Accessibility links

Қазақстан президенті Каспий мен Қара теңіз арасын байланыстыратын канал туралы бастама көтерді

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Жексенбі күні Санкт-Петербургта өткен халықаралық экономикалық форумда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий мен Қара теңізді жалғастыратын «Еуразия» кеме жүретін каналын салу туралы бастама көтерді. Қазақстанның Еуразия кеңістігінде Батыс пен Шығыс арасында көпір рөлін атқарып отырғанын мәлімдеген президент, бұл жобаның саясатқа ешқандай қатысы жоқ, ол тек экономикалық мүддені көздейді дегенді айтты.

Қазақстандық экономист Қанат Берентаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Каспий мен Қара теңізді жалғастыратын канал салу керек деген идеясын естігенде, өзінің таңданыс білдіргенін жасырмады. Оның айтуынша, Қазақстанға қазір мұндай канал салу экономикалық жағынан тиімсіз болмақ.

- Мұндай каналды қазу техникалық жағынан күрделі. Өйткені, жер бедеріне байланысты суды әр бір жерден айдап отыруға тура келеді. Каналдың экономикалық жағына келетін болсақ, мен осы канал арқылы тасымалданатын мол тауарлар түрін көріп отырғам жоқ. Мұнайымыз онсыз да мұнай құбырлары арқылы жөнелтіліп жатыр ғой. Меніңше, бұл идеяны президентке қасындағылары дұрыс түсіндірмеген. Бұл идея әзірге, фантастика сияқты. Одан гөрі Сібір өзендерін Қазақстанға тартқан әлдеқайда пайдалы әрі оған шама да келеді. Өйткені, оған техникалық-экономикалық негіздер бар. Бұл жобаның ауыл шаруашылығына пайдасы тиіп, жол бойында жатқан аймақтарды сумен қамтамасыз етер еді, - дейді Қанат Берентаев.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, президенттің Петербургта сөйлеген сөзі оның экономикалық идеясынан гөрі, Қазақстанның сыртқы саясатын реттеп алу мақсатында айтылған саяси технологияға ұқсайды дейді.

- Бұл сөз Ресеймен жақын боламын дегенді білдірсе керек. Ал Нұрекеңнің Ресеймен жақындасып кетсе, артынша Батыспен де жақын саясат ұстанатын әдеті бар. Яғни, менің ойымша, Назарбаев жақын уақытта АҚШ немесе Еуроодақ елдерімен екі араны тығыз байланыстыратын келісімдерге барады. Осындай геосаяси шебер саясат ұстанатын Назарбаев Батыспен жақындасқанда, әдетте Ресейді өкпелетпеуге тырысады, - дейді Әзімбай Ғали.

Президенттік «Нұр Отан» партиясы құрамындағы саясаттанушылардың бірі Шәріпбек Әмірбек Қазақстанға, әртүрлі қиыншылықтарға қарамастан, ондай жобаларды жүзеге асыруға болады, тек Ресей жағы Қазақстанмен каналды бірігіп салатындығы жөнінде келіссе болғаны дейді.

- О баста Баку-Жейһан құбырын да «ол күрделі жоба, қымбатқа түседі» деп еді, қазір ол жүзеге асып жатыр. 1936 жылы КСРО ойластырған жобаны қазіргі техника дамыған заманда жүзеге асыруға, әрине, мүмкіндік бар. Жалпы оған Ресей мүдделі ме, мәселе осында ғой. Ресей одан экономикалық пайда көрмейтін болса, бұл істі қолдамайды. Мысалы, мына Сібір өзендерін Орта Азияға тарту идеясы да сол сияқты, - дейді Шәріпбек Әмірбек.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов болса, өзінің тек екі теңізді қосатын канал жобасының ғана емес, құрылысы одан да оңай көрінетін Сібір өзендерін Орта Азияға тарту жобасының да орындалатынына сеніңкіремейтінін айтады.

- Каспий теңізі мұхит деңгейінен 17 метрдей төмен. Оның суын көтеру қиын болады. Ол үшін көптеген шлюздер керек, қаншама носос станцияларын қою керек. Ол сұмдық қымбатқа түседі. Меніңше, Каспий мен Арал теңізі арасын қосқан дұрысырақ болар еді. Өйткені, Үлкен Арал күннен күнге құрғап бара жатыр. Мен ол түгілі, мынау Сібір өзендерін Қазақстанға тартып, Арал теңізін толтырамыз дегенге де сенбеймін. Оны Кеңес Одағы күшейіп тұрған кезде де жүзеге асыра алмады. Ал қазір оны жүзеге асыра қоямын деу, жай сөз, популизм ғана, - дейді Мэлс Елеусізов.

Нұрсұлтан Назарбаев Каспий мен Қара теңіз арасында канал салу жайлы өз бастамасын 10 маусым күні Санкт-Петербургта өткен халықаралық экономикалық форум мен ТМД мемлекеттері басшыларының 8-ші бейресми саммитіне қатысуға келгенінде жария еткен болатын.
XS
SM
MD
LG