Accessibility links

Алматыда ескерткіш жанына келіп, көзі тірісінде оппозиция белсендісі болған марқұм журналистің рухына өлең оқыған адамды бұл жолы полиция ұстамады


Маусымның 7-күні, яғни оппозициялық журналист Батырхан Дәрімбеттің дүниеден өткеніне 2 жыл толуына орай, оның достарының бірі, зейнеткер Бекен Жәмелов Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында жиналған көпшілікке өлең оқып берді. Батырхан Дәрімбет 2005 жылғы бірінші маусымда Тараз қаласының маңында көлік апатына ұшырап, бір аптадан соң ауруханада көз жұмған еді. Алайда оның туған-туыстары мен достары журналисті әдейі өлтірткен деген пікірден таймай отыр.

67 жастағы зейнеткер Бекен Жәмелов қоғамдағы саяси оқиғаларға бей-жай қарағысы келмейтіндігін айтады. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде қазақтың бетке ұстар азаматтарының белгісіз жағдайда қаза тауып немесе шетелге қуылғанын Бекен ақсақал саяси репрессия деп есептейді.

- «Репрессия» жүріп жатқаннан кейін, көп азаматтар қайтыс болып кетті, көбісі сотталып жатыр, бірқатары шетелге қуылды. Соған байланысты өзіме мақсат қойдым – қасықтай қаным қалғанша қазақ халқын азаттыққа шығару үшін күресу. Ал бүгін осында өлең оқып, марқұм Батырхан Дәрімбетті, сол секілді қазақтың алтындай, өмірден ағып өткен жұлдыздарын еске түсіруге келіп отырмын, - дей келе Бекен ақсақал Тәуелсіздік монументінің қасына барып, өзінің өлеңдерімен қоса бірқатар ақындардың шығармаларын оқи бастады:

- Мен, мен едім, мен едім, Алтынбектің барында екі тарлан бөрі едім...

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымдағы Бекен Жәмеловтың өткір өлеңдерін қалалық құқық органдары қызметкерлері де бақылап тұрды, бірақ олар бұл жолы кешегідей ешкімді ұстаған жоқ. Маусымның 6-күні Алматы полициясы Тәуелсіздік монументі алдында өлең оқыған төрт азаматты ұстаған болатын, алайда Бостандық аудандық прокуратурасы олардың әрекетінде заңсыздық жоқ екендігін белгілеген соң жаңағы азаматтар босатылды.

Осылайша Бекен Жәмеловтың өлеңдері қоғамдық көпшілік орында еркін оқылды. Жиналған қауым марқұм Батырхан Дәрімбетті еске алды. Солардың ішінде билік тіркемей отырған «Алға» партиясының белсендісі Әлихан Рамазан осыдан екі жыл бұрынғы оқиғаны былайша еске алды:

- Батырхан Дәрімбеттің ісін қайта қарау керек. Мен сол орында болдым. Мүмкін емес: екі көліктің бір-біріне шығып, олардың аударылып қалуына!..

Тағы бір қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина соңғы жылдары қазақ қоғамында құпия өлімдердің кезектесіп келуінде бір сыр бар секілді деп есептейді.

- 2003 жылдан бері қарай алатын болсақ, алдымен Алексей Пугаев, одан соң Асхат Шәріпжан, Нури Муфтах, Батырхан Дәрімбет көз жұмды. Қарап отырсаңыз, бұл қазалардың осылайша кезектесуінде бір құпия бар секілді. Әрине, дәлел жоқ. Бірақ, уақыттың өзі барлығын өз орынына қояды, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Ал тәуелсіз журналист Қазис Тоғызбаев болса Батырхан Дәрімбетті демократияның нағыз жақтаушысы ретінде біледі.

- Ол өзінің ұлттық тегін мейлінше жақсы сезіне отырып, отансүйгіштік қасиетімен қоса демократиялық құндылықтарды терең түсіне білген адам. Ол қазақ интеллигенциясы үшін орны бөлек тұлға болатын, - дейді Қазис Тоғызбаев.

«Азат» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Азаттық» радиосының тілшісі болған Батырхан Дәрімбет 2005 жылғы маусымның бірі күні Тараз қаласынан 120 шақырым жердегі Луговой кентінің маңында көлік апатына ұшырады. Ал бір аптадан соң, маусымның 7-күні, Тараз қалалық ауруханасында қайтыс болды.
XS
SM
MD
LG