Accessibility links

Ата-бабасының намысын жыртқан арыз иелері «Свобода слова» газетінен сот арқылы 6 млн доллар өндіріп алмақ

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Өздерін Қарасай батыр мен Жамбыл Жабайұлының ұрпақтарымыз деп отырған бір топ азамат өз бабаларына тіл тигізді деген уәжбен Қазақстанда жарық көретін «Свобода слова» газетін сотқа беріп, моральдық нұқсан ретінде тәуелсіз басылымнан 800 млн теңге – шамамен 6 миллион доллар – талап етіп отыр. Ал «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиева ешкімнің де ата-бабасына тіл тигізу ойларында болмағанын айтып, «бұл - биліктің оппозициялық газетті жаптырудың бір амалы ғана» деп отыр.

Қазақстанда жарық көретін оппозициялық бағыттағы санаулы газеттердің бірі - орыс тілінде шығатын «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиева бұл даудың мән-жайын былай деп түсіндіреді:

«Үлкен өкінішке қарай, қазіргі тәуелсіз Қазақстанда тарихты билікке жағымды бағытта бұрмалау дәстүрге айналып барады. Жалпы, тарихты бұрмалау әр кез орын алып отырған ғой - кеңестік дәуірде тоталитарлық жүйе өз мақсатында бұрмалады дегендей, т.б. Ал енді, біз тәуелсіз ел болдық десек, біз де тарихқа деген тәуелсіз көзқарасымызды таппаймыз ба, сол тоталитарлық жүйенің қасаң боп санамызға кіргізген нәрселерден арылмаймыз ба? Олардың айла-тәсілдерінен, олардың қолдан жасаған «пірлерінен» дегендей... Біз адал да таза менталитетімізді қалпына келтіруіміз керек емес пе? Ал тарих дегеніңіз - ұлттық сананы қалыптастыратын ерекше сала. Біз өзекті мәселені көтердік деп ойлаймын, жәй мысал ретінде біз жаңа пір деп танылған Қарасай батырды келтірдік. Мысалы, ол осы соңғы уақытқа дейін ешқандай деректерде келтірілмейді де, тек «ол менің бабам» деп айтқан президент Назарбаевтың сөзі үшін оны дәріптеу мен қолпаштау басталды. Біз, біріншіден, соны көтердік, екіншіден, Жамбыл ата мәселесі. Ол, әрине, жергілікті масштабта ұлы тұлға, жалпы қазақтың әр жүзінде, әр руында өздерінің ақын-жыршылары баршылық қой, олар оны дәріптеп те жатады, ол дұрыс та. Бірақ, біздің 90 жастағы Жамбыл кенеттен сталиндік режимнің жыршысы болды дегенге көзқарасымыз басқаларға жақпаса керек. Ол кезде одақтағы басқа ұлттардың да осындай тұлғаларын іріктеп алып режимнің, Сталиннің мадақтаушысы етпеді ме? Ол - тоталитарлық идеологияның құралы. Ал біз жыршы Жамбылды - сол режимді мадақтаушы Жамбылдан арашалап алу керек дейміз».

Ал сотқа шағымданушылардың бірі Жамбылдың немересі –Жеңіс Жамбылов.

«Олардың жазған нәрсесі, өзіңіз оқысаңыз, жалпы ұят нәрсе. Және, тиіссе басқа адамдарға тиісе берсін, ал енді ана кісілерге тиісіп, оның қандай шатағы бар еді деймін де?! Кейбір жерінде күлкілі қылып та, келеке еткендей қылып жазған. Мысалы, Москваға барғанда балалар автограф алайын десе, ол кісі «не, гонорар берейін деп пе едіңдер?» деп айтады дейді. Сондай сөздердің керегі не? Бұл жерде олар тікелей тіл тигізіп отыр. Атамызды келекелеп жазғаны үшін... Бұлары дұрыс емес қой... Мен шамамен білемін олардың қандай себеппен жазып отырғанын... оны айтпай-ақ қояйық телефонмен...бірақ, мен оны сеземін», - дейді Жамбылдың немересі.

Екінші бір арызданушы - Қарасай батырдың сегізінші ұрпағымын деп отырған 82 жасар Қатшыбек Әбдіқұлов ақсақал да газетке өкпелі.

«Қазір тарихта ақын да көп, ал олар неге Жамбыл мен Қарасайды алған? «Бұл ақын емес, батыр емес» деп тіл тигізген. Бұл не деген сұмдық! «Қарасай» - бүкіл шапраштының ұраны! Жамбыл деген қазір дүние жүзіне танымал ақын. Оның бәрі - жалған, сауатсыз деп тіл тигізеді. Қарасай батыр туралы Академия сараптама да жасады, Сүйінбай осыдан бір жарым ғасыр бұрын Қарасай батыр туралы жырлаған. Қалайша тарихи деректер жоқ дейді? Неге осы екеуіне ғана тиіседі? Мұның арғы жағы оппозицияның газеті келіп, президентке тиіскісі келеді. Осы күні адам, кім көрінген, қалай болса –солай жаза беретін болды! Құн жоқ! Ондай газеттің керегі не, егер көрінген өсек жазатын болса?! Газет деген біздің құлағымыз, көзіміз. Объективті болуы керек қой! Президентке тиіскісі келсе тікелей тиісе берсін, менің елім болса да президентте шаруам жоқ. Менің атамның әруағына неге тиіседі?! Елдің намысына тиіспесін! Итің жаман десе де қазір намыстанады! Мәселе соның ар жағында... сондықтан олардың сағын сындыру үшін арыздандым», - дейді өзін Қарасайдың сегізінші ұрпағымын деген Қатшыбек Әбдіқұлов қарт.

Осылайша, арызданушылардың екеуі де «мұның арғы жағын білеміз, неге олар осылай деп жазып отырғанын» дейді де, бірақ не білетінін ашып айтпайды. Оның арғы жағында, сол баяғы қазақтың үйреншікті «жүзге бөліну» жатуы мүмкін дегенді екуі де мойындайды. Бірақ газеттің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева бұл мәселені көтергенде басылым ұжымында ондай ой болмағанын айтады.

«Бұл мәселені бұрмалап, осы бағытта өршіту арқылы өздерін кем санайтындардың делебесін қоздыруға биліктің өзі мүдделі боп отыр. Бұл таза есеп, біріншіден, билік мені жек көргендіктен маған қарсы сот ашқан болып көпшілікті оппозициялық газеттен бездіруді ойласа, екіншіден, парламенттік сайлау алдында тәуелсіз басылымды тұншықтырып жауып тастауды көзейді», - дейді редактор.

Тура осындай алаңдаушылығын білдіріп «сөз бостандығына қысым жасау доғарылсын», «Свобода слова» газетін қудалау тоқтатылсын» деген мәлімдемені «Нағыз Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары жасады. Газеттің үстінен басталған сот әзірге бірінші отырысын ғана өткізді.
XS
SM
MD
LG