Accessibility links

АҚШ өзіне келетін Қытайдың тауар экспортының көлемін азайтпақ

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ Сенатында таныстырылған заң жобасы Қытайдан Құрама Штаттарға келетін сауда тауарларының артық көлемін қысқартуға бағытталған. Бұл заң Бежіннен өз ұлттық ақшасы юаннің құнын арттыруды талап ететін болады. Сол арқылы Қытай экспортын қымбаттата түсу көзделуде. Юаннің әдейі төмен деңгейде ұсталуы Қытай тауарларына әділетсіз түрде айрықша жеңілдіктер жасауда, дейді сыншылар.

Қос партиялы АҚШ Сенатында 4 сенатор тарапынан ұсынылып отырған заң жобасы Қытайдың сауда тауарларына шектеу қоюды көздеуде. Мұның өзі президент Джордж Буш әкімшілігінің ұстанған саясатын жалғастыру болып отыр. Сол 4 сенатордың бірі, демократ Макс Баукустың айтуынша, Вашингтонның ақша айналым саясаты ескірген. Осы заң жобасы ұсынып отырғанындай, оны қайта қарау қажет. Аталған шара көптеген жаңашылдық енгізбекші. Сол жаңашылдықтың бірі - мына тұрғыда жүзеге аспақшы. Егер Қытай юаніне төменгі деңгей белгілеу арқылы оның тауарына әділетсіз түрде саудадағы жеңілдік берілгенін сезінсе, онда АҚШ компанияларының әлгі Қытай импортына салық салуға арыз беру хұқы болады. Сондай-ақ, егер юаннің деңгейі әдейі немесе кездейсоқ түрде мейлінше төмен ұсталған деп табылса, онда АҚШ Қаражат министрлігінің Әлемдік Сауда ұйымындағы кеңеске тауар иесін шақыруына болады.

“Қытайдың сауда саласындағы әлемдік қуаты айтарлықтай феномен болып барады. Дей тұрғанмен, АҚШ-тың мануфактуралық негізіне әсерін тигізіп отырған, Қытай тауарлары көлемінің экспорттағы басымдығы - қолдан жасалып отырған, әділетсіз көрініс деп, АҚШ Конгресі алаңдаушылық білдіруде. Сондықтан да әлгі басымдылыққа бақылау орнату үшін арнайы заң қабылдауға шақырған үндер Конгресте көбеюде”, - деді Лондонда тұратын Қытай мәселесі бойынша сарапшы Алекс Нейл.

2006-шы жылы Қытаймен саудадағы тапшылық өзінің рекордтық деңгейіне көтеріліп, 233 миллиард долларды құраған екен. Сондықтан да 4 сенатор ұсынып отырған бұл заң жобасы Конгресте қабылдану мүмкіндігіне ие.

АҚШ Қаржы министрі Хенри Паульсон болса, бұл істе дипломатияның көбірек қолданылуына және юаннің деңгейін төмендетуге Бежіннің өзі ерікті түрде баруына оның көзін жеткізу жолдарын іздестіруге шақырып отыр. Саудада, әлгі айтылғандай, артықшылықтарға қол жеткізу үшін, Қытай өз ақшасы құнын әдейі төмен ұстап отыр ма деген де ойлар айтылуда.

Брюссельде маусымның 12-сі күні сөйлеген сөзінде Қытай Коммерциялық істер министрі Бо Щилай мұндай күдікті жоққа шығаруға тырысты. Бежінде Қытай Сыртқы істер министрлігі “бұл мәселені Құрама Штаттар өз қалыбына салып бағалауда”, дей келіп, ақша алмастыру деңгейі Қытайдың шынайы мүмкіндігіне сай болуы керек, деді

Қытайдың әлемдік саудадағы ара-салмағының өсе түсуіне алаңдаушылық білдіріп отырған жалғыз АҚШ емес. Еуропа одағының Сауда істері бойынша комиссионері Петер Мендельсон маусымның 12-сі күні Қытайдың Коммерция министрі Бомен толық және шынайы сөйлесулер жүргізді. Өткен жылы Еуропа одағының Қытаймен саудадағы тапшылығы 166 миллион долларды құраған болатын. Бұл жағдай одан әрі жалғаса бермеуі тиіс екендігін Қытай жағы қазір түсінуі тиіс, деген еді Мендельсон. Бұл істің шешіміне орай бірлескен ұсыныстың, қарашада болатын, Еуропа одағы мен Қытай саммитіне ұсынылатынына қос тұлға келісті.

Нарық экономикасы мәртебесіне Әлемдік сауда ұйымы арқылы қол жеткізуге Қытай тырысуда. Нарықтық толық хұқыққа Қытайдың қол жеткізуі үшін ол елмен бірлікте жұмыс істеуді жалғастыратындықтарына Мендельсон де сендірді.
XS
SM
MD
LG