егер осы жоспар іске асырылатын болса, онда Ресей өз зымырандарын Еуропадағы нысаналарға қарай бұруы мүмкін деп ескерткен болатын.

Сейсенбі күні президент Джордж Буш АҚШ-тың жоспары жөнінде Чех лидерлерімен келіссөз өткізді. Ресей АҚШ-тың жауы емес, Кремль бұл жоспардан қорықпауы керек деп мәлдімдеді Буш.

Өз сөзінде президент Буш АҚШ пен Мәскеу өзара мүдделер мен сондай-ақ келіспеушіліктер болған комплексті қарым-қатынастарға ие деп атап көрсетті.

“Азаматтарға құқықтар уәде етілген Ресейде реформалар ізінен шығып кетті. Ал бұл демократиялық даму үшін проблема туғызуда. Жақсы қарым-қатынаста болудың бір бөлігі ретінде өзара келіспеушіліктеріміз туралы ашық сөйлесе алуымыз керек. Сол үшін АҚШ өз ұстанымдары мен құндылықтарынан бас тарпастан, Ресей және Қытаймен қарым-қатынас құруын одан әрі жалғастырады”, - деді Буш.

Джордж Буш АҚШ-тың Еуропада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспары жөнінде және тағы басқа келіспеушіліктер жайында Ресей президенті Владимир Путинмен жақында тікелей талқылай алады.

Себебі екі ел президенттері маусымның 6-да Германияда басталатын Үлкен Сегіздік саммитінде кездеседі.
XS
SM
MD
LG