Accessibility links

Президент Назарбаев «Нұр Отан» партиясының басшылығын өзіне алды


«Мен қазақстандықтардың тек сөзі ісінен ажырамайтын партияға дауыс беретініне сенемін және ондай партия - «Нұр Отан». Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада шілденің 4 күні өзі жетекшілік ететін партияның кезектен тыс 11 съезінде осындай мәлімдеме жасады. Ал жергілікті оппозиция өкілдері Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес насихат тек 18 шілдеден басталуы керек екенін айтып, президенттің сөзін «сайлау заңына қайшы келеді» деп бағалады.

Биліктің «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінен кейін президент Назарбаев баспасөз мәжілісін өткізді. Онда президент Назарбаев парламенттегі партиялардың аз болғаны жөн деген пікірін жеткізуге тырысты.

«Парламентте 10-20 партия жылдар бойы үкімет мүшелерін сайлай алмай, өзара сүзісіп, мемлекет мүдделері шетте қалатынын біз білеміз. Түркия да әлі күнге дейін президентті сайлай алмай отыр, сол себепті оларға парламентті таратуға тура келді. Сондықтан Қазақстан үшін елге өз бағдарламасын ұсынатын Америкадағыдай екі мықты партия болғаны жақсы болар еді», - деді Қазақстан президенті.

Президент Назарбаевтың айтуынша, қазір партиялар бірінші қатарға шығып отыр.

«Өйткені парламент мәжілісіне 98 адам партиялық тізім бойынша сайланады. Халық партия бағдарламаларына дауыс береді», - деді ол.

Қазақстанда бұған дейін биліктің партиялары өзара бірігуі нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының қатары көбейген болатын.

«Қазақстандағы билік партияларының бірігуі дамыған елдердегіден өзгеше және бұл демократияға, пікір алуандығына кесірін тигізеді», - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Серікбай Әлібаев Қазақстанда Назарбаев айтқандай екі партия емес, көп партия болғаны жөн деп санайды:

- Биліктің өзі президенттен бастап халықты бөліп отыр. Президент халықты партияларға бөлмеу керек. Екі партия болу керек дегені де дұрыс емес. Егер біздің халқымыздың 10-15 пайызы шылқып байып отырса, қалған 80-85 пайыз кедей болса, онда қалай, «Нұр Отан» сол 15 пайыздың ғана қамын ойлап отырған партия шығар.

Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстандағы билікке жақын партия мүшелерінің жалпы саны да, партиялардың саны да оппозициялық партия мен мүшелерінен әлдеқайда артық. Саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек билікке жақын партиялардың бірігуі оппозицияға пайдасын тигізуі мүмкін деген пікір айтады.

«Өйткені қарсылас партия енді көп емес тек біреу ғана», - дейді ол.

Бұның алдында елде оппозициялық партияларда өзара біріккен болатын. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Серікбай Әлібаев президент өз партиясының насихатын тым ерте бастап отырғанын атап айтады:

- Президент кепіл ретінде халыққа айтпай, «сен мына партияға дауыс бер» демей, сайлау кезінде елден кетіп қалуы керек, оған бәрі тең болуы керек. Үгіт-насихат тек 18 шілдеден басталады. Ал президент болса бүгін бастады, ол өзі заңды бұзып отыр.

Кезектен тыс съезд отырысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Жұмағұлов хабарлағандай, парламент мәжілісі депутаты болғысы келетін үміткерлердің тізімі бекітілді. Енді 127 адамнан тұратын «Нұр Отан» партиясының тізімі Орталық сайлау комиссиясының қарауына беріледі. Ол тізімге Әділет министрі Зағипа Балиева, Ақпарат және мәдениет министрі Ермұхамет Ертісбаев, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсова, Экономика министрі – вице-премьер Аслан Мусин және тағы басқа адамдар енді.

Қазір Қазақстанда ресми түрде 12 партия тіркелген. Ал елдегі электораттың, яғни дауыс беруге құқы бар адамдардың саны 8 жарым миллион.
XS
SM
MD
LG