Accessibility links

АҚШ Сенатындағы кейбір "республикалықтар" Ирақтағы саясатты сынай бастады


АҚШ әскері бастаған батыс жасақтары Ираққа 2003 жылы наурыз айында кіргелі бері АҚШ Конгресіндегі Республикалық партияның өкілдері президент Джордж Буштың соғыс стратегиясын қолдады. Алайда соңғы кезде олардың кейбіреуі Буштың Ирақтағы саясатын сынады. Кейбір "республикалықтар" Ирақтан әскерімізді шығаруымыз керек деп мәлімдеді.

Джордж Буш шілденің төрті күні Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік күні аталғанда Мартинсбург қаласында Ұлттық әуе гвардиясы жасағының алдында сөйлеп, Ирақтағы соғыс саясатын америкалықтар қолдаса жөн, Ирақта жеңіске жету үшін әлі талай құрбандыққа бару керек, табысқа қол жеткізуіміз керек деді:

- Ирақтағы шайқастар қаншалықты ауыр болса да, жеңіске жетуге міндеттіміз. Өз мүддеміз үшін табысқа жетуіміз керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін әскерімізді қолдауға міндеттіміз. Ирақ үкіметін қолдауға міндеттіміз, Ирақта "Әл Қаиданы" талқандауымыз керек.

Президент Буш осыдан екі жүз жыл бұрын Америка Құрама Штаттарында соғыс жүргізу оңай болған жоқ, Америка революциясын іске асыру оңай болған жоқ деп салыстырды. Алайда, Буштың Республикалық партиясындағы кейбір жақтастары бұл сөздерге қанағат тұтпай отыр. Буштың Ирақтағы саясатына соңғы он күнде Сенаттағы үш "республикалық" өкіл қарсы шықты. Мәселен, Сенаттағы ықпалды тұлғалардың бірі Пайт Доминики бейсенбі күні, яғни Буш сөйлегеннен кейін келесі күні, Нью-Мексика штатының астанасында баспасөз-мәслихатын өткізіп, Ирақ соғысының саясатын сынады:

- Ираққа қатысты жаңа стратегия қабылдауымыз қажет. Ирақ үкіметін көбірек шаруа жасатқызатын стратегия қажет, әйтпеген жағдайда салдарын шығаратын стратегия қажет.

Пайт Доминики осы күнге дейін Буштың саясатын қызу қолдап келген болатын. Алайда, ол көзқарасын өзгертіп, Ирақтан америкалық әскерді шығару қажет, президент Буш Ирақ мәселесін зерттеген Конгресс комиссиясының ұсыныстарын қабылдау керек деді. Екі партия өкілдерінен құрылған комиссия Ирақтан америкалық әскерді 2008 жылдың наурызына дейін біртіндеп шығару қажет деген. Сенатор Пайт Доминики осы талапты ортаға салды:

- Ирақ үкіметі Ирақ халқының мүддесін алға жылжыта алмай қойған жағдайда, Ирақ үкіметі тіпті өз болмысын көрсету үшін аздаған болсын табысқа жете алмаған жағдайда қазіргі стратегиямызды қолдағым келмейді.

Осымен соңғы он күнде Буштың Ирақтағы саясатына Сенаттағы үш "республикалық" қарсы шықты. Ирақтағы әскерімізді шығару керек деп маусымның 25-де сенатор Ричард Лугар сын айтқан болатын. Республикалық партияның өкілі Ричард Лугар, айтпақшы, Қазақстанда белгілі. Ол Қазақстанның бұрынғы елшісі Қанат Саудабаевпен тығыз қатынаста болған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Совет одағынан қалған ядролық қарудан бас тартқан деп мақтап жүреді. Ричард Лугар сияқты Республикалық партияның тағы екі өкілі - Джордж Войнович пен Джон Уорнер Ирақтағы саясатты өзгертуге шақырды. Бұрын-соңды мұндай талапты оппозициядағы Демократиялық партияның өкілдері ғана айтатын.
XS
SM
MD
LG