Accessibility links

Жұмыссыздар қатарына қосылған экс-депутаттардың дені қайтадан парламент қабырғасынан көрінуге дәмелі


Мерзімінен бұрын таратылған үшінші шақырылымдағы Мәжілістің экс-депутаттарына бірінші шілдеге дейін парламент үйіне еркін кіруге рұқсат берілген. Маусым айының жиырма бірінен бастап жұмыссыздар қатарына қосылған экс депутаттардың дені қайтадан төртінші шақырылымда депутат болуға үмітті. Олардың бірі сайлау науқанына кірісіп кетсе, енді бірі білімдерін жетілдіруге шетелге аттанбақ.

Осыдан екі күн бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжілісті тарқатуға парламентке келгенде, тек «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттарымен ғана кездескен болатын. Ал «Нұр Отанға» мүше емес депутаттармен президент қоштасқан да жоқ. Бұған кейбір депутаттар өкпелі екендіктерін білдірсе, енді бірі қолдарын бір сілтеп жүре берді.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі Уалихан Қалижан «өз сайлаушыларының бетіне тіке қарай алатындай олардың алдында ар ұяты таза екенін» айтады. Сонымен бірге ол алдағы сайлауда «Нұр Отанның» тізімінен көрінуге дәмелі екендігін де жасырмайды.

- Егер «Нұр Отан» партиясы қайтадан ұсынып, депутаттыққа қалап жатса, мен, әрине, депутат болуға дайынмын. Енді ол болмаған жағдайда, кеше пезидент өзі айтқандай, мүмкін мемлекеттік басқару қызметін ұсынар деп ойлаймын. Түк болмаған жағдайда, филология ғылымдарының докторымын. Алматыдағы не Астанадағы университеттердің бірінде профессор болуға дайынмын, - деді Уәлихан Қалижан.

Шілденің біріне дейін экс-депутаттардың парламенттегі жұмыс кабинеттері өздеріне тиесілі. Аталған күнге дейін олар жеке азаттарын жинастырып, кабинеттерін босатулары тиіс. Ал мемлекет тарапынан берілген пәтерлерінде қыркүйектің біріне дейін тұруға рұқсат беріліпті. Мәжіліс қабырғасына келіп жүрген депутаттардың барлығы ресми киімдерін тастап, галстуксыз, жеңіл киімге көшкен. Тек мәжілісті тарқатуға бастамашыл болған Нұрбах Рүстемов ғана ресми киімін және депутаттықтың төс белгісін тастамаған. Ол осы киімімен қыркүйектің біріне дейін, егер қайта депутат болып сайлана қалса төс белгіні одан әрі тағып жүретінін, ал парламентке өтпеген жағдайда депутаттық төс белгіні тастап, шетелге білім алуға кететінін айтты.

- Өзімнің көптен ойланып жүрген нәрсем бар, оқуға баруға. Себебі, тез дамып жатқан, өзгеріп жатқан көп дүние. Сол үшін мен шет тілдерін үйрену үшін шетелдерде дамытсам білімімді, - дейді Н.Рүстемов.

Мәжіліс отырыстарында төбесі көп көрінбеген, Алматыдан сайланған Күләш Ағатаеваның да қайта депутат болудан дәмесі зор. Ол өзінің ары қарайғы болашағына келгенде, ер әріптестерінен гөрі сенімді. Мұның бір себебін ол гендерлік саясатпен түсіндіреді.

- Жұмыссыздық қалдық енді. Бірақ, Үкіметте болсын жұмыс табылады. Ал менің қайта депутат болғым келеді. Кімнің депутат болғысы келмейді?! 154 депутаттың ішінен 30 проценті әйел адам болса, басқа елдерде біздің мемлекет туралы ойлары жақсы болады. Өйткені, Конституция бойынша, барлығымыз теңбіз ғой, - дейді К.Ағатаева.

Ал мәжілісте небәрі тоғыз ай отырған «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов соңғы кезеңде ғана депутаттық мандатты пайдаланғанына өкінбейді. Осы уақыт ішінде бірнеше заңдарды халықтың пайдасына шешілуіне ықпал жасадым деп санайтын Бәйменов өз жақтастарымен бірге биыл күзде парламенттен қайта көрінуі үшін сайлау науқанына кірісіп кеттіпті.

- Біздің ойымызша, егер партия дұрыс жұмыс жасаса, 20-25 пайыз дауыс аламыз деген ойымыз бар. Ең бастысы, «Нұр Отан» партиясына балама бола алатын бағдарлама ұсынуымыз керек, - дейді «Ақ жол» партиясының жетекшісі.

Депутаттардың ішінде мандаттарын тапсырғандарына материалдық жағынан алғанда өкініш білдіретінін экс-депутат Амангелді Таспихов ғана жасырмады. Ол тіпті енді өзін парламент қабырғасына күзет қызметкерлері кіргізбей қояды ма деп күдіктеніпті.

- Жасыратын ештеңе жоқ, әрине, барлығымыздың жеке басымыздың жағдайы бар, отбасымыз бар деген сияқты. Үйреніп қалған жағдайдан енді басқаша – алды бұлыңғыр, қалай болады деген жағдайға аяқ басқан, әрине, толқыныс болатынын жасырмаймыз. Жалпы, депутаттың өмірі жаман емес. Берген пәтерлері де, отырған орындары да жаман емес, - дейді ол.

Амангелді Таспихов «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бірақ ол таратылған мәжілісте билікті сынаушылардың алдыңғы шебінде болды. Сондықтан да енді партия тізімінде алдыңғы қатарлардан өзінің көрінетініне сенбейді.

- Сайланған ауылыма барып, бір аптадай дем аламын ба деген ойым бар. Одан кейін барып, сол жақтағы достарыммен ақылдасамын. Қазір жасырмаймын, мекемелерден, тіпті басқа партиялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Көп жылдар бұрын, парламентке келгенге дейін, кәсіпкерлікпен шұғылданып, біраз табыстарға жеткен едім. Енді қайта кәсіпкерлікке оралатын шығармын, - дейді А.Таспихов.

Маусымның 20-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының парламенттегі фракциясының отырысында осы партияға мүше депутаттардың үндеуін қабылдап, үшінші шақырылымдағы парламент мәжілісін тарату туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын. Сонымен бірге, президент жарлығымен Қазақстанда биылғы жылғы 18 тамызда жаңадан мәжіліс сайлауын өткізу белгіленді.
XS
SM
MD
LG