Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.07.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі шетелді бас сауғалап жүрген Әкежан Қажыгелдин марқұм әкесінің басына топырақ салуға келе алмағанды туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттерде із-түссіз жоғалып кеткен «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің туған-туыстарының халыққа үндеуі басылса, тағы бір газет жаңадан құрылғалы жатқан «Халық рухы» партиясы алғашқы құрылтайын өткізетін жер таппай жүргендігіне тоқталып өтіпті.

Шетелде мәжбүрлі түрде қашып жүрген қазақстандық оппозиция қайраткері Әкежан Қажыгелдин Семейде қайтыс болған марқұм әкесінің басына топырақ сала алмағандығы туралы «Политика.kz» апталық басылымында баяндалған. «Аса құрметті адам дүниеден өтті. Қазақтар мұндайда адамгершілігі бар еді деп айтады. Өкінішке орай, өмірден өткен бұл кісіге опасыздық жасады. Мұндайларды біз адамгершілігі жоқтар деп атаймыз» делінген мақалада. «Бұлар үлкен баланың өз әкесін соңғы сапарға шығарып салуына кедергі келтірді. Өйткені, үлкен бала олар үшін қылмыскер. Бірақ тарихта темір тордың арғы жағындағы кәнігі қылмыскерді де ата-анасының басына топырақ салуға босатқандығы туралы мысалдар жетерлік» деп жазды «Политика.kz» газеті. Сондай-ақ, мақала авторы қазақтарда үлкен балаға жүктелген міндет жоғары екендігіне мән беріп отыр. «Бірнеше жыл бойы ол елден жырақта жүр. Мүжбүрлі түрде. Әрине, әке оны сағына күткен еді. Мүмкін, ол баласына көптеген нәрселерді айтуға үлгермеген де болар. Егер баланы қазаға қатыстырғанда, әкенің жаны жай табар еді..» деп түйіндейді «Политика.kz» газеті.

Бұл уақытта «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің қайда екендігі туралы ақпаратқа сыйақы берілетіндігі жөнінде үндеу «Время» газетінде жарық көріпті. Қазақстан азаматтарына арналған бұл үндеуді Темірәлиевтің туған-туыстары мен достары жазып отыр. «Егер біздің ұлымыздың қайда екендігін немесе оны кімдер ұстап отырғандығы туралы білетін болсаңыз, бізге міндетті түрде хабар беріңіздер. Кез-келген ақпарат біз үшін өте маңызды» делінген үндеуде. Сонымен қатар, хат иелері ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы ұрланған азаматты өз еркімен босатқан адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылатындығы туралы екендігін ескертіп отыр. «Жолдасты ұстап отырған адамдардан оны босатуын өтінеміз» деп жазылған Темірәлиевтің жақындарының «Время» газетіне жариялаған үндеуінде.

«Нұрбанк» акционері Рахат Әлиевтің Австриядан жолдаған хаттары туралы «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтың мақаласы «Свобода слова» газетінде жарық көріп отыр. «Отаннан қол үзуі Рахат Әлиевке жақсы жағынан әсер ете қоймапты, керісінше кемшілік тұстары одан әрі үдей түскендей» делінген мақалада. «Дунай өзені бойында серуендеп жүріп, ол Қазақстанда оппозиция жоқ деп әңгіме айтады. Ал сонда Әлиев 90-шы жылдардың аяғында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеп жүрген кезде кіммен күрескен еді?» деген сауал тастайды мақала авторы. Одан соң оппозициялық көзқарасы үшін шетелге қуылғандарды, сонымен қатар жұмбақ жағдайда опат болған кісілердің есімін тізе келе, «Рахат Әлиевтің тірілерге жала жауып, өлілердің қабірін таптауын қаламаймын» деп жазды Болат Әбілов «Свобода Слова» газетіндегі мақаласында.

Бұл уақытта Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов өзі құрған «Халық рухы» партиясының құрылтайын өткізетін орын таппай жүргендігі туралы мақала «Жас Алаш» газетінде жарық көріпті. «Құрылмай жатып кедергілерге көп ұрынған «Халық рухы» демократиялық партиясының алғашқы құрылтайы маусымның 10-күні Алматыда өтеді деген хабар баспасөз беттерінде жарияланған болатын. Осыған орай Мұхтар Шахановқа хабарласқанымызда, партия басшысы әлі күнге дейін Республика сарайын ала алмай жанталасып жүргенін білдік» делінген мақалада. «Бір ай бұрын ақшасын төлеп, сарайды жалға алғанбыз, бірақ әбден тақалғанда түрлі сылтаулар айтып, айнып қалып отыр, дейді М.Шаханов. Дегенмен, қолымызға тиген шақыру қағазында жаңа партияның тұңғыш құрылтайы Республика сарайында өтетіндігі көрсетілген» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Ал «Түркістан» газеті болса бұған дейін «Халық рухы» партиясының құрылуына қарсы шыққан қарапайым инженер Геннадий Беляковтың сұхбатын жариялап отыр. «Ол таяуда сөз болып отырған партияға қарсылық танытқандай еді, алайда Геннадий Беляков газетке берген сұхбатында өз ойынан тайқып шығып, партияны қолдайтынын мәлімдеді» делінген мақалада. «Мен қазақ тілін қолдаймын. Бұл мәселені сабырлы түрде көтере білу керек. Билік басында қазақтар отыр. Мемлекет тіл үйретуге қаржы бөліп жатқан болар. Бірақ бұл қаржы баяғы дағды бойынша «бір жаққа» кетіп жатқан шығар» депті Геннадий Беляков «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG