Accessibility links

Тәжікстанда бейбіт бітімге 10 жыл толса да әлі талай проблема шешілмей қалды


27-нші маусым күні Тәжікстан 5 жылға созылған қанқұйлы азамат соғысын аяқтаған ұлттық бітімге келуінің 10 жылдығын тойлайды. Тәжік президенті Эмомали Рахмон бейбіт өмірдің 10 жылдығын атап өтуге бүкіл халықты шақырады. Алайда елдің іші мен сыртында өткен 10 жылды “Тәжікстанның алға жылжыған, ілгері басқан кезеңі болды” деп есептемейтіндер де баршылық көрінеді. Ондай адамдар Тәжікстандағы қазіргі ахуалды азамат соғысының барысындағы жағдайдан да нашар деп санайды.

1997-нші жылдың 27-нші маусымында ол кезде Эмомали Рахмонов болған тәжік президенті Э.Рахмон мен Біріккен тәжік оппозициясының (БТО) лидері Саид Абдулла Нұри Мәскеудегі мінберде тұрып, тәжіктердің ұлттық бітіміне қол қойды. Қол қою рәсімін Ресей президенті Б.Ельцин мен Иранның Мәскеудегі елшісі бақылап тұрды. Б.Ельцин қол қоюы рәсімін былай деп қорытындылады.

Б.ЕЛЬЦИН: “Ежелгі әрі көп азап көрген Тәжікстан жеріне, ақыр-аяғында, ұзақ күтілген бейбітшілік орнады”.

Тәжік президенті Э.Рахмон бұл тыныштықты бүкіл тәжік халқының асыға күткенін атап көрсетті.

Э.РАХМОН: “Тыныштық пен келісім – Тәжікстан халықтарының аңсаған арманы болды. Тәжіктердің ешқашан жауласудың қылышын көтермегеніне адамзат тарихының өзі куә”.

Ал Біріккен тәжік оппозициясының лидері Саид Абдулло Нұри мәлімдегендей, бітімге жетудің жолы тым ұзақ болды.

С.А.НҰРИ: “Біріккен тәжік оппозициясы мен үкімет 3 жылға созылған бейбіт келіссөздің барысында қиын-қыстау жолды басып өтті. Осы күнге жету үшін оларға талай да зор тосқауылдан өтуге тура келді”.

Бұл шынында да ауыр жол болды. Бейбіт бітім 100 мыңнан астам халық қырылып, жарты миллионға жуық халық босып кетіп, елдің бүкіл инфрақұрылымын қиратқан 5 жылдық азамат соғысын тоқтатты.

Азамат соғысының шығу себебін нақты атау қиын. Бұл қантөгіске Біріккен тәжік оппозициясы бастаған демократиялық қозғалыс қатысса да, ресми билік соғысты зайырлы күштердің исламшылдарға қарсы күресі деп сипаттауға тырысты. Бұл соғыстың аймақтық сипаты да болды. Мысалға, кейбір саяси сарапшының пікірінше, Э.Рахмонның туып өскен Куляб өлкесі Тәжікстандағы билікті өз уысында ұстап қалғысы келсе, өзінің аймақ-өлкесін дала қолбасы ретінде басқарғысы келген жергілікті көсемдер тағы болды. Бірақ олар өздерінің қарулы құрамаларын үкімет күштеріне көмекке жіберді. Азамат соғысы кезінде Тәжікстан - баспасөз бостандығы мен адам құқының ахуалы жағынан Орта Азия елдерінің ішінен ең нашары болды.

Тәжікстандағы ұлттық бітімнің теңдесі жоқ. Бітім соғыс қимылдарын тоқтатумен қатар, тәжік оппозициясы үкімет құрамындағы 30 пайыз орынға ие болып, оппозицияның қарулы құрамалары ұлттық тәжік армиясының қатарына қосылды. Сол кезде оппозициядан үкімет құрамына кірген шенеунектердің соңы одан өткен жылдың желтоқсан айында кетті.

Тәжік президенті Э.Рахмон мен басқа ресми өкілдер бейбіт бітімді сол кезде зор ықыласпен қабылдады. Алайда, осы аптада жүргізілген қоғамдық сауалнама көрсетіп бергендей, тәжіктердің көпшілігі елдегі қазіргі ахуалды онша қанағаттанбайды.

Дододжон Атавулло – президент Э.Рахмонның көптен бергі бітіспес қарсыласы. Ол өзінің “Чароги руз” газетін Ресейде басып шығарады. Оның мәлімдеуінше, бейбіт бітім соғыс қимылдарын ғана тоқтатты да, бірақ одан басқа ештеңе өзгерген жоқ.

Д.АТАВУЛЛО: “Бейбітшілік” деген сөз - “азаттық”, “тәуелсіздік”, “әділ сот” деген сөздер секілді - адамды адастырады. Тәжікстан халқы тыныштықты қадір тұтады. Бірақ, ең өкініштісі, бейбіт бітім саяси процесс ретінде аяқталды. Егер соғыс жылдарында 150 мың немесе тіпті 300 мың босқын болған болса, бүгін біз елді тастап кеткен 1 миллионнан “астам экономикалық босқынды” көріп отырмыз. Өкініштісі, тәжік лидерлері күрес-тартысты ғана ауыздықтай алғанымен де, жанжалдың себептері жойылған жоқ”.

Тәжікстандағы Исламдық қайта өрлеу партиясының лидері Мухиддин Кабири де егер елдегі ахуал жақсармаса, Тәжікстанның бұрынғы мүшкіл халіне қайта оралуы әбден мүмкін деп ескертеді. Тәжікстанның Исламдық қайта өрлеу партиясы – бүкіл Орта Азиядағы ресми тіркелген жалғыз ислам партиясы болып табылады.

М.КАБИРИ: “Егер кімде-кім: “бейбітішілі – орныққан факті; ел азаматтық жанжалға қайтып орылмайды және оған алаңдамаңдар”, -деп ойлайтын болса, олар адасады. Біздің пікірімізше, бітімді бұзу және жалғасып келе жатқан жалпы заң бұзушылық саяси істерге жатады. Егер келешектегі сайлаулар - тағы да 2005-інші жылғы парламент сайлауына ұқсайтын болса, біз оған бейбіт бітімді бұзу деп қарайтын боламыз. Менің ойымша, бейбіт бітімнің рухын Тәжікстандағы барша жұрт қадірлеуге тиіс”.

Бейбіт бітімнің 10 жылдығы қарсаңында “Азаттық” Радиосының Тәжік редакциясы Тәжікстан көшелерінде сауалнама жүргізіп, өзінің интернет-сайтын ашып оқитындарға бейбіт бітімнен 10 жыл өткеннен кейінгі әлі шешілмеген проблемалар туралы өз пікірлерімен бөлісуді өтінді. Бір тәжік әйелі азаматтардың негізгі құқының бұзылуын Тәжікстанның ең үлкен проблемасы деп атады.

ӘЙЕЛ: “Адамның құқын бұзудың саяси салдары болуы мүмкін. Халық пен үкіметтің арасында кикілжің шығуы ықтимал, осылайша әрбір азамат өзінің жағдайына назар аудартуға тиіс. Біздің азаматтар өз пікірлерін айтудан жасқанады, бірақ бұл ешқандай проблема жоқ деген сөз емес. Олардың үнсіздігі – үкіметке сын. Егер олар өркендеуді, қайта жаңғыруды қаласа, онда жұрт өзінің құқы үшін күресуге тиіс, олардың құқы құрметтелуге тиіс. Міне сонда ғана ол жақтағы тыныштықтың заманы ұзақ болады”.

Ал басқа бір азамат жаппай жұмыссыздықты Тәжікстанның ең зор проблемасы деп атап көрсетті. Егер шамамен 600-800 мың тәжік азаматының Ресей мен Қазақстанда қара жұмыс істеп күн көретіні ескерілсе, ол азаматтың пікіріне дау айту өте қиын. Ал өзге бір әйел болса ислам дінін ұстанушыларға шектеу қойылуын үлкен проблема деп есептейді.
XS
SM
MD
LG