Accessibility links

«Әділет» және «Ақ Жол» партиялары бірікпекші


Қазақстанда алдағы тамыздың 18-іне белгіленген парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлаулары алдында елдегі саяси партиялардың бір-бірімен бірігу процесстері жалғасып жатыр. Бұл жолы «Әділет» партиясы мен «Ақ Жол» партиясының басшылары бірігу туралы уағдаластыққа қол жеткізгендерін жариялап отыр. Бұған дейін билікті қолдаушы бірқатар саяси партиялар президенттік «Нұр Отан» партиясының төңірегінде болатындықтарын білдірсе, содан кейін іле-шала оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Нағыз Ақ Жол» партиясы бірігетіндерін мәлімдеген еді.

«Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, бұл екі партияның бірі бірімен ұқсас жақтарының көп екендігін, егерде екі партия бірігетін болса, онда елдегі саяси үлкен күшке айналатындығын айтты. Оның айтуынша, екі партияның бірігу мәселесі қазір жергілікті аймақтардағы партия бөлімшелерінің конференциялары қызу талқыланып жатқан көрінеді. Ең соңғы шешім алдағы шілде айының 8-і күні өтетін екі партияның бірлескен құрылтайында мәлім болмақ.

«Ақ Жол» демократиялық партиясымен бірігу туралы ұсынысты көтерген Демократиялық «Әділет» партяисының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев екі партияның соңғы 7 айдан бері негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасап келе жатқандығын айтып, «Әділет» партиясы өзінің пленумдық жиынында «Ақ жол» партиясымен бірігу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Ол екі партия біріккеннен кейінгі аты «Әділетті –Ақ Жол» деп атауды жөн көреді. Бірақ, сайлауға дейін мерзімнің тым аз қалғанын ескеріп, «Әділет» партиясы «Ақ жол» партиясы деген атпен бір тудың асында сайлауға түсуі мүмкін дейді ол.

Саясаткер, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов қәзір Қазақстанда екі ірі саяси күштің бар екендігін, оның бірі – президент Назарбаевтың басшылғындағы «Нұр-Отан» партиясы болса, екіншісі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бастаған оппозициялық күштер екендігін айтады.

«Ал қалғандары, яғни «Әділет» партиясы немесе «Ақ Жол» партиясы - әлі күнге дейін өздерінің жолдарын таба алмай жүргендер. Егерде олар өз араларында бірігеміз деп жатса, онда ешбір амалдары қалмаған соң істеп жатқан іс-шаралары, - дейді ол.

Қазақстандық саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пікірінше, «Әділет» пен «Ақ Жол» демократиялық партияларының бір-бірімен бірігуі елдегі саяси өмір талабынан туындаған заңды процесс болып саналады.
XS
SM
MD
LG