Accessibility links

Шымкентте балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты іс бойынша сот үкімі шықты

  • Досан БАЙМОЛДА

Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру оқиғасы бойынша өтіп жатқан сот процесінде сәрсенбі күні айыптыларға қатысты сот үкімі жария етілді. Сотқа айыпкер ретінде қатысқан 21 адамның төртеуіне шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы беріліп отыр.

Шымкентте биылғы қаңтардың 19-ы күні басталған сот ісін қарап отырған судья Зиядинхан Пірнияз өткен аптада ВИЧ індетіне қатысты жауапқа тартылғандарға сот үкімі алдағы шілденің 11-і күні шығарылатынын хабарласа да, маусымның 26-сынан бастап сот үкімін жария ете бастады. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы төрайымы Нұрсұлу Тасмағамбетова Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 316-шы тармағының 2-ші бабы бойынша өз қызметіне немқұрайлы қарады деп айыпталып, 3 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы берілді және ол сот шешімімен осы денсаулық сақтау жүйесінде 3 жыл бойы қандай бір қызмет атқара алмайтын болады.

Сондай-ақ Н.Тасмағамбетованың жұбайы, облыстық медициналық қызметтердің сапасын қадағалау комитетінің бұрынғы басқарма бастығы Рысқұлбек Байхарашевке және оның бұрынғы орынбасары Орынбасар Қошқалыұлына да үш жылға шартты бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті төрайымының бұрынғы орынбасарлары Нағима Жолдасова мен Рахима Қуандықоваға да үш жарым жыл бас бостандығынан айыру жазалары берілді.

Ал облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Ташмұқан Тайбеков бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды. Ал оның бұрынғы орынбасары Гүлжамал Қылышбековаға төрт жыл берілді. Сондай-ақ осы облыстық балалар ауруханасының жас сәбилер бөлімінің бұрынғы бастығы Құттықыз Ақбалаева Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 316-шы тармағының 2-ші бабы және 311-ші тармағының 4-ші бабы, яғни «пара алғаны» үшін айыпты деп танылып, сот оны 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Оның жеке меншік дүниелері тәркіленіп, жазасын өтегеннен кейін денсаулық сақтау жүйесінде 5 жыл бойы қызмет ету құқығынан айырылды.

Осы балалар ауруханасының реанимация бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Мұқамедияр Әуелбеков өз жұмысына немқұрайлы қарады деген баппен және Қылмыстық кодекстің 177-ші тармағының 2-ші бабы бойынша, яғни алаяқтыққа жол берді деп айыпталып, сот оны 4 жылға бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етті. Ал Шымкент қаласындағы №1 балалар ауруханасының реанимация бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Әлібек Тастанов Қылмыстық кодекстің 316-тармағының 2-бабы, 177-тармақтың 2-бабы және 311-тармақтың 4-баптары бойынша айыпты деп танылып, сот үкімімен 8 жыл бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленетін болды.

Сондай-ақ, жеті жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Шымкенттегі №2 балалар ауруханасының жас сәбилер бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Алтынай Тілесованың да дүние-мүлкі тәркіленбек. Ал қан орталығының бұрынғы қызметкері Халба Асанова алаяқтық жасаған деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын алды. Үкім жария болысымен, осы сот тергеуі кезінде тұтқында болған Х.Асанова сот залынан бірден бостандыққа шықты. Шымкент қалалық №2 балалар ауруханасының реанимация бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Асылбай Шөкеев 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды. Сот үкімі бойынша ол 5 жыл бойы денсаулық сақтау саласында қызмет ете алмайды.

Облыстық балалар ауруханасының бұрынғы есепшісі Бақытгүл Серданова бюджеттік қаржыларды заңсыз жолдармен жұмсаған деген айыппен алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды және оның да дүние-мүлкі тәркіленеді. Ал облыстық аурухананың бұрынғы кассирі Роза Кәукешоваға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Алған жазаларының жеңілдігіне қарай 8 адам өз жазаларын елдімекенде орналасқан колонияда өтейтін болса, қалғандары жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының төрағасы Сағадат Масауров сот үкімінің әділ болмады деп санайцды.

«Облыстық денсаулық сақтау мекемесі басшылары жеңіл жазамен құтылып, төменгілері жазаның ауырын алды», - дейді ол.

Сондай-ақ ол бұл мәселеде сот үкімін оқыған судьяның «бар болғаны жоғарыдан келген нұсқау бойынша үкім шығарғанын» айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтырған мәселесі жөнінде облыстық СПИД орталығының бөлім бастығы Ақбөпе Алтынбекованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін ВИЧ індетін жұқтырған 118 бала және 14 ана анықталған. Осы балалардың 10-ы осы дерттен болып қайтыс болған, олардың ең соңғысы маусымның 19-күні Шымкенттегі ауруханада көз жұмған. Ал бір ауру баланы шетелдіктер асырап әкеткен.

СПИД орталығы өкілі облыстағы барлығы 300-дей донорлардың 270-дейі тексеруден өтіп, олардың бәрі ВИЧ/СПИД індетінен таза екені анықталғанын айтады.
XS
SM
MD
LG