Accessibility links

Адам хұқын қорғаушы топтар Ирандағы даулы діни тұлғаның тағдырына байланысты алаңдаушылық білдірді


Адам хұқтары жөніндегі Ирандық және халықаралық топтар Иранның даулы рухани тұлғасы мен оның қолдаушыларына өлім жазасы шығарылған болуы мүмкін деген хабарларға байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірді. Расталмаған хабарларға қарағанда, Иранның дін басыларына арналған арнайы соты дінді саясаттан ажырату керек деп айтып келген Аятоллаһ Сеид Хоссейн Каземейни Боружердиге өлім жазасын шығарған көрінеді.

Аятоллаһ Боружерди осыдан 9 ай бұрын қамауға алынған болатын. Боружердинің Иранда зайырлы саяси билік орнату керек деген үндеулеріне елдің басқарушы рухани көсемдері қарсылық танытып келген.

Ақпарат тарататын Иран вебсайттарының хабарлауынша, Боружерди мен оның қолдаушылары “Құдайға қарсы соғыс жүргізуде” деген айыптар бойынша айыпты деп табылып, өлім жазасына кесілген. Бұл хабарлар әлі расталған жоқ. Дегенмен, адам хұқтары жөніндегі халықаралық топтар осыған байланысты алаңдаушылықтарын білдіруде.

Иранның ресми ақпарат агенттіктері кейін дін басыларына арналған арнайы соттың атын атағысы келмеген ресми өкілінің айтқандарын келтіре отырып, ол хабарларды жоққа шығарды. Олар, сондай-ақ, Боружерди өлім жазасына кесілмеді, оған байланысты сот ісі әлі қаралып жатыр деп хабарлады.

Аятоллаһ Боружерди қазанның 8-і күні Теһрандағы үйінде қамауға алынған болатын. Сонымен қатар, полиция күштерімен қақтығысқан Боружердинің жүздеген қолдаушысы да тұтқындалды. Олардың кейбірі кейінірек босатылды.

Бірақ билік орындары Боружердині түрмеде қалдырып, оның жағдайы туралы ақпарат бермей жатыр.

Хабарларға қарағанда, Боружердиге отбасы мүшелерімен және адвокатпен көрісуге тиым салынған. Боружерди, сондай-ақ, қатты ауырып кейін қайтыс болған анасымен де көрісе алмаған.

Парижде орналасқан адам хұқтары бойынша халықаралық федерациясының вице-президенті Абдолкарим Лахиджидің айтуынша, Боружерди маусым айындағы сотта жақсылап сөйлеуге де тіпті өз аяғында тік тұруға да шамасы келмеген. Бұл туралы оның туыстары хабарлаған.

“Оның отбасынан естігеніміздей, Каземейни Боружердинің денсаулық жағдайы өте нашар. Ол Паркинсон аурына шалдыққан, оның емделуіне мүмкіндік берілмей жатыр. Сондықтан оның отбасы Боружердинің денсаулығына байланысты алаңдап отыр”, - деді Лахиджи.

Маусымның 15-і күні “Amnesty International” ұйымы Боружердинің түрмедегі ахуалына байланысты алаңдаушылық көбейіп отыр деп мәлімдеді. Ааталған ұйымның айтуынша, диабет пен жүрек аурына шалдыққан Боружерди түрмеде жауап алу барысында қинап-азапталған сияқты.

Бұдан бұрын Боружердинің өзі “Азаттық” радиосына берген сұхбатында оған үкімет тарапынан қысым күшейіп жатқанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, Боружерди билік орындары мені өлім жазасымен қорқытуда деп айтқан тұғын.

Қазан айында, Боружерди Ислам туралы дәстүрлі түсінігім үшін билік орындары мені нысанаға алып отыр деп мәлімдеген еді.

“Мен саяси өрнектен бос болған нағыз Исламды көрсетемін. Ол Иран билігінің Ислам жөніндегі түсіндірмесіне сәйкес келмейді. Ол 1428 жыл бұрын түсіндірілген. Ол Мұхаммед Пайғамбардың ұстанымдары мен оның жүріс-тұрысы туралы. Ол қуғын-сүргін мен дискриминацияға қарсы болған. Біздің қасиетті жетекшілеріміз өздерінің және балаларының ауыздарынан тамақты алып кедейлерге берген. Ал қазір, өкінішке орай, еліміз өте бай болса халық кедейшілікте өмір сүруде”, - деген Боружерди.

Боружердинің дінді саясаттан ажырату керек деген көзқарасы 1979 жылы құрылған Иран Ислам республикасының негіздеріне проблема туғызуы мүмкін.

Иран билігі Боружердині Исламды қате түсіндіруде деп айыптауда.

Кей хабарларға қарағанда, аятолла Боружерди мен оның 20-ға жуық қолдаушысына “ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет етті” және “Құдайға соғыс ашты” деген айыптар тағылған.

Адам хұқтары бойынша халықаралық федерациясының вице-президенті Абдолкарим Лахиджи егер Иран билігі шынымен де Боружерди мен оның қолдаушыларына өлім жазасын шығарған болса, онда оны тез арада жоюға шақыруда.
XS
SM
MD
LG