Accessibility links

«Атамекен» партиясының саяси кеңесі тағы бір мәлімдеме таратты

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанда сайлау алдында саяси партиялардың бір-бірімен бірігуі, сондай-ақ бір-бірінен алшақтап жатқан тұста, елде әлі тіркелмеген оңшыл-орта бағыт ұстанушы «Атамекен» саяси партиясы саяси кеңесінің мүшелері екі топқа бөлініп, бір-біріне қарсы алма-кезек мәлімдемелер жасап жатыр.

Осыдан дәл үш апта бұрын - маусымның 12-сі күні «Атамекен» партиясы саяси кеңесінің бір топ мүшесі Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, қазірде шетелде жүрген осы партияның жетекшісі Ержан Досмұқамедовты, саяси кеңес шешімімен, партия төрағасы қызметінен босатқандықтарын мәлімдеген болатын. Олар Е.Досмұқамедовтің елге келмей шетелде жүріп алуын және сол жақта жүріп Қазақстанның ішкі саяси өмірі жайында сыни көзқарастағы пікірлер таратқанын партияның жарғысы мен бағдарламасына қайшы келетін іс-әрекет деп бағалап, оны саяси ұйым басшылығынан шеттеткендерін хабарлаған еді.

Енді міне, арада үш апта өткенде, қазірде шетелде жүрген «Атамекен» партиясының төрағасы Е.Досмұқамедов, өзін қолдайтын саяси кеңестің қалған мүшелерімен бірлесіп, партияның саяси кеңесінің атынан кезекті мәлімдеме таратты. Онда «Атамекен» саяси партиясы алдағы өтетін парламент мәжілісіне және жергілікті маслихат сайлаулары алдында ешқандай саяси партиялармен бірікпейтіндігі айтылған.

Сондай-ақ, партияның саяси кеңесінің мүшелері Д.Сабирбаев, М.Ерқалиев, Б.Баяндин және С.Романовтың өз өтініштері бойынша саяси кеңес құрамынан және партия қатарынан шығарылған. Ал саяси кеңестің тағы бір мүшесі Василий Резван партияның жарғысын өрескел бұзғаны және партия атына кір келтіргені үшін партия қатарынан шығарылды деп хабарланған аталмыш мәлімдемеде.

Алайда В.Резван мәлімдемеде айтылған шешімді қабылдамайтындығын айтты.

- Е.Досмұқамедов - алаяқ адам, оның қазір қай елде, қай қалада жүргені белгісіз. Біз оны талай рет партияның саяси кеңесінің отырысына шақырдық, бірақ бір де біреуіне келмеді, енді ондай адаммен қалай жұмыс істеуге болады? Біз оның партияның төрағасы ретіндегі қызметін маусымның 12-сі күні саяси кеңестің шешімімен тоқтатқанбыз, егер ол осыдан кейін қандай бір мәлімдеме таратып, жарлық шешімдерге қол қойса онда бұл - заң бұзушылық болып табылады, - дейді В.Резван.

Ал Е.Досмұқамедовтың әлі партия төрағасы екендігін танып-мойындайтын саяси кеңес мүшелерінің бірі Сейітжан Ниязов болса;

- Е.Досмұқамедовты партия төрағасы қызметіне саяси кеңес емес, партияның құрылтайы сайлағандықтан оны саяси кеңес ол қызметінен босата алмайды, кеңестің ондай құқығы жоқ! - дейді.

«Атамекен» саяси партиясы былтырғы жылдың соңында елдің әділет министрлігіне тіркеу құжаттарын тапсырған еді. Алайда, мемлекеттік құзырлы орган биылғы қаңтар айында партияның құжаттары тіркеу талаптарына сай келмейтіндігін айтып жауап берген соң, партия басшысы Ержан Досмұқамедов шетелге кеткен болатын.
XS
SM
MD
LG