Accessibility links

Ирақта шииттердің қасиетті мешітіне қастандық жарылысын кімнің ұйымдастырғаны әзір беймәлім қалып отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Маусымның 13-і, сәрсенбіде Ирақтың Самарра қаласындағы шиитердің әл-Аскари мешітінің қос мұнарасы жарылыстан қирап қалды. Осы оқиғадан кейін, іле-шала Ирақ басшылығы Бағдат және сол Самарра қалаларында коменданттық сағат енгізген болатын. Ол шабуылдардан кейін елдегі жағдай салыстырмалы түрде сабырлы күйін сақтап тұрғандай.

Ирақтағы жағдай тұрғысынан алғанда Самаррадағы шиитер мешіті әл-Аскариге жасалған шабуылдан кейінгі жағдай тыныштық күйінде десе болғандай. Күш қолданулардың алдын-алу мақсатында Ирақ үкіметі Бағдатта және Самаррада коменданттық сағат жариялады. Күшейтілген АҚШ және Ирақ әскери жасақтары Бағдат көшелерін бақылауда. Сондай-ақ шииттердің ірі қаласы - Садр қаласына апаратын жолдарға қосымша бақылау бекеттері қойылған.

Дей тұрғанмен, кейбір жерлерде қақтығыстар болды. Мысалы, Басра қаласында сүнниттердің 3 мешітін қарулы топ өртеген екен. Мұнда 4 адам қаза болып, 6-уы жараланған. Сондай-ақ Самаррадағы жарылыстан кейін Бағдатқа жақын жердегі сүнниттердің 4 мешітіне шабуыл жасалған.

Осыдан 16 ай бұрын Самаррадағы осы Аскари мешітіне жасалған шабуылдан кейін елдегі сунниттер мен шииттер арасында секталық қақтығыстардың басталып кеткені белгілі. Ал, бұл жолғы жағдайдың тыныш күйінде сақталып тұруының басты себептерінің бірі ретінде шииттер көсемі Мұқтада әл-Садрдың сабырлы қалпын сақтап отырғаны айтылуда. Маусымның 13-і күні сөйлеген сөзінде Әл-Садр шииттердің әл-Аскари мешітіне сүннит немесе шиит мұсылман баласы шабуыл жасады дегенге өзінің сенбейтіндігін айтқан болатын.

Алтын мешітке жасалған бұл шабуылдың артында Құрама Штаттар тұр деп сенетіндігін мәлімдеген еді ол. Дей тұрғанмен, ол алтын мешіт қалпына келтірілгенге дейін 275 орындық парламенттің 30 орынын иеленіп отырған өз блогының заң шығару ісіндегі жұмыстарын тоқтата тұратындықтарын да ол мәлімдеді. Аталған оқиғаға наразылықтарын олар осылайша білдірмекші.

Ирақ үкімет басшысы Нури әл-Мәлики бұл оқиғаның толық зерттелетіндігіне уәде берді. Жоғарыда айтқанымыздай, Ирақ үкіметі Бағдатта және Самаррада коменданттық сағат жариялады. Самарралық бір куәнің Ройтерге айтуынша, бірінші мұнара сағат таңғы 9-да, екіншісі содан 10 минуттан кейін жарылған екен. Қауіпсіздігі мейлінше қатаң сақталған бұл мешітке екінші рет кімдер шабуыл жасай алды деген сауалдың жауабы әзірге беймәлім күйінде қалып отыр.
XS
SM
MD
LG