Accessibility links

Алматыда Рахат Әлиевтің елге қайтарылуын талап еткен акция өтті


Маусымның 6-сы күні Алматыдағы Қаныш Сәтпаев пен Ахмет Байтұрсынұлы көшелері қиылысындағы «Астана» қонақ үйі алдында Қазақстанның бірқатар ұлтшыл патриотшыл бағыттағы ұйымдары мен қозғалыстары Қазақстан президентінің күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, қазір Венадағы үйінде Австрия полициясының бақылауында отырған Рахат Әлиевтің елге қайтарылуын талап етіп акция өткізді.

Акцияға қатысушылар, шамамен 30 шақты адам, «Р.Әлиев Қазақстанға қайтарылсын», «Р.Әлиевтің соты Қазақстанда болуы керек», «Рахат халықтық сотқа тартылсын», «Ұрлаған дүниесін халыққа қайтарсын» деген жазулар ұстап тұрды. Жиналғандар алдында Республикалық «Желтоқсан -86» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүнісқызы ұлтшыл патриоттық ұйымдар атынан Р.Әлиевтің Қазақстанға қайтарылуын талап еткен мәлімдеме жасады.

- Дүниежүзіндегі барлық елдерде ең басты ауыр қылмыс - адамды еріксіз бас бостандығынан айыру болмақ. Бүгінгі күні Р.Әлиев ең ауыр қылмыс жасап отыр. Сондықтан, әрбір демократиялық мемлекет Р.Әлиевке саяси баспана беруден бас тартқандары жөн. Біз, қазақстандық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, Австрия мемлекетінің өкілетті органдары Р.Әлиевті Қазақстанның құқық органдарының өкілдеріне табыстап, осындай жолмен өзінің демократиялық мемлекет екенгдігін дәлелдейтініне сенімдіміз, ары қарайғы істі Қазақстанның халықтық соты әділ шешуі тиісті, - деді Гүлбахрам Жүнісқызы.

Бұдан соң қонақ үйдің күзет қызметкерлерінің рұқсатымен Республикалық «Желтоқсан -86» қозғалысының төрайымы Г.Жүнісқызы ішке кіріп, қонақ үйде орналасқан Австрия консулының көмекшісіне ұлтшыл партиоттық ұйымдар атынан Р.Әлиевтың елге қайтарылуын талап еткен талап хатты табыс етіп шықты. Австрияның Қазақстандағы бас консулы Клаус Райнхоффер мырза бұл уақытта жұмыспен Астана қаласында болғандықтан, талап-хатты оның көмекшісіне тапсырдым, консул дүйсенбі күні Алматыға оралған соң талап хатқа қатысты өз жауаптарын беретін болды, деді ол.

Ресми тіркелмеген «Алаш» халықтық партиясының мүшесі Сейтай Әденұлының пікірінше, президенттің үлкен күйеу баласы Р.Әлиев қалайда Австрияда паналап қалуды ойластырып отыр. Оның айтуынша бұл мәселеде Қазақстан билігі қате іс істеп алған, өйткені ең дұрысы Р.Әлиевті елші қызметінен алмай тұрып оны Қазақстанға шақырып алып содан кейін тұтқындау керек болған. Алайда әліде кеш емес, оны қалайда Қазақстанға алдырып содан кейін сот болуы керек дейді ол.

Австрияның құқық қорғау орындары маусымның 1-і күні Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевті Қазақстанның сұрауы бойынша тұтқындаған болатын.

Алайда, Р.Әлиевтің адвокаттары маусымның 3-і күні Австрия полициясына кепілдік үшін бір миллион евро төлеп, президенттің күйеу баласын қамаудан босатып алды. Бірақта Р.Әлиев ешқайда кетпейтіндігі жөнінде полицияға өзінің қолхатын берген. Ол өзінің жүріп тұрғаны жөнінде күнделікті полицияға хабардар етіп отыруы тиіс.
XS
SM
MD
LG