Accessibility links

Тіркелмеген «Атамекен» саяси партиясы өзге партияларға біріге ме?

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Тіркелмеген «Атамекен» саяси партиясы алдағы уақытта парламент сайлауына түсуі үшін Қазақстандағы партиялардың бірімен бірігуі мүмкін. 26 маусым күні осы жайында мәлімдеген «Атамекен» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшелері партияға өзге 4 партиядан бірігуі жөнінде ұсыныстар келіп түскенін хабарлады. Сондай-ақ, олар қазірде шетелде жүрген партия төрағасы Ержан Досмұхамедовтің іс-әрекеттерін сынға алып, егер ол 3 шілдеге дейін партияға келіп қайта қосылмаса, онда партия ісін өз қолдарына алатындарын ескертіп мәлімдеме жасады.

Биылғы тамыз айында белгіленіп отырған алдағы парламент сайлауына елдегі ресми тіркелген партиялардың бірімен қосылып түсетіндігін мәлімдеген «Атамекен» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшелері алдымен шетелде жүрген партия төрағасы Ержан Досмұхамедовты шақырып отыр.

- Біз Ержан Досмұхамедов мырзаға 2 шілдеге дейін Қазақстанға келіп, партия сиезінде өз ойын айтуы керектігін соңғы рет ескертеміз. Біз осыған дейін оған 4 шақырту жібергенбіз. Егер ол сиезге келмесе, онда біз партия жұмысын өзіміз қолға аламыз. Бізге осымен 4 партия бірігуі жөнінде ұсыныстар жасады. Олардың біреуі - «Әділет», екіншісі - «Ақ жол» партиясы. Парламент тарап, кезекті сайлаудың күні белгіленді. Осыларға байланысты біз партия ретінде мәлімдеме жасауымыз керек. Партия жарғысы бойынша мәлімдеме сиезде қабылданады, - деді «Атамекен» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі Василий Резван.

Оның айтуынша, Қазақстанда ешкім Ержан Досмұхамедовтің үстінен арызданып, іс қозғамаған. Сондықтан ол қорықпай-ақ, еліне қайта берсе болады деді В.Резван. Сондай-ақ, ол партия жетекшісі Е.Досмұхамедовтың шетелдегі іс-әрекеттерін партия жарғысына сай келмейді деп мәлімдеді. Ол өз сөзінде партия төрағасын шетелдік демеушілерден партия атынан 1 миллион доллар алып, құпия істерге жұмсамақ болған және партия мүшелерін қорқытып отырған деп кінәлады.

- Соңғы рет Ержан Досмұхамедов өзінің Саша Барон Коэнмен бірігіп, Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретін кино түсіретіндігін айтып қорқытқан мақала жазды. Біз бұл әрекеттің Қазақстан үшін масқара екенін түсініп, мұны айыптаймыз. Сондай-ақ, бізге партия мүшелерінен Досмұхамедовтың кек алу үшін оларды телефон арқылы қорқытқандығы жөнінде арыз-шағымдар келіп түсті. Біз партия Ержан Досмұхамедов үшін құрылмағанын ескертеміз, - деді Василий Резван.

«Атамекен» партиясы саяси кеңесі бюросының тағы бір мүшесі Данияр Сабырбаев Ержан Досмұхамедовке қатысты іс-әрекеттерге өздерін ешбір сыртқы күштер итермелеп отырған жоқ деп кесіп айтты.

- Шынымды айтсам, бұл күлкілі. Біріншіден, қазір біреулердің тарапынан қысым көретіндей заман емес. Екіншіден, партия мүшелерінің көбісі төрағаға өз беттерімен қарсы шықты, - деді Данияр Сабырбаев.

12 маусым күні бір топ партия мүшелері Ержан Досмұхамедовтың төрағалық қызметін уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ал Досмұхамедов өз мәлімдемесінде бұл әрекетті биліктің, «Нұр Отан» партиясының араласуымен болған әрекет деп бағалаған еді. Бұған дейін ол шетелде жүріп билікке қатысты көптеген, оның ішінде «Атамекен» партиясын тіркемеуге байланысты да сын-пікірлер айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG