Accessibility links

Петерборда ТМД елдерінің саммиті өтпекші

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Үлкен 8-дік ұйымының саммитінен кейін Ресей президенті Владимир Путин Санк-Петербордағы ТМД саммитіне және халықаралық инвестиция форумына қатыспақшы. Ал, оппозиция күштері болса, сол кезеңдерде қарсылық шерулерін ұйымдастыруды жоспарлауда.

Демалыс күндері Ресейдің Санк-Петербор қаласында ТМД басшыларының басқосуы болады. Оның қазіргі атқарушы хатшысы Владимир Рушайлоның міндеті маусымның 14-де тәмам болмақшы. Хабарларға қарағанда, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Александр Вешняков осы қызметке кірісетін сыңайлы. Вешняковтың бұл тағайындалуы бұрынғы Совет үкіметі республикаларындағы сайлау үдерістерін бақылау ісінде ТМД ұйымы белсенді және жеке-дара болады, деген ойды білдіреді, дейді сарапшылар. Батыстық сайлау бақылаушылары шыншыл емес. Ол сындар негізінен Ресейге қарсы бағытталған деп, бұған дейін Ресей тарапы талай рет айтып келген болатын. Сонымен бірге саммит барысында оның басшыларының өзара бейресми жағдайда кездесулеріне мүмкіндік туатын сыңайлы. Мысалы Армения және Әзірбайжан президенттері Таулы Қарабақ жанжалының шешімі жөнінде маусымның 10-да сөйлеспекші. Ал, Путин болса Грузия президенті Михайл Саакашвили, Молдова президенті Владимир Воронин және Украйна президенті Виктор Юшенкомен кездеседі, деп күтілуде.

Маусымның 8-і мен 10-ы аралығында Санк-Петерборда болатын халықаралық Экономикалық форумға 10 мыңдай халықаралық инвесторлар және басқа да қонақтар қатыспақшы. Олардың ішінде саясаткерлер, ресмилер, Ресей және шетелдік компаниялардың басшылары бар. Ресей президенті Путин осы жиында сөз сөйлеп, Ресей мен Батыс арасында жаңа Қырғи қабақ соғысы басталуы мүмкін деп, қорқып қалған, үркек инвесторларды тыныштандыруға тырыспақшы. Сондай-ақ осы форум сыртында шетелдік 100 шақты ұйымдар өкілдері Путинмен жабық есік жағдайында кездесу мүмкіндігіне ие болмақшы.

“Ресей әлемдік арнада” атты журнал басшысы Федор Лукьяновтың айтуынша, “Әрине, Путин мырза Батысты, әсіресе оның капиталын тыныштандыруға тырысады. Мұның өзі әсіресе, Тони Блейрдің кешегі интервьюінен кейін тіпті қажет болуда. Бұл тақырып Үлкен 8-дік басқосуында да бейресми түрде талқыланбақшы”, деді Лукьянов.

Британия үкімет басшысы Тони Блейр маусымның 6-сы күні сөйлеген сөзінде, “Егер Ресей демократиялық реформаларды кері кетіре беретін болса, онда ол елден Батыстық инвесторлар жаппай кететін болады”, деген еді.

Басқа Ресей атты оппозициялық топ болса сенбі күні наразылық шеруін өткізбекші. Бұл жолы жергілікті билік ол шерулердің өткізілуіне рұқсат беріп отыр. Прагадағы конференция кезінде, Азаттық радиосына берген сұхбатында оппозиция белсендісі Гари Каспаров мұндай рұқсаттар Батыстың сынынан кейін ғана мүмкін болып отыр, деді. Шеруді өткізуге Санк-Петерборда беріліп отырған жерге де оның көңілі толады екен. Дей тұрғанмен, шерулер барысында полиция немесе Кремльшіл жастар тарапынан бопсалаулар болуы мүмкін деп ол алаңдаушылығын білдірді. Бұл шерулердің бейбіт түрде өтуі үшін оны ұйымдастырушылардың барлық мүмкіндікті жасайтындығына Каспаров уәде берді.
XS
SM
MD
LG