Accessibility links

«Нұр Отар» мүшелері полицейлерді меркесімен құттықтап, оларға «Алтын тоқпақ» сыйлығын тағайындады


«Нұр Отар» монархиялық жастар қозғалысының мүшелері Қазақстан полициясы күніне орай құқық қорғаушыларға арнап сыйлық дайындады. Оппозициялық күштерді таратуда белсенділік танытқаны үшін «Алтын тоқпақ» дипломы Бостандық аудандық ішкі істер депарментінің қызметкерлеріне арнайы дайындалған. Маусымның 23-күні осы сыйлықты тапсыру үшін Алматының орталық алаңына шыққан «Нұр Отар» қозғалысының мүшелерін «диплом иелері» алтын тоқпақтарымен қоса ұстап алып кетті.

Күннің ыстықтығына қарамастан қой бейнесінде киінген «Нұр Отарлықтар» Алматыдағы тәуелсіздік монументі жанына белгіленген уақытында жетті. Үстіне киген жейделеріндегі «Назарбаев біздің патшамыз!» деген жазуларынан-ақ олардың хандық билікті қолдаушылар екендігін бірден аңғаруға болатын еді. Бұл жолы арқарлар, олар өздерін осылай деп атайды, қолдарына «алтын тоқпақ» ұстап шығыпты. Кейінірек белгілі болғандай, бұл арнайы дайындалған сыйлық Алматыдағы Бостандық аудандық полиция қызметкерлеріне арналған екен және салтанатты марапаттау шарасы Қазақстан полициясы күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

- Біздің президентіміз бұл күнді ресми түрде полиция күні ретінде жариялады. Әрине, біз ұлы елбасының бастамаларын қолдайтын бастамашыл топ болғандықтан, бұған да бей-жай қарамайық деп шештік. Оның үстіне біздің полиция соңғы жылдары қатты тер төкті: Шаңырақ пен Бақайдағы қақтығысқа қатысты, кришна діні өкілдерін үйлерін қуып шықты, қаланы шарлап жүріп президенттің күзет қызметкерлерін ұстады, одан басқа да бізге беймәлім жұмыстарды атқарып жатыр. Бірақ біз Бостандық аудандық ішкі істер басқармасын айрықша атап өткіміз келіп отыр. Өйткені олар негізгі заңға енгізілген өзгертулерге қарсы шыққандардың бірін қалдырмай ұстап, шашып-төкпей сотқа дейін жеткізіп отырды. Осы еңбегі үшін олар «Алтын тоқпақ» дипломымен марапатталады, - деді қолына ұстаған сыйлықты жоғары көтере сөйлеген Самат Орынәлиев.

Мамырдың 18-күні парламент депутаттарының негізгі заңға өзгертулерді 18 минуттың ішінде қабылдап шығуына қарсы Алматыда бірнеше мәрте флэш-моб шаралары өткізіліп, қалалық полиция соның барысында 23-адамды ұстаған болатын. Олардың жарымын Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының өкілдері жүзеге асырған еді. Енді «Нұр Отарлықтар» осы ісі үшін «алтын тоқпақпен» марапаттамақ.

Алайда «алтын тоқпақ иелері» Нұр Отарлықтарды көп күттірген жоқ. «Арқарлар» алаңға шыға салысымен-ақ, флэш-моб шаралары барысында көпшілікке танымал болып қалған Бостандық аудандық прокурорының орынбасары Еламанов мегафонымен сөйлей жөнелді:

- Сіздің бұл әрекеттеріңіз заңсыз, акцияны доғаруды талап етеміз!..

Осылайша «арнайы диплом иелері» сыйлықпен қоса оны табыстаушы төрт «нұр отарлықты» автобусқа салып алып кетті. Сөйтіп, бір айдың ішінде Алматы полициясы флэш-моб шарасын өткізген 27 адамды ұстады. Бұған дейін де 11 «Нұр отарлыққа» қарсы әкімшілік іс қозғалып, монархиялық қозғалыстың мүшесі Айнұр Құрманов бес күнге абақтыға жабылған болатын.
XS
SM
MD
LG