Accessibility links

Рахат Әлиев өзінің президенттен кешірім сұрауға дайын екендігі туралы газетте жарияланған ақпаратты жоққа шығарды


Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің баспасөз-қызметі 18 маусым күні Қазақстан-Тудэй агенттігі арқылы Рахат Әлиевтің «Время» газетінің өткен сенбі күнгі санында берген сұхбатының жалған екендігін хабарлады. Бұрынғы елші баспасөз-қызметінің мәлімдеуінше, жалған сұхбатты дайындаған аталған басылымның бас редакторы Игорь Мельцер газеттің иесі болып табылатын «Қазақмыс» Акционерлік Қоғамы кесімді акционерлерінің берген арнайы тапсырмасын орындаған. Ал «Время» басылымы болса, сұхбаттың Рахат Әлиевтің өзінің сұрауы бойынша екі рет, 31 мамыр және 14 маусым күндері алынғанын және оған дәлел ретінде оның дауысының диктофонға жазылғандығын айтып отыр.

18 маусым күні Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің баспасөз-қызметі атынан Интернет арқылы таратылған ақпаратта, Рахат Әлиев «Время» газетіне өзі туралы ешбір сұхбат бермегені айтылған. Сондай-ақ, ол мәліметте «Рахат Әлиев туралы жазылған мұндай жалған ақпараттар тек бұл емес, бұған дейін де газет бетіне бірнеше рет жарияланған» делінген. Бұлардың қатарына баспасөз қызметі «Время» басылымында жарық көрген бір топ кәсіпкерлердің мәлімдемесі мен Австрияның әділет органдарының құжаттарын қосқан. Алайда «Время» газеті Рахат Әлиевтің берген сұхбатына өздерінің дәлелдер көрсете алатынын айтады. Ол жайында «Время» апталығы газетінің редакторы Марат Әсіпов былай дейді:

- Біздің бас редактордың Рахат Әлиевпен сұхбаты 31 мамыр мен 14 маусым күндері бұрынғы елшінің бастамасымен болды. Ол Игорь Мельцердің ұялы телефонына өзі хабарласқан. Алғашқы кезде бас редактордың өзімен бірге диктофоны болмады. Сондықтан, біз кейінірек сұхбат алу үшін онымен хабарласып, оның келісімін сұраған болатынбыз. Алайда ол біздің сол кездегі сауалдарымызға жауап қатпады. Сондықтан біз оның сөздерін ол кезде газетке бермедік. Ал бұрынғы елші екінші қайта хабарласқанда, Игорь Мельцер барлық сөздерді диктофонға жазып алды. Онда Рахат Әлиев өзінің газетке бірінші рет берген сұхбатының барлығын растап шығады.

Қазақстандық «Журналисты в беде» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукина бұл оқиға жайында газеттің жазғаны шындыққа сай деген сенім білдіреді.

- Игорь Мельцер - өте тәжірбелі журналист. Ол осындай жағдайлардың болатынын алдын-ала біліп, жұрттың айтқандарына дәлелдер жинап жүреді. Мысалы, Мельцерде Рахат Әлиевтен электронды пошта арқылы түскен хаттар мен оның дауыстары сақталған. Сондықтан мен бұл жерде мұны Рахат Әлиевтің шалыс әрекеттері деп білемін. Қазір ол басынан қиын жағдайды кешіріп жатқан соң, не істерін білмей жүрген болар. Ал Рахат Әлиев осыған дейінгі сұхбаттарында өзінің жалғыз қалғанын айтқан болатын. Сондықтан, тіпті оның баспаөз қызметінің бар екендігіне менің күмәнім бар, - дейді Розлана Таукина.

Ал қазақстандық Жалпыхалықтық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай осы оқиғаны бұрынғы күйеу бала мен қайын атаның арасындағы жеке қатынастармен байланыстырады.

- Рахат Әлиев жеке басын қорғау мақсатымен қазір әртүрлі тактикалар мен қулықтарды пайдаланбақшы. Яғни, ол өзінің қайын атасымен арасындағы қарым-қатынасты түзету мақсатында онымен жақындасуды көздеп жүр. Қазір құқық мекемелерінің қолында Рахат Әлиевті айыптап, оны жазаға тартатындай түрлі дәлелдер жеткілікті. Бір жағынан, Рахат Әлиевтің қайын атасымен татуласып, қылмыстық істерінен құтылып кететіндей мүмкіндік те жоқ емес, - дейді Жармахан Тұяқбай.

«Время» газеті өзінің өткен сенбі күнгі санында Рахат Әлиевтің сұхбатын жариялап, онда Әлиевтің өзінің айтқан саяси мәлімдемелері үшін президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрауға дайын екендігі, ол сөздерді өзінің ашу үстінде қызбалықпен қатты айтып қалғандығы және өзінің ешбір қылмыстық іске қатысы жоқ екендігі туралы жазылған болатын.
XS
SM
MD
LG