Accessibility links

Тіркелмеген оппозициялық партия басшысы қызметтен неге кетті?


Қазақстан билігі ресми түрде тіркемей отырған «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахмет маусымның 4-күні өзінің атынан таратқан мәлімдемесінде партиядағы төрағалық қызметінен бас тартқандығын жариялады. Мұндай қадамын ол «Алға» партиясының бірқатар мүшелері басқа да оппозициялық партияға қосылу бастамасын қолдамағандығымен түсіндіріп отыр. Асылбек Қожахметтің өзі «Азаттық» радиосына берген сұхбатында социал-демократтардан өздеріне қосылу туралы шақырту алғандығын жасырмады. Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай болса саяси достарына партияның есігі айқара ашық екендігін айтып отыр.

«Алға» партиясы саяси кеңесі президиумының төрағасы Асылбек Қожахмет өзінің партиядағы әріптестеріне қарата айтылған мәлімдемесінде төрағалық қызметінен бас тартқандығын жазған.

«Президиумның төрағасы ретінде саяси кеңестің кезектен тыс жиналысын шақырту туралы менің ұсынысым партия ішінде ұйымдасқан түрдегі қарсылыққа тап болды» деп мәлімдеген Асылбек Қожахмет.

Партия ішіндегі саяси келіспеушіліктер алғалықтардың Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясына қосылу-қосылмау мәселесінен туындаған еді. Асылбек Қожахмет оппозициялық партиялардың біріккендігін қалағанымен саяси кеңес мүшелерінің басым көпшілігі оған қарсы болды. Енді, төрағалық ұсыныстарының партия ішінде қолдау таппағандығына өкініш білдірген Асылбек Қожахмет «Азаттық» радиосына берген сұхбатында партиядағы дағдарыстың түбі тереңде жатқанын мәлімдеді.

- Бұл жердегі әңгіме алғалықтардың басқа да партияға қосылу-қосылмауы туралы емес, одан да күрделі болып тұр. Кез-келген маңызды шешімді съезд қабылдауы тиіс. Мәселе ашық әңгіме болғанда ғана шешіледі, - деді Асылбек Қожахмет.

Қазірдің өзінде «Алға» партиясының екі жікке жарылғандығы байқалады. Сөз болып отырған партияның өкілі Әлихан Рамазановтың айтуынша, партия ішіндегі саяси дағдарыс «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағалары қатысқан саяси кеңестің жиналысынан басталған.

- Дағдарыс осы жылғы маусымның 16-күні өткен саяси кеңестің бірінші жиналысынан басталған болатын. Жиналысқа сол жолы Болат Әбілов пен Төлеген Жүкеев келіп қатысқан еді. Саяси кеңес «Алғаның» социал-демократтарға қосылуын қолдамай шықты. Съезд өткізу туралы бастама қолдау тапқан жоқ. Бүгін саяси кеңестің жиналыс болуы керек еді – оны да қолдаған жоқ бірқатар партия мүшелері. Енді, Асылбек Қожахмет не істейді... Қолында ешқандай билік жоқ болса төрағалық қызметте отырып не істейді?! – дейді Әлихан Рамазанов.

Асылбек Қожахметтің өзі төрағалықтан бас тартқанымен, партияны түпкілікті тастап кетпегендігін айтып отыр. Десек те, ол социал-демократтар оны өздерінің қасына шақырғандығын жоққа шығармайды.

- Мені Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы шақырып жүр. Бірақ мен ешқайда барған жоқпын, - дейді Асылбек Қожахмет.

Ал жақында ғана өзінің құрамына «Нағыз Ақ Жол» партиясын қосып алған социал-демократтардың басшысы Жармахан Тұяқбай болса саяси достарына партияның есігі айқара ашық екендігін айтып отыр.

- Қазіргі күні партияларға және Асылбек Қожахметтің жеке өзіне ұсыныс сол күйінде қалады. Саяси достарымызға партияның есігі ашық, - дейді Жармақан Тұяқбай.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізінде жасақталған «Алға» партиясының алғашқы құрылтай съезі 2005 жылғы маусымның 23-күні өткізілді. Сол жылғы президент сайлауында алғалықтар «Әділетті Қазақстан үшін» демократиялық блогына қосылып, біріккен оппозициялық күштердің атынан түскен үміткер Жармахан Тұяқбайға қолдау көрсетті. Одан кейінгі мерзімде ҚР Әділет министрлігі «Алға» партиясын екі мәрте тіркеуден бас тартты.
XS
SM
MD
LG