Accessibility links

Германияда үлкен сегіздік елдерінің саммиті басталды


Германияның Хейлигендам қаласында басталған Үлкен 8-дік ұйымы саммитінің алғашқы күнінде, күн тәртібіне қойылған басты мәселелердің бірі - климаттың өзгеру проблемалары қаралады. Германия тарапы, 2050-ші жылға қарай ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін 50 пайызға азайтуға арналған келісімге қол жеткізуді мақсат тұтуда. Ал Құрама Штаттары мұндай ұсыныспен келіспейтіндігін айтып отыр.

Үлкен 8-дік ұйымының бейсенбіде басталған бұл жолғы саммиті өтіп жатқан ел - Германияның канцлері Ангела Меркель әлемдік сауда мен сыртқы саясат сауалдарында жауапкершілік сезімі күшейе түсуі керек деді.

“Ғаламдандыру сауалдарына адамзаттың қажеттіліктері тұрғысынан келудің керектігі осы Үлкен 8-дік саммитінен таралатын мәселе болуы тиіс. Атап айтқанда; кедейлікпен күрес, инвестиция еркіндігіне кепілдік, ғаламдандыру үдерісінің әлеуметтік өлшемдерін назарда ұстау, әлемдік сауданы өрістету, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі жанжалдарды қалай ауыздықтауға болады, деген сауалдарды ойластыруымыз қажет”, деді Меркель ханым.

Сөз жоқ, әрине, климаттың өзгеру үдерісі Үлкен 8-дік саммитінің күн тәртібіндегі басты мәселе болып отыр. Осы басқосу қарсаңында Германия тарапы мынандай мақсатын білдірген болатын. Атап айтқанда, 1990-шы жылмен салыстырғанда 2020-шы жылға қарай ауаға бөлінетін зиянды газ көлемін 20 пайызға қысқартуға өнеркәсібі дамыған елдердің міндеттеме алуына, аталған Хейлигендам саммитінде, қол жеткізу. Германия мен Еуропа одағы ұзақ мерзімдік деңгейден алғанда, 2050-ші жылға қарай ол көрсеткішті 50 пайызға қысқартуды көздеуде. Алайда, мұндай нәтижелерге бұл жолғы саммитте қол жеткізу неғайбіл болуда.

Киото хаттамасына қол қоймаған Құрама Штаттар зиянды газдар бөлетін нысаналарға шектеу қоюға қарсы болып отыр. Ғаламдық жылымықтану проблемасының бар екендігін АҚШ мойындайды. Және оған байланысты баламалық ұсыныс та жасап, Буш әкімшілігі бұл проблеманы жаңа технология қолдану арқылы шешуді қалайтындығын айтып отыр. Ауаны көбірек ластаушы Үндістан және Қытай сияқты дамушы елдерді де бұл проблеманы шешу қадамдарына қосуды АҚШ қалауда.

Журналистерге берген жауабында АҚШ президенті Джордж Буш: “Қытай мен Үндістан іске қатыспайынша, ауаға бөлінетін улы газдардың көлемін азайтуда біз табысқа жете алмаймыз. Осы мәселені шешкісі келетін елдер мен Қытай сияқты дамушы елдерді келіссөз столына әкелу ісінде біз арадағы көпір болуымыз керек”, деді.

Әлем бойынша ауаға бөлінетін улы газдар көлемінің жартысынан көбісі Қытай, Үндістан және Құрама Штаттар үлесіне тиеді екен.

Киото келісімінің уақыты 2012-ші жылы бітеді. Содан кейінгі әрекеттер жөніндегі өз ойларын президент Буш маусымның 6-сы күні канцлер Меркельге білдірген болатын. Сол кезеңдерде ауаға бөлінетін улы газды азайту ісінде Германиямен бірлікте жұмыс істегісі келетіндігін, сондай-ақ энергия саласындағы тәуелсіздікке қол жеткізу қажеттігін Буш айтты. Бұл саммитте ауа райының өзгеруіне орай кейбір міндеттемелер қабылданар, деген үмітін Британия үкімет басшысы Тони Блейр де білдірді.
XS
SM
MD
LG