Accessibility links

Бірыңғай ұлттық тестілеу сұрақтарының дайын жауаптарын сатып жүргендер ұсталды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті бірыңғай ұлттық тестілеу тапсырмаларының дұрыс жауаптарын сатып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлады. Күдіктелгендерден тінту барысында 25 мыңдай АҚШ доллары және екі миллионнан астам теңге ақша тәркіленген. Қылмыстық топ мүшелері тестінің дайын жауаптары жазылған дискіні бір миллион теңгеден астам ақшаға сатумен де айналысқан екен. Қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Болатбек Төлеутаевтың хабарлауынша, Қазақстанда басталған біртұтас ұлттық тестілеудің алғашқы екі күнінде 180-нен астам заң бұзу оқиғалары орын алыпты, қазір жеті азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті баспасөз қызметкері Болатбек Төлеутаевтың айтуынша, биылғы бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізу барысында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері 3 күннің ішінде 180-нен астам заң бұзушылықты айқындаған. Оның ішінде 20-дан астам талапкерлердің орнына бөгде адамдарды кіргізу оқиғасы, тестілеу өтіп жатқан аудиторияда тест сұрақтарының дұрыс жауаптарын алу үшін ұялы телефон пайдаланудың 40-тан астам фактісі, 30-дан астам рет «шпаргалка» пайдалану әрекеттері анықталған.

«Тест басталмай тұрып, сұрақтардың дұрыс жауап кодтарын сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. 11-ші маусым күні сондай жеті адам қолға түсті. Олар қаладағы әртүрлі жоғарғы оқу орындарындағы талапкерлердің тізімін және құжаттарының көшірмелерін алып, соларға тестінің дұрыс жауаптарын сатқан жерінен құрықталды. Ұсталғандардан айғақ ретінде тест сатып алған ақшалар, яғни 25 мыңнан астам АҚШ доллары және 2 миллионнан астам теңге тәркіленді. Сонымен қатар, тестінің дұрыс жауаптары бар, он мың код жазылған компакт-дискіні сату кезінде тағы бір азамат қолға түсті. Ол мұндай компакт-дискіні 1 миллион 300 мың теңгеге сатпақшы болған», - деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Болатбек Төлеутаев «Азаттық» радиосына.

Жалпы, Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан тестілеу науқаны кездері бақылау жүргізу дәстүрге айналған. Бірақ, биылғы тестілеудің бұрынғыдан өзгешелігі де болды дейді Б.Төлеутаев мырза.

«Биылғы жылғы өзгешелік - тестің дұрыс жауаптарының коды биылдан бастап мемлекеттік құпияға теңестіріліп отыр. Сондықтан, тестілеу науқаны кезінде мұны күні бұрын жария ету - мемлекеттік құпияны жария етуге жатады, яғни, қылмыс боп саналады. Тағы бір жаңалық: тест өтіп жатқан аудиторияларға мобильдік телефондар және басқа да электрондық байланыс құралдарын алып кіруге тиым салынған. Ал, биыл мобиль телефондарын алып кіру фактілері кездесіп отыр» - деді ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі.

Бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде талапкерлер мен олардың ата-аналарына тест сұрақтарының дайын жауаптарын саудалаушылардың кезіккенін сынақ тапсырғандардың өздері де айтып жүр. Алматы қаласындағы мектептердің бірінің түлегі Гүлдария өзі куә болған жайтты «Азаттық» тілшісіне былайша баяндады:

«Оқушылар дайын жауаптарды сол тестілеу өткен залдың ішіндегі алдын ала дайындаған адамдардан алды. Солар әкеп беріп жүрген. Көбісі соткамен жіберген. Кеше бәрі бір-біріне солай деп айтып жатты. Өзімнің таныстарым аудиторяға соткамен кірді. Батарейкаларын табандарына салып, ал телефондарын басқа жерлеріне салып кірді ғой. Себебі, кіргенде арнайы аппаратпен оларды тексерді, ал аудиторияның ішіне кіргеннен кейін олар жайлап телефондарын қосты. Мен SMS-тың даусын естіп қойдым, бізбен бірге сынақ тапсырып жатқан бір бала да айтты: қазір ғана біреуге sms келді деп. Олар кейін бір-біріне айтып жатты: біреуіне тест аяқталуына 15 минут қалғанда жауаптары телефон арқылы келіпті».

Мамандар Қазақстанда бірыңғай ұлттық тестілеу алғаш енгізілген 2004 жылы ғана оқушылардың білімін тестілеу таза өткенін айтады. Сол жылғы тестілеу қортындысы бойынша, Қазақстандық мектеп түлектерінің 70 пайыздайының білімі орташа 3 деген бағадан аспапты. Сол жылы ең жоғары бағаға бүкіл елде бір-ақ бала ие болған. Ал, содан кейінгі жылдары елде ондай баға алғандардың саны күрт көбейіп шыға келді.

Биыл маусымның 10-15 аралығында өтіп жатқан бірыңғай ұлттық тестілеуге Қазақстан бойынша 145 мыңдай талапкер, яғни биыл орта мектепті бітірген оқушылардың 80 пайыздайы қатыспақ.
XS
SM
MD
LG