Accessibility links

«Атамекен» партиясының саяси кеңесі шетелде жүрген партия басшысын қызметінен шеттеді

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанда әлі ресми тіркелмеген, оңшыл-орта бағыт ұстанушы «Атамекен» партиясының саяси кеңесінің бір топ мүшесі маусымның 13 күні Алматыда, осы партияның төрағасы болып келген Ержан Досмұхамедовты қызметтен шеттету туралы шешім қабылдағандарын жария етті. Партияның саяси кеңесінің мүшесі әрі партияның теңтөрағасы міндетін атқарушы Сергей Романов «Атамекен» саяси партиясының төрағасы Ержан Досмұхамедов біраз уақыттан бері елге келмей шетелде жүріп алды және партия атын жамылып, Қазақстанның қазіргі саяси жағдайы жөнінде түрлі сыни мәлімдемелер жасап, партияның жарғысы мен бағдарламасында көрсетілген бағыттан ауытқығаны үшін орнынан алынғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, биылғы жылдың басында Францияның Страсбург қаласында өткен Еуропа Одағының парламент жиынында «Атамекен» партиясының атынан Е.Досмұхамедовтың Қазақстанның бірқатар оппозициялық партия жетекшілерімен бірге жасаған мәлімдемесінен, енді «Атамекеннің» уақытша жаңадан сайланған басшылығы бас тартып отыр.

«Страсбург мәлімдемесі» Қазақстанның саяси партиялар туралы заңына қайшы болған дейді С.Романов.

«Атамекен» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, партия төрағасының орынбасары Василий Резванның айтуынша, төрағалық қызметтен шеттету жөніндегі саяси кеңес мүшелерінің отырысына шақырылған Е.Досмұхамедов ешбір жауап бермеген.

«Ал саяси кеңестің мүшелері оны шеттету туралы бірауыздан дауыс берді және бұл шешімді сол сәтте шетелде жүрген Е.Досмұхамедовтың өзіне хабарладық», - дейді В.Резван.

Партияның саяси кеңесінің мүшесі Бейбіт Баяндин қазір Қазақстанда партияны қолдап отырған 62 мыңдай мүше барын және бұл партия ел президенті Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған реформасын толық қолдайтындығын айтты. Ал осы уақытқа дейін Әділет министрлігінен тіркеуден өтпей келген партияның жаңа басшылары «бұл әдеттегі жағдай» деп, партияның қалайда тіркелетініне нық сенім білдіріп отыр.

Биылғы сәуір айында Страсбургте өткен жиынға қатысқан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов Еуропа елдерінің парламентшілерінің сол алқалы жиынында «Атамекен» саяси партиясы атынан сөз сөйлеген Е.Досмұхамедовтың Қазақстандағы қазіргі саяси жағдайды шынайы түрде таныстырып, елде сөз бостандығы, баспасөз еркіндігінің шектеулі екендігін айтқанын және ресми биліктің жүргізіп отырған саясатын сынағанын еске алды.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім «Атамекен» партиясы басшылығындағы кенеттен болған бұл өзгерісті биліктің сайлау алдында жүзеге асырмақшы көп жобаларының бірі деп есептейді. Ал Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин болса «Атамекен» саяси партиясы енді ешбір кедергісіз тіркеуден өтеді деген болжам айтады,

«Өйткені, билікке жақпайтын партия басшысы өзгертілді, енді бұл партияға ресми тіркелуге жол ашық», - дейді С.Әбділдин.
XS
SM
MD
LG