Accessibility links

Бұған дейін «Әділетті Қазақстан үшін» сайлау алды блогын құрған оппозициялық бағыттағы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Нағыз Ақ жол» партиясы қосылып, бір партияға айналмақ. Бұл туралы дүйсенбі күні Алматыда қос партияның лидерлері мәлімдеді. Олар партиялардың қосылуы ешқандай саяси науқанмен байланысты емес, мақсат - күшті оппозиция құру десе, сарапшылардың дені мұны Қазақстанда «Сайлау туралы» заңға сайлауға блокпен түсуге тыйым салатын норманың қабылдану мүмкіндігімен байланыстырады.

Дүйсенбі күні Қазақстанда кезекті біріккен саяси партияның пайда болатындығы мәлім болды. Бұл туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай былайша мәлімдеді:

- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Нағыз Ақ жол» партиясының көптен бері ақылдасып шешкеніміз: алдағы уақытта айтулы жаңа күш болуы үшін, келешекте билікке келіп, елді жаңа жолмен жаңа Қазақстанға бастауға күші келетін, әлеуетті саяси ұйым болу үшін бүгін екі партия қосылып, бір партия болуға шешім қабылдадық.

Жаңадан қосылатын партияның құрылымы, атауы және басшылық жүйесі маусымның 23-іне белгіленіп отырған партиялар съезінде анықталатындығын айтады «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Төлеген Жүкеев:

- Соған дейін бәрін заң жағынан қараймыз: қай партияның атымен барамыз, қалай жасауымыз керек, бір партия ма, қосылғанда жаңа атпен жаңа партия құру керек пе, әлде қазіргі бар партиялардың атымен сайлауға түсеміз бе? Қателеспеу керек, қалай болғанда да. Өйткені, онсыз да бізге алакөзбен қарайтын билік сылтау тауып, сайлауға жібермей тастауы мүмкін.

«Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов партияларды қосудағы басты мақсат – билікке балама күш болатын демократиялық, өркениетті оппозиция құру екендігін тілге тиек етті:

- Демократиялық оппозиция – «Нұр Отанға», Назарбаевқа балама болмақ. Біз бірге жиналып, бір партия құрып, күшімізді жинап, күресуге дайынбыз! «Нұр Отанды» 100 пайызға жеңеміз!

Бұған дейін бұл екі партия сайлау алды «Әділетті Қазақстан үшін» блогын құратындықтарын айтқан болатын. Алайда, алдыңғы аптада Парламентте қаралған «Сайлау туралы» заң жобасында сайлауға блокпен түсуге тыйым салатындығын норманың бар екендігі айтылған. «Ақ жол» блогына кіретін Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов екі ұқсас оппозициялық партиялардың бірігуін құптайды:

- Бұл партиялар қоғамда бір орын алып отыр. Социал-демократиялық дегенмен, олар ондай құндылықтан гөрі «Нағыз Ақ жолдың» ізімен келе жатқан секілді. Президент сайлауында да бір бағытта насихат жұмысын жүргізгенін еске алсақ, олардың қосылғанын дұрыс деп есептеймін.

Өз кезегінде «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов өздерінің де «Әділет» партиясымен бірігуін жоққа шығармайды. Ал Қазақстанның патриоттық партиясымен «Бірлік» блогына кірген «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев қазіргі таңда өздерінің әрі-сәрі күйде екендіктерін айтты:

- Неге блоктарға қарсы шығып, ондай заң болды - оны да түсінген жоқпын. Басында блок болсын деп, блок құрдық. Олар да блок жасады. Ал енді неге блокпен түсе алмайды? Блок болмайды деген соң, қосылып жатқан шығар бұл партиялар. Осылай, саясатты ойыншыққа айналдырдық қой?! Басшылық не айтады, - сол болады.

Егер оппозициялық екі партия бірігіп жатса, бұған дейін Қазақстанның Коммунистік партиясымен бірігетіндіктерін мәлімдеген Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының басшылығы, сайлау бола қалған жағдайда оған бөлек түсуге шешім қабылдағандарын мәлімдеді маусымның 11-күні. Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының белсендісі, Парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымовтің сөзіне қарағанда, «Нағыз Ақ жол» мен Социал-демократиялық партияларының бірігуі оларға тиімді болса, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясына жеке-дара сайлауға түскен оңтайлы болмақ:

- Жаңа заң бойынша блокпен сайлауға түсуге болмайды. Ал 7 пайыздық межеден өтуі үшін енді оларға қосылуға тура келіп отыр. Біз болсақ, идеологияны қараймыз, саяси ойын ойнамаймыз. Сенбі күні пленумда халық айтты: «Әбділдиннің партиясын қосылмаймыз» деп. Өйткені, егер Әбділдиннің партиясымен қосылсақ, бізді билік құлатады. Сондықтан, бөлек шығып, 7 пайыздан өтейік дедім. Халық мені қолдады.

Былтыр Қазақстанда президентті қолдайтын 4 ірі партия бірігіп, «Нұр-Отан» партиясын құрған болатын. Және олардан өзге бірқатар партиялар үш саяси блокқа біріккен еді.
XS
SM
MD
LG