Accessibility links

Болашақ Мәжілістен оппозицияға орын тие ме?


Cәрсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, оны тарату туралы қаулысын жариялады. Ал жаңа парламент сайлауы биылғы жылдың 18-тамызында өтетін болып белгіленді. Сонымен қатар, Ата заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес, алдағы сайлау, Қазақстанда тарихында алғаш рет, толығымен дерлік партиялық тізім бойынша өткізілмек. Алайда, бұрынғыдай емес, бұл жолғы сайлау науқанына партияларға блокқа бірігіп түсуге рұқсат берілмейді.

Биылғы жылғы 21-мамырда президент Назабаевтың қол қоюымен Қазақстан Ата заңына енгізілген соңғы өзгертулер мен толықтырулар нақты іс жүзіне аса бастады. Ол өзгертулер енгізілген сәттен бастап қазақ қоғамында «жаңа заңға байланысты парламент таратыла ма, жоқ па?» деген сұрақ туған еді. Парламент Мәжілісіндегі депутаттардың бір тобының жолдаған сауалына масымның 18-күні Конституциялық кеңес «оны тек президент шешеді» деп жауап берді. Осыдан кейін, маусының 19-күні Қазақстан президентіне Мәжілісті тарату туралы өтініш айтқан Нұрбах Рүстемовтің бастамасын Мәжілістің 50-ден астам депутаты қоштады. Ал маусымның 20-күні парламентке келген президент Назарбаев әлгі ұсынысты өзінің қабыл алғанын айтып, үшінші шақырылымдағы парламент Мәжілісінің таратылғанын мәлімдеді.

Осылайша, бас-аяғы үш күннің ішінде мәселесі шешілген Мәжіліс енді тарих қойнауына кетті. Қазақстан қоғамында биліктің осы іс-қадамдары туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатыр.

«Парламенттің таратылуы Конституцияға енгізілген өзгертулерге байланысты боп отыр. Бұл жерде бәрі заңды, себебі Конституцияда ел президенті ешқандай себебін айтпай-ақ парламентті таратуына құқығы бар екені жазылған. Ал бүгінгі таратылған мәжілістің сыңаржақты екенін, кезінде ол таза өтпеген сайлау нәтижесінде қалыптасқан заңсыз парламент деп біз бұрыннан айтып келгенбіз. Сондықтан, биліктің сол заңсыз парламентті таратып, жаңадан сайлау өткізуін халықаралық қауымдастықтың алдындағы, ел ішінде халықтың алдындағы пікірді өзгертуге бағытталған әрекеті деп білемін», - дейді Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Ал, Қазақстанда әлі тіркелмеген «Алға» партиясының көсемі Асылбек Қожахметов билік бұл шара арқылы саяси басқарудың жаңа моделін іс жүзіне асыруға, яғни басқарылатын демократия моделін енгізбекші деген пікірде.

«Бұл шара басқаруды жеңілдетпек. Егер бұрындары бір мандаттық депутаттар, (ал олар көп, 67 адам болған), әрқайсысы өздеріне кезінде қолқабыс еткен әкімдерге жалтаңдауымен қиындықтар туғызып отырған болса, енді ол қажет болмайды. Енді билік тізімі орталықта бекітілетін және оны Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын бір топқа ғана арқа сүйемек. Бұл билік үшін даулы болған мәселелерді шешуді, не қажет деген мәселені итермелеуді жеңілдетпек», - дейді А.Қожахметов.

Алматыдағы «Тәуекелді зерттеу» орталығы қоғамдық ұйымның директоры Досым Сәтпаев парламенттің таратылу себебін тіпті де түсініксіз екенін айтып, оның дәл қазір қажеті жоқ еді деп санайды.

«Жаңа парламенттің жаңа заң бойынша іске кірісуі Қазақстанның саяси тыныс-тіршілігіне ешқандай да өзгерту әкелмейді. Тек қана жаңа парламентте сан жағынан депутаттар көбейіп, оған Қазақстан ассамблеясының бірқатар мүшелерінің қосылғаны болмаса. Демек, бұрын да бар саяси процестерді басқару жүйесі сол күйінде сақталмақ, тіпті жаңа парламент бұрынғыдан да жуас болуы мүмкін. Ал қарбалас түрде жаңа парламент сайлауына кірісу, ол - сырт көзге елде саяси процестер, яғни демократиялық конституциялық өзгерістер динамикалы түрде дамып отыр дегенді көрсету үшін ғана жасалып отырған сияқты. Егер халықаралық қауымдастықтың соңғы өзгерістерге байланысты айтқан сындарын ескерсек, бұл шаралар Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделіне оң әсер етеді деп ойлайды. Ал шын мәнінде, бұл шараның қортындысында президенттің, биліктің елдің саяси тыныс-тіршілігіне, парламентке, одан қалды саяси партияларға ықпалы арта түспек» - дейді Д.Сәтпаев.

«Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов өздері сынап келген бұрынғы парламенттің «заңсыз екенін билік түзетпекші» деген пікір білдірді.

«Бұрынғы парламентте бір де бір оппозиция өкілі жоқ! Ал, парламентінде оппозиция мүшелері жоқ ел - демократиялық ел деп есептелінбейді деген бар емес пе? Бұл парламенттің 99 пайызы «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен құралған болаты», - дейді Б.Әбілов.

Қазақстанда осыған дейінгі өткізілген сайлауларда партиялар блокқа бірігіп, бақталастырған еді. Ал енді, қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, саяси партияларға ондай блоктарға бірігуге тыйым салынды. Қазақстандық оппозиция көсемдері де, саяси сарапшылар да бұны елдегі оппозициялық күштердің бірігуіне қарсы шара деп бағалайды. Оның үстіне, енді екі айға жетпейтін мерзімде өткізілгелі отырған Мәжіліс сайлауынан кейін алдағы жаңа парламентте оппозициялық партиялар мүшелерінің орын ала қоюы үлкен күмән тудырады деген ой айтады сарапшылар. Сонымен қатар сарапшылар «бұл сайлау - билік партиясы үшін өте қолайлы болмақ» деген ой түйеді.
XS
SM
MD
LG