Accessibility links

Президент Назарбаев өз партиясының сайлауда басымдылықпен жеңіске жететініне сенімді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Дүйсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің жаңа кеңсеcі ғимаратының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде өз партиясының парламентте басым көпшілік орындарды алатынына сенімді екенін білдірді. Сондай-ақ ол сайлау алды науқанда «Нұр Отанның» тұғырнамасында «желпінбе ұрандар болмайды» деп мәлімдеді. Билік партиясы «Сайлау туралы» заңды қазірден бастап бұзып отырғанына қарағанда, тамыз айындағы парламенттік сайлаудың қалай өтетіні белгілі дейді оппозиция өкілдері.

Қазақстанда парламенттік сайлауға қызу дайындық жүріп жатыр. Ресми тіркеудегі партиялардың біразы өзара қосылып, біразы жеке дара парламентке өз үміткерлерін ұсынбақшы. Мысалы, осындай науқан кездері аты естіліп қалатын «Руханият» партиясы тізім бойынша депутаттыққа үміткер ретінде 11 адамды тағайындап та үлгерді. Ал көптеген партиялардың сиездері енді ғана өтейін деп отыр. Бірақ, барлық партиялар да 11-ші маусымға дейін сайлау мәселесінде айқындалуы керек. Одан соң 18-ші маусымға дейін Орталық сайлау комиссиясы, салық органдары партия ұсынған тізімдерді тексеріп, сайлауға түсуге рұқсат беруі керек те, содан соң ғана сайлауға деген үгіт-насихат ресми басталуы керек. Алайда, Қазақстан президенті 2-ші маусым күні-ақ Астанада «Нұр Отанның» бөлімше ғимаратының ашылу салтанатында өз партиясының алдағы сайлауда басымдылықпен жеңіске жететініне сенімді екенін мәлімдеді. Бұл «Сайлау туралы» заңды бұзу дейді Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының мүшесі, саясаттанушы Айдос Сарым.

- «Нұр Отанға» ешқандай заң жоқ сияқты екенін біз баяғыдан білеміз ғой. Сондықтан олардың әртүрлі шараларын телеарна болсын, басқа да БАҚ-да болсын жарияланып жатқанына ешқандай таңырқамаймыз. Президенттің алдын-ала «басымдықпен жеңіске жетеміз» деуі - ол партияны жасырын жарнамалаудың бір түрі. Көзге түсер нәрсе, мысалы, егер телеарналарды ашсаңыз тек қана билік партиясы – «Нұр Отанды» көрсетеді. Көшеде келе жатсаңыз билбордтар - бір партияныкі. Ал жақында оппозициялық партиялар өздерінің біріккені туралы жарнама жасап, телеарналардың бәріне ұсынған, бірақ олардың біреуі де ол жарнаманы алмады. Немесе, мысалы, қазір кез-келген, мемлекеттік болсын, жеке меншіктегі болсын телеарналарда жарнама бағасы шарықтап кетті. Мысалы, «Евразия ОРТ» телеарнасында жарнаманың 30 секундтық ролик құны 5 миллион теңге болды. Ал билік партиясы жыл басынан барлық телеарналардан өз роликтерін айналдырып алды. Енді оларға ешқандай жарнама керек те емес».

Айдос мырза «қазірдің өзінде көзге түсіп отырған басқа да заң бұзушылықтар бар» дейді.

- Міне, осындай заң бұзушылық па, шектен шығушылық дейміз бе, барлық жерде орын алып отыр. Екінші көзге түсетін мәселе, сайлау учаскелеріндегі комиссияға оппозиция өкілдерінің жіберілмеуі. Мен білсем, сайлау комиссиясында бүкіл оппозиция болып 2-3 пайыздан аспайтын орындарды алды, оның өзінде сол ауылды жерлерде ғана. Ал бірде-бір облыстық комиссияда не аудандық комиссияда оппозиция өкілдері сайланбаған. Осыдан-ақ көрініп тұр ғой сайлау қалай болатындығы, - дейді Айдос Сарым.

Бұған қатысты «Нұр Отан» партиясының ресми өкілдерінен баспасөз үшін қандай да бір түсініктеме алмақ болған «Азаттық» тілшісінің әрекеттері сәтсіз аяқталды.

«Нұр Отан» партиясына соңғы кездері Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, «Қазына» мемлекеттік қорының төрағасы Қайрат Келімбетов сынды лауазымды қызметтегі тұлғалар мүшелікке енді. Осы сәтті пайдаланып оппоизициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Төлеген Жүкеев жоғарыда аталған тұлғаларды телесайысқа шақырып та үлгерді. Бірақ оған әзірге жауап алынған жоқ.
XS
SM
MD
LG