Accessibility links

Қазақстанның «АТФ банкының» акция капиталы шетелдік қаржы тобына екі миллиард доллардан астам бағаға сатылды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Келісім шарты бойынша жарты жылға созылатын осы сауда келісімі аяқталған соң, бұл бағаға банктың осы жылғы кірісінің 50 пайызы да қосылатын болды. Ресми мәліметтерде 2006 жылғы көрсеткіштер бойынша «АТФ Банк» Қазақстан банк жүйесіндегі алғашқы үштікке кіріп, актив мөлшері 8 миллиард доллардан асып, Қазақстанда банк саласындағы қызмет көрсетулердің 12 пайыздайын атқарғандығы айтылады. Бұл банктың негізгі акционерлері Қазақстан президентінің іс басқарушысы Болат Өтемұратов пен оның екі ұлы боп табылады.

«АТФ Банктың» шетелдік қаржы тобына сатылатынын дүйсенбі күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдарына банктың директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Исатаев пен банктың басқарма бастығы Талғат Қуанышев хабарлады.

«АТФ Банктың» 100 пайыздай акциясы италияндық Уникредит тобына 2 миллиард 275 миллион долларға сатылатын болды. Ол жайлы Уникердит тобына жататын «Банк Австрия - Кредитанштальтпен» тиесілі келісімдерге қол жеткіздік. Алда үш елдің де реттеу органдарынан, монополиға қарсы комитеттері мен Қаржылық бақылау агенттіктерінің тиесілі келісімдерін алу және басқа да процедуралық істерді аяқтау күтіп тұр. Ол шамамен жарты жылға созылуы мүмкін, тек содан кейін ғана біз меншік иесінің ауысқаны туралы толыққанды айта аламыз», - деді банктың директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Исатаев.

Сондай-ақ Исатаев банктің меншік иесі ауысқанымен банк өз жұмысын бірқалыпты, бұрынғы стратегиялық бағытта, осы топ менеджерлер командасымен жалғастыра беретінін айтып отыр. Ал банктың басқарма бастығы Талғат Қуанышев банкты сатудағы ең негізгі көздеген мақсат – қосымша қаржы тарту екенін айтады.

«Банктың қазіргі даму қарқынын осы деңгейде ұстап отыру үшін қажет болған қаржыны банкты саудаға қою арқылы табу тиімді деп танылғандықтан, акционерлер былтыр банкты саудаға қойған болатын. Ал банктың даму қарқыны жылына 120 пайыздай боп тұр. Ал осындай қарқынды ұстап тұру үшін дер кезінде қаржылай қолдау боп тұруы қажет. Банк акционерлері үшін мұндай даму қарқынын қолдап отыру қаржылық тұрғыдан ауыр болды. Қосымша қаржы көздерін табудың үш жолы бар. Біріншісі, акционерлердің өздері қаржы құюлары керек, не қосымша акционерлерді IPO сату арқылы, яғни бақылау пакетіне жетпейтін қосымша акцияларды нарықта сату арқылы, не банкты саудаға қою арқылы табу қажет еді. Біз осы варианттардың соңғы екеуін қарастырдық. Бірақ, IPO нарығының бізге ұсынған шарттары бізді қанағаттандырмады да стратегиялық инвестордың ұсынысы дұрыс деп табылып, осы сауданы жасауға келістік», - дейді банктың басқарма бастығы Талғат Қуанышев.

Ресми мәліметтерде «АТФ Банктың» 85 пайыздай акциясы Қазақстан президентнің іс басқарушысы Болат Өтемұратов пен оның екі ұлы – Әлидар мен Әнуарға тиесілі деп айтылады.

Бұл - шетелдіктерге сатылып отырған Қазақстанның екінші банкі. Былтыр Қазақстанның «Тексакобанкын» Ресейлік «Сбербанк» сатып алған болатын. Демек бұл, бір қарағанда, қатардағы сауда сияқты боп көрінеді. Қазақстанда қазіргі уақытта осыған дейін есепте болмай келген «мүлікті заңдастыру» науқанымен тұспа-тұс жасалып отырған бұл банк саудасына қатысы сарапшылар түрлі пікірлер айтып отыр. Тәуелсіз экономист Төлеген Асқаров «дәл қазір көрсеткіштері жақсы банктың саудаға түсуі түсініксіз» деген күмән білдіреді. Ал кезінде Қазақстан үкіметінде қаржы саласын басқарған мамандардың бірі, қазірде оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов «бұл сауда ешқандай саяси астарсыз, таза бизнес жобасы» деп санайды.

«Менің білуімше, бұл банкта Өтемұратовтан басқа Қазақстанның шенеуіктері жоқ. Ал оның неге банкты сатып жатқанына келсек, меніңше, Қазақстанның банк саласында бәсекелестік өте жоғары. Ал АТФ болса алғашқы бестікте айтарлықтай тұрақты деп айтпаған болар едім. Сондықтан олар банк акциясын ұсынылып отырған өте тиімді бағаға сату дұрыс деп тапқан болар. Мен бұл шешім толығымен бизнес себептерімен байланысты деп ойлаймын», - дейді Ораз Жандосов.

Қандай болғанда да осы банк сатылған соң Қазақстандағы миллиардерлер саны тағы бір адамға өсіп, енді ФОРБС журналының келесі жылғы қортындысында Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында мемлекеттік қызметте жүрген жоғары лауазымды шенеунік Болат Өтемұратовтың отбасының фамилиясы да аталуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG