Accessibility links

Степногорск қаласында билікке қарсы қарулы шабуыл жасамақ болды деп күдіктелгендер ісі бойынша тергеу аяқталды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті былтыр күзде Ақмола облысының Степногорск қаласында тұтқындалған топтың үстінен қозғалған тергеу ісі аяқталып, сотқа жолданғанын хабарлады. Қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі «банк инкассаторына шабуыл жасамақ болған кезде тұтқындалған, уаххаби дінін жамылған қылмыстық топ қала әкімшілігі мен полиция ғимаратына шабуылдауды мақсат еткен» деген ақпарат таратып отыр.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров, маусымның 12-күні «Азаттық» тілшісінің қойған сауалына берген түсініктемесінде айып тағылып отырғандарды «уаххабизм дінін жамылған, шын мәнінде лаңкестік мақсаты бар, құрамы он адамнан тұрған қылмыстық топ болған» деп сипаттады.

Тергеу органдарының ақпараттарында, Қазақстанға кезінде Ресейден келген оралман, кәсіпкер Тұрған Омаров есімді адам басқарған бұл топ 2006 жылдың 16-шы қарашасында Ақмола облысындағы Степногроск қаласының бір банкінің инкассаторына шабуыл жасамақшы болған кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасақтарымен қақтығыстан соң тұтқындалғаны айтылады. Ұсталғандардың тұрған үйлерінен тінту кезінде дыбыс шығармайтын қондырғысы бар Макаров тапаншасы, келтеленген қос ауыз мылтық , 20 килограмдай қопарғыш заттар, тағы басқадай суық қарулар, діни уағыздары жазылған бейнетаспалар тәркіленген екен.

«Бұл қылмыстық топ инкассаторды тонаған соң, қару сататын дүкенді тонап, одан соң қала әкімшілік ғимараты мен полиция ғимаратына шабуыл жасауды мақсат тұтқан», - деген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық департаментінің баспасөз хатшысы Сәке Жамшитов жергілікті ақпарат органдарына.

Қазақстанда діни бағыттағы топ мүшелерінің ұсталып, олардан әртүрлі қарулар не есірткі тәркіленгені туралы ақпараттар оқтын-оқтын жарияланып тұрады. Ресейлік адам құқығын қорғаушы Виталий Понамарев өз зерттеулерінде «көп жағдайларда бұл салафиттік бағыттағы «уаххабилер» жергілікті қауіпсіздік комитеті тарапынан жасалатын арандатушылық нәтижесінде қарумен не есірткімен тұтқындалып жатады» дейді. Понамарев мырза қауіпсіздік комитетінің әрекетін «әртүрлі жат діни ағымдармен қарсы күрес шарасы» деп түсіндіреді. Ал осы «уаххаби» дін жолын ұстанушылар Қазақстан діни кеңістігінде қаншалықты қауіпті ағым деген сауалға Қазақстан діни басқармасының діни уағыз және оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков мырза былай дейді:

- Кез-келген діни ағымдар – мейлі ол ваххабистер бола ма, Хизб ут-Тахрир бола ма, сол секілді бахаистер болады ма – біздің елімізге қашан да болса қауіпті. Өйткені, бұл ағымдардың кіруі жастарымыздың сана-сезімін бұзып, еліміздің ортасына іріткі салуы мүмкін. Сол жағынан өте қауіпті. Дін жағынан да қауіпті, өйткені қашан да бір масхабта ғибадат жасалатын болса, халықтың құлшылық жасаулары жеңіл болады. Ал олар көптеген біздің қалыптасып қалған дәстүрлі ғибадатымызды өзгертіп, бұзбақшы. Сондықтан да, қандай да болмасын ағымдар біздің қоғам үшін қауіпті деп есептеймін.

Ал, «діни бостандық мәселесі бұл жерде бұзылып тұрған жоқ па ?» дегенге Қазақстан діни басқармасының өкілінен:

- Дін бостандығы дегенде, халықтың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дініне бостандық беру керек. Яғни, ол сол халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне біте қайнасып кеткен. Ал енді соған қарсы келетін кез-келген дін бола ма, ағым бола ма – мақсаты іріткі салу ма – оларға тиым салу керек. Өйткені, олардың мақсаты дін емес, олардың мақсаты - саясат, немесе көздеген біздің қоғамға жат басқа мақсаттарына жету. Оны дін деп есептемейді. Еш нәрсені қауіпсіз деп айтуға болмайды, өйткені ата-бабамыз айтады ғой: «жау жоқ деме - жар астында» деп. «Біреу болса да, дұшпаным аз деме» дегендей, бұлар біреу болса да елімізге қауіпі жоқ деуімізге болмайды. Сондықтан да қашанда бұлардан сақтануымыз керек, - деген жауап алдық.

Сонымен Қазақстанда келесі бір «уаххаби» топ өкілдері тұтқындалып олардың тергеу ісі аяқталды. Алда оларды сот күтіп тұр.
XS
SM
MD
LG