Accessibility links

Маусымның 23-күні Алматыда «Нағыз Ақ Жол» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері бірлескен съез өткізіп, Қазақстандағы барлық демократиялық күштерді өздеріне бірігуге шақырды. Алайда осы жиынға қатысқан өзге оппозициялық партиялардың өкілдері 250 мың адамның басын біріктірген жаңа бірлестікке сәттілік тілеумен ғана шектелді.

Екі партияның бірігуі нағыз ақжолдықтардың социал-демократтар сапына қосылуы арқылы жүзеге асты. Соған сәйкес, енді «Нағыз Ақ Жол» деген атау жойылып, екі партияның өкілдері Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшелеріне айналды. Нағыз ақжолдықтардың осындай қадамға баруына осы жылғы тамыз айында өтетін Парламент мәжілісі сайлауында үлкен күш ретінде қатысу қажеттілігі түрткі болыпты. Өйткені олар екі партия біріккен жағдайда, оны қайта тіркетудің ұзақтығынан қорқақтайды. Алайда, «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов екі партияның қосылуын сайлау алдындағы стратегиялық қадам ретінде қарастырып отыр.

- Әзірге атауы «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» болып қала береді. Сайлау өткен соң, қыркүйек айында партияның атауында өзгеріс болуы мүмкін, -- деді Болат Әбілов.

Ал партияның тең төрағалары әзірге «партияның көсемдері» деп аталатын болды. Өйткені, партияның басшылық құрамын қайта қарастыру тамыздағы сайлау өткеннен кейін ғана мүмкін болмақ. Осылайша қағаз жүзінде нағыз ақжолдықтар екінші бір партияның құрамына кіргендігіне қарамастан, бұл өзгерісті олар іс жүзінде демократиялық күштердің бірігуінің алғашқы қадамы ретінде қарастырып отыр. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармақан Тұяқбай, съезде сөйлеген сөзінде, өздерінің құрамында «Алға» партиясы мен Қазақстан коммунистер партиясын да көргісі келетінін білдіріп қалды.

- Бүгін демократиялық күштердің бірігуінің алғашқы қадамы жасалынды. Ертеңгі күні біздің сапымызға «Алға» партиясы және Қазақстан Коммунистік партиясы кіретіндігіне сенімдімін, - деді Жармақан Тұяқбай.

Алайда Қазақстан коммунистер партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин съездің аяғын күтпеспен кетіп қалды. Билік тіркемей отырған «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахмет болса, жиналыста сөйлегенде «Алға!!!» деп ұрандатқанымен, оларға біріге қоятын ниетін көрсеткен жоқ.

- Бұл партиялардың әрқайсысының жетістігі мен кемшілігі бар. Қазір біз мәслихат сайлауына қатысуға дайындалып жатыр. Ал Мәжіліс сайлауына қатыса алмаймыз. Өйткені, бізді әлі тіркеген жоқ, одан қалды, біз ешкімнің құрамына кірген жоқпыз. Бірақ біз тамыздағы мәжіліс сайлауында бақылаушы қызметін атқаратын боламыз, - деді Асылбек Қожахмет.

Қазақстанда биылғы маусым айының 20-сында мерзімінен бұрын таратылған Парламент мәжілісіне жаңа сайлау осы жылғы тамыздың 18-не белгіленген. Жаңадан қабылданған конституциялық заңдарға сәйкес, төртінші шақырылымдағы 98 мәжіліс депутатын сайлау партиялық тізім бойынша жүргізіледі.
XS
SM
MD
LG