Accessibility links

Қазақстан президенті мәжілісті таратып, елде жаңадан парламент сайлауы өтетінін жариялады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясының парламенттегі фракциясының отырысында осы партияға мүше депутаттардың үндеуін қабылдап, үшінші шақырылымдағы парламент мәжілісін тарату туралы шешім қабылдағанын жария етті. Сонымен бірге, президент жарлығымен Қазақстанда биылғы жылғы 18 тамызда жаңадан мәжіліс сайлауын өткізу белгіленді.

Үшінші шақырылымдағы мәжілістің 50-ден астам депутаты, «ел президентінің реформалары негізінде жүзеге асырылып жатқан қоғамның демократиялық дамуына өздерінің «тормоз», яғни тежегіш болып отырғандарын» айтып, маусымның 19-күні президенттің атына жолдаған үндеуде президенттен мәжілісті таратуды сұраған болатын. Бұның себебін «біз қоғамның дамуына тежегіш болғымыз келмейді» деп қайталады олар сәрсенбі күні парламентке келген президенттің алдында. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, мәжілісті тарқатуға бастамашыл болған депутат Нұрбах Рүстемов былай деді:

- Үндеу аяқ астынан, болмаса біреулердің айтуымен жасалған жоқ. Оған қол қойған әрбір депутат, қазақшалып айтсақ, «тоғыз толғанып, мың ойланды». Сіздің бастамаларыңызбен қабылданған конституциялық реформалар соңғы он алты жыл бойы өзіміз куә болып отырған алға жылжу тарихының заңды жалғасы. Ендеше, осы процесті қолдай білу, біз үшін тағдырдың өзі ұсынып отырған үлкен мүмкіндік.

Маусымның 20-күні түстен кейін, өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының парламенттегі фракциясының отырысына келген президент Нұрсұлтан Назарбаев депутаттардың әлгі ұсынысын «тарихи шешім» деп бағалады.

- Үш жылдан бері ойланып, толғанып, барлық саясаткерлермен ақылдасып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде болып, елдің көңілін, елдің ойын біліп, көп ойланып, толғанып, конституцияға өзгерістер енгізу туралы жобаны мен сіздерге ұсындым. Оны бірауыздан қолдап, шешім қабылдағандарыңыз үшін шын жүрегімнен, елбасы ретінде, осы елдің азаматы ретінде зор ризашылығымды айтқым келеді.

Осы сөздерді айта келіп президент Назарбаев үшінші шақырылымдағы парламент мәжілісін мерзімінен бұрын тарқату және мәжілістің жаңа сайлауын биылғы тамыз айының 18-інде өткізу туралы шешімін жариялады. Ал Қазақстан халықтары ассамблеясы арқылы квота бойынша өтетін 9 депутаттың сайлауын 20-тамызға белгіледі.

Партиялық тізім бойынша мәжіліс сайлауына үміткерлерді ұсыну кезеңі маусымның 20-сынан шілденің 11-іне дейін жүргізілетінін айтқан президент Назарбаев Орталық сайлау комиссиясына алдағы сайлауға дайындық жұмыстарын бастау жөнінде тапсырма берді.

Өз қалауы бойынша енді экс-депутат атанған Нұрбах Рүстемов, әдетінше, алдағы сайлауда «Нұр Отан» партиясының жеңіске жететініне сенімді екенін айтты. Рүстемовтің бұл сөздерін президент Назарбаев та қайталады. «Нұр Отан» партиясы өздерінің бағдарламаларын жүзеге асыру үшін ұзақ жылдар билікте отыруы қажет деді президент Назарбаев.

Үшінші шақырылымдағы мәжіліс сайлауы Қазақстанда 2004 жылы күзде өткен еді. Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы мен елдегі демократиялық күштер сол жолғы парламент сайлауын халықаралық талапқа сай өтпеді деп мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG