Accessibility links

«Атамекен» саяси партиясының шетелде жүрген төрағасы партияны тарату туралы шешімді заңсыз деп мәлімдеді


Қазақстанда тіркелмеген «Атамекен» саяси партиясы төңірегіндегі дау-дамай бітер емес. Шілденің 9-күні партияның саяси кеңесінің бір топ мүшелері партияны тарқату туралы шешім қабылдап, ол шешімді осы партияның саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстаннның кәсіпкерлері мен меншік иелерін қорғау одағының президенті Василий Резван Астанаға, Әділет министрлігіне апарып таныстырыпты.

Бұл туралы В.Резван сейсенбі күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде мәлімдеді. Ол өз мәлімдемесінде саяси партияны тарқату туралы шешімді партияның саяси кеңесі мүшелерінің басым көбі қолдағанын айта келе, барлық кінә, айыпты партияның қазірде шетелде жүрген төрағасы Ержан Досмұхамедовке аударды.

- Партияның бірінші құрылтайында төраға болып сайланған Е.Досмұхамедов жарты жылдан бері Қазақстан Республикасында тұрмайды, ал онымен қандай бір байланысқа шығу мүмкіндігі жоқ, өйткені оның қай елде не істеп жүргенін партияның саяси кеңес мүшелерінің бір де біреуі білмейді. Тек қана білетініміз, оның партияның жарғы бағдарламасына қайшы саяси мәлімдемелерді ешкіммен ақылдаспай интернет арқылы бірінен соң бірін жариялай беретіндігі, - деді Резван.

«Атамекен» саяси партиясының мүшесі, кәсіпкер Сембек Нұрғұлов партияның осы уақытқа дейін тіркелмей келуіне Қазақстандағы саяси жағдайды сынап мәлімдемелер жасай беретін төраға Е.Досмұхамедов кінәлі деп санайды. Сондай-ақ «партияның қатарына мүшелер қабылдаған кезде көп қателіктер кетіпті. Несін жасырайық, партияны қолдайтын кемінде 50 мың адамның қолын алу үшін тіптен жасы толмаған не о дүниелік болып кеткен адамдардың аты-жөндері тізімге кірген, бұны Әділет министрлігі тексеріп көріп, партияны тіркемей келді», - дейді ол.

Ал осы партияның саяси кеңесінің мүшесі Бейбіт Баяндин болса: «партия төрағасы Е.Досмұхамедов ұйымның саяси кеңесінің жиналыстарына қаншама рет шақырылса да бір де бір рет келген емес, не бұған жауап та берген емес, сондықтан бұндай жағдайда жетекшісі жоқ партияны тарату жөн деп санадық. Ендігі үмітіміз Әділет министрлігінде, ондағылар партияны тіркету туралы бұрын тапсырған құжаттарды қайтарып берсе болғаны» дейді ол.

Партия төрағасы Е.Досмұхамедовтың көмекшісі Дидар Марданов саяси кеңестің бұл шешімін заңсыз деп танитындығын айтады.

«Өйткені, шілденің 6-сы күні партия төрағасының шешімімен Василий Резван партия қатарынан шығарылған және саяси кеңестің 4 мүшесіде өз өтініштері бойынша партиядан шыққан. Сондықтан енді ол адамдардың «Атамекен» саяси партиясының тағдырына араласатындай құқықтары жоқ», - дейді ол.

Оның айтуынша, партия төрағасы Е.Досмұхамедов қазір Лондонда жұмыс істеп, сол қалада тұрып жатыр, бұл - уақытша нәрсе, дейді ол.

Шілденің 11-і күні партия төрағасы Е.Досмұхамедов интернет арқылы екі мәлімдеме жариялады. Онда ол саяси кеңес мүшелерінің бұл шешімінің негізісіз екендігін айтқан. Сондай-ақ, Е.Досмұхамедов Қазақстанның Әділеті министрі Зағипа Бәлиеваға қайырылып, бірнеше сұрақтарға жауап беруін өтініпті. Онда партияның бұрынғы мүшесі В.Резван екеуінің арасында қандай әңгіме болғандығын ақпарат құралдары арқылы ашық айтуын және партия атынан В.Резванның мемлекеттің құзырлы органдарымен байланыс жасауға құқы жоқ екендігін ескертіпті. «Ондай құқық осы партияның құрылтайында төраға болып сайланған тек маған ғана берілген» депті Е.Досмұхамедов өзінің мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ол «Атамекен» саяси партиясының тағдырына өз алаңдаушылығын білдіріп, партияның тезірек тіркеуден өтуіне, сол арқылы Қазақстанда саяси өмірге тезірек араласуына, тіптен сайлауға қатысуына жағдай жасалуы керек деп танитындығын білдіре келе, бұл мәселеде президент Н.Назарбаевқа ықпал етуге ОБСЕ төрағасы мен осы ұйымға мүше елдерді шақырыпты.
XS
SM
MD
LG