Accessibility links

Қазақстан президенті тұңғыш рет интернет-мәслихатын өткізді

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

7 маусым күні ҚР президентінің халықтың сұрақтарына интернет арқылы тікелей жауап берген тұңғыш интернет-мәслихаты өтті. Астана сағаты бойынша таңертеңгі 10 мен 13 аралығында өткен интернет-мәслихатта президент электронды пошта арқылы келіп түскен көптеген сұрақтарға жауап берді. Мәслихатта президент Батыс Қазақстан облысында тұңғыш атом электр станциясының салынатындығын, алдағы жылдары білім саласы және спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп, мол қаржы жұмсалатындығын, оң жақ рөлді автокөліктерді пайдалану мәселесін үкімет қарауына қайта беретіндігін айтты. Сондай-ақ, президент бұқаралық ақпарат құралдарын «Нұрбанкке» байланысты қылмыстық іс бітпейінше, оның жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.

Астана уақыты бойынша күндізгі 13 сағат 12 минутта аяқталған интернет-мәслихатқа ұзын саны 5195 сұрақ келіп түскені хабарланды. Оның ішінде 924 сұрақ білім және ғылым, 514 тұрғын үй саясаты, 173 көлік және коммуникация, 135 зейнетақымен қамтамасыз ету, 127 денсаулық сақтау және тағы басқа тақырыптарға арналды. Сұрақтардың тек 35-іне ғана жауап беріп үлгерген Нұрсұлтан Назарбаев халық көкейінде жүрген біраз мәселелердің бетін ашып берген сияқты. Мысалы, ол оң жақ рөлді автокөліктердің мәселесі қайта қаралатынын айтса, Рахат Әлиевке қатысты сұрақтарға «оның ақ-қарасын тек сот қана анықтап береді» деді. Сондай-ақ, президент аузынан шыққан елең етерлік жаңалықтардың бірі - Батыс Қазақстан облысында салынатын тұңғыш атом электр станциясы және спортты дамытуға 2011 жылға дейін 107 миллиард теңге қаржының бөлінетіндігі. Сондай-ақ президенттің жеке басына да қатысты қойылған сұрақтар аз болған жоқ. Ал интернет-мәслихатқа тікелей қатысқандар одан әр түрлі ой түйгендерін айтады.

Республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Құбаш Сағидоллаұлы бұл мәслихатта үлгі етерлік нәрселер көп болды дейді.

- Елбасы барлық сұрақтарға жауап бере алмайды ғой. Әйтеуір маған қажетті тұрғын үйге қатысты сұраққа жауап беріпті. Мен президенттен мемлекеттің идеологиялық бағыт-бағдарының алдағы дамуын да естігім келіп еді. Жалпы айтқанда, президентіміз демократиялық мемлекеттің басшысына тән өзінің жариялылығын паш етті. Көкейкесті сұрақтарға жауап беруге дайын екендігін байқатты, - дейді Құбаш Сағидоллаұлы.

Ал Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов бұл мәслихаттағы жасандылықтың кесірінен, қоғамды толғандырған шын мәніндегі көкейкесті, өзекті мәселелерге жауап берілмей қалды деген пікірде.

- Дәл осындай іс-шаралар маған елбасының облыстарда, аудандарда өтетін кездесулерін еске түсіреді. Яғни онда, үлкен залға бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер, билікке жақын бизнес өкілдері жиналып алып, билікке жағатын сұрақтар қояды да, соларға тойып қайтады. Қазіргі интернет-мәслихат соған ұқсап отыр. Мұндай интернет-мәслихаттар керек. Бірақ, дәл қазіргі кезде қордаланып қалған мәселелерді талқылау төңірегінде бұл форма жеткіліксіз деп ойлаймын, - дейді Әміржан Қосанов.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, президенттің Рахат Әлиевке қатысты қойылған сұрақтарға берген жауабынан біраз жайтты аңғарғанын айтады.

- Рахат Әлиевтің ісі бірте-бірте сиырқұйымшақтанып кететін түрі бар. Оны соттаса да, шартты түрде ғана соттауы мүмкін. Маған осы ойынның бәрі Рахат Әлиевке жасалып жатқан ескерту сияқты болып көрінеді. Мен екі жақта да кінә бар деп ойлаймын. Өйткені, екі жақ та үнсіз отырған жоқ, - дейді Әзімбай Ғали.

Қазақстан президенті интернет арқылы тікелей жауап беріп үлгермей қалған сұрақтарға 30 күн ішінде жауап дайындалатын болады деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG