Accessibility links

Түркиялық ұшақ Алматы әуежайында төтенше жағдайға тап болды


7 шілде күні «Атлас Джетта» Түркиялық авиакомпаниясының Аэробус-300 ұшағының Анталия қаласына ұшуы кезінде бір двигателі істен шығып, ұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Бұл жайында Алматы қалалық құтқару қызметінің баспасөз хатшысы 9 шілде күні «Азаттық» Радиосы тілшісіне берген сұхбатында айтты. Алматы қалалық құтқару қызметіндегілердің айтуынша, салондағы адамдарды эвакуациялау кезінде 6 жолаушы жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

9 шілде күні «Азаттық» Радиосы тілшісіне берген сұхбатында Алматы қалалық құтқару қызметі мемлекетік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Анастасия Малишич өткен сенбі күні таңертең Алматы халықаралық әуежайында болған авария жөнінде былай деді:

- 7 шілде күні сағат 8 жарымда «Атлас Джетта» Түркиялық авиакомпаниясының Аэробус-300 ұшағы Анталия қаласына ұшуы кезінде оның бір двигателі сыр берген. Сол кезде авиалайнердің экипаж командирі авариялық тежеуіш беру жайында шешім қабылдаған. Нәтижесінде шосси жанып, аэропорт пен салон өрт қызметкерлерінің күшімен ұшақтан 213 жолаушы эвакуацияланды. Оның 49-ы балалар. Эвакуациялау кезінде айғай-сүреңнен адамдар бірін-бірін таптап, оның салдарынан 6-ы жарақатанып, ауруханаға жатқызылды. Оның екеуі кішкентай балалар, - деді Анастасия Малишич.

Ал осы жайында толығырақ ақпарат алу үшін Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікке хабарласқанымызда, ол жақтағылар өздерінде ешбір мәліметтің жоқ екендігін айтты.

Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Тоқтар Әубәкіров бұл оқиға жайында мынадай пікір айтады.

- Мұндай жағдайлар бұрын да болған және бола береді де. Қандай жоғары технологиялар болмасын, ол адам қолынан жасалғасын, бәрібір қателіктер болып отырады. Біріншіден, ұшақтың ешбір шығынсыз қонғанына тәубе деуіміз керек. Екіншіден, бұл ескеретін де жағдай. Соңғы кездері біздің авиакомпаниялар ақша соңында жүр. Ұшақтарды уақытында жөндемейді. Жақсы мамандарды жұмысқа да алмай жатады, - дейді Тоқтар Әубәкіров.

Сондай-ақ, ол Қазақстандағы ұшақтардың жалпы техникалық деңгейі жаман емес, алайда сол техникалардың тілін меңгерген мамандар жетіспейді дейді.

- Біздің алып жатқан техникаларымыздың сапасы биік деуге болады. Ең жаңа авиалайнерлерді алып жатырмыз. Бірақ сол техниканы игеріп кететін мамандардың дәрежелері төмендеу. Ұшқыштарды сырттан әкеліп жатырмыз. Ал оларды біз өз елімізде дайындауымыз керек, - дейді Тоқтар Әубәкіров.
XS
SM
MD
LG