Accessibility links

Мамандар жаз айларындағы ыстық ауадан көп зиянның келуі мүмкін екенін ескертіп отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстанның бірқатар денсаулық сақтау мекемелері жаз айларында жиі болатын аурулардың алдын-алу керектігін қатаң ескертіп отыр. Олардың айтуынша, ауа райының қатты ысыуына байланысты жаздың алғашқы айында-ақ, халық арасында ауру-сырқау көбейіп кеткен. Мұндай қауіп шілде, тамыз айларында да сақталынуы мүмкін дейді мамандар.

Қазақстанның ауа райын зерттеуші мамандары алдағы жаз айларының адам денсаулығы үшін оңайға соқпайтынын айтып отыр. Мысалы, «Қазгидромет» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұзақмерзімді болжамдар бөлімінің бастығы Фарида Мұратова ауа райының ысуы, әсіресе оңтүстік аймақтарда жақсы байқалады дейді.

- Шілдедегі ыстық ауысып келіп отырады. Тамыз айында да осындай жағдай қайталанып отыруы мүмкін. Жақын уақытта оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарда ауа райы көтеріледі деп күтілуде. Әсіресе, соңғы онкүндікте Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бұл қатты байқалып, температура 33-38 градусқа, кей жерлерде 40-43 градусқа дейін жетеді. Ал солтүстік облыстарда ауа райы онша көтерілмейді. Ал екінші онкүндікте ауа райы республикамызда қайта төмендейді, - дейді Фарида Мұратова.

Алматы қалалық шұғыл медициналық көмектің бас дәрігері Игорь Волков Алматы қаласында күннің ысуына байланысты қазірдің өзінде ауру-сырқаулар өсе бастағанын айтты.

- Адамдардың маусым айында жедел жәрдемге жүгінуі шамамен 20 пайызға өскен. Ал балалардыкі - 30 пайыз. Олардың арасындағы инфекциямен ауырғандар 2 есеге көбейген. Ал үлкендердікінің көрсеткіші 80 пайыз. Және осы аралықта балалардың жарақат алуы 50 пайызға өскен. Бұл балалардың ата-аналарынан қараусыз қалуына байланысты. Сондай-ақ, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар дәрігерлердің көмегіне көптеп жүгінеді деген болжамымыз бар, - дейді Игорь Волков.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық Орталығының бас директоры Қазбек Төлебаев ыстық күндерде өзгеше өмір сүру салтын ұстанған дұрыс деген ой айтады.

- Күн қатты ысыған кезде адамның температурасы қатты көтеріліп, көптеген аурулар қозуы мүмкін. Жалпы, ыстық кезде адам өз денсаулығын қатты қадағалағаны дұрыс. Мысалы, ішімдік ішкенде абайлау керек. Қатты ыстық тиген кезде ішімдік ішкендер өліп те кетуі мүмкін, - дейді Қазбек Төлебаев.

Ал жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов алдағы айлардағы ауа райының өзгеруіне байланысты былай дейді:

- Күн бүкіл аймақта ыстық болады. Әсіресе, батыс және оңтүстікте ыстық күшті болады. Солтүстік Қазақстанның өзінде де, бірінші онкүндіктің орта кезінде қатты ыстықтар болады. Кештеу пісіп жатқан егіндер уақытында піседі.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов жаз айларында күннің аптап ыстық болуы тек адам денсаулығына емес, қоршаған ортаға да көп зиян келтіреді дейді.

- Ыстық кездерде өрттер көп болады. Далалар, тоғайлар көптеп жануы мүмкін. Қазақстан үшін өрт деген өте қауіпті. Өйткені тоғайларымыз бүкіл жеріміздің жарты пайызын ғана алып жатыр. Бұған дейін таудағы мұздарымыз көп еріген. Оған қосымша ыстықтар қосылса, үлкен зиянын тигізеді, - дейді Мэлс Елеусізов.
XS
SM
MD
LG