Accessibility links

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев Дариға Назарбаевамен арадағы некесінің ажырасқандығын жария етті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев өзін зайыбы Дариғадан қайын атасы күштеп ажырастырғанын дүйсенбі күні кешкісін Reuters ақпарат агенттігіне берген сұқбатында мәлімдеген.

«Дариға екеуміздің арамыздағы некеміздің ажырағандығы жөніндегі факс арқылы келген құжат қағаздарды менің Венадағы үйімінің қорасына біреулер әкеліп тастапты» деген Р.Әлиев Reutеrs-ке берген сұқбатында.

Ол сондай-ақ, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен арадағы некесінің ажырасқандығы туралы әлгі құжат қағаздарда өзінің сыртынан әлдекімнің жалған қол қойғанын да айтқан. Әлиев өз зайыбы Д.Назарбаеваның бұндай шешімге баруына оның әкесі – Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың қатаң талабы әсер еткендігін мәлімдепті.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Д.Назарбаева болса Рахат Әлиевтің Австрияда ұсталған сәтінен бастап әлі күнге дейін ләм-мим деп тіс жармай отыр. Депутаттың Астанадағы кеңсесі де, сондай-ақ, басшылығының құрамына Д.Назарбаева енетін «Нұр-Отан» партиясының Алматыдағы өкілдігі де оның қайда екендігінен хабарсыз айтқанынан басқа жауап қатпай отыр.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты Қазақстанда қылмыстық іс қозғалған болатын. Оған өз меншігіндегі «Нұрбанк» басшыларын ұрлаған қылмыстық топты ұйымдастырды деген айып тағылған.

Қазақстан жағы Австрия үкіметінен Р.Әлиевті Қазақстанға қайтаруды сұрап отыр. Ал Р.Әлиев болса, өзінің бұдан бұрын шетелдік ақпарат құралдарына берген сұқбаттарында, өзін Австрия үкіметі Қазақстанға қайтармайды деген сенімде екендігін қайталаған болатын. Егерде мені Қазақстанға қайтарса онда өміріме қауіп қатер болады деген ол.

Сейсенбі күні қазақстандық интернет басылымдарында Р.Әлиевке туысқандық және жолдастық жақын қарым-қатынасы бар бірқатар жоғары лауазымды адамдардың қызметтерінен кететін болғандықтары жайында хабарланды. Р.Әлиевтің туған құдасы, Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашев өзін осы қызметтен босату туралы президентке өтініш бергені жайында хабар тарады.

Осы хабарға байланысты президент әкімшілігінің баспасөз қызметінен қандай бір ақпарат алу мүмікін болмады. Ал Р.Әлиевтің тағы бір жақын адамы, Әділет министрінің орынбасары Серік Нұғманов та қызметінен босайтыны белгілі болды. Кезінде бұл кісі Қазақстанның қаржы полициясы агенттігі төрағасының орынбасары ретінде Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас кеден бекетін өз бақылауында ұстап тұрыпты.

Саясаткер Әміржан Қосанов Р.Әлиев төңірегіндегі у-шудың соңғы кезде тым саясаттанып кеткенін бұған екі жақта мүдделі болып отырғанын айтса, қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев Р.Әливке жақын туыстық және жақын жолдастық қарым-қатынастағы адамдардың жоғары лауазымнан кетірілуін дұрыс шешім деп санайды. Ал жазушы Герольд Бельгер болса осының бәрін түсінуге қиын бір саяси ойындар ретінде көретіндігін айтады.
XS
SM
MD
LG