Accessibility links

Өзбекстан соты тыйым салынған Хизб Ут Тахрир исламшыл ұйымының мүшесі болғаны үшін сегіз әйелді соттады. Көрші Тәжікстанда да бұл ұйыммен байланысты әйелдер саны айтарлықтай өсіп отыр. Әдетте, Орталық Азияда әйел адамдардың саяси өмірге араласу деңгейі төмен болып отырған тұста, Хизб Ут Тахрир ішіндегі әрекеттер бұл топтың басқа партияларға қарағанда әйелдер арасында көп қолдау алып отырғанын көрсетеді.

Өзбекстан астанасы Ташкендегі сот шілденің 9-ы күні тыйым салынған «Хизб ут Тахрир» діни ұйымының мүшесі деген айыппен 7 әйелді шартты түрде бас бостандығынан айырды. Осындай айып тағылған тағы бір өзбек әйел үш жыл мерзімге түрмеге жабылды. Ал, көрші Тәжікстанда елдің солтүстігіндегі ауылда тұратын Мутабар Бобожонова деген әйел «Хизб ут Тахрирді» қолдады деген күдікпен маусым айында қамауға алынды.

Орталық Азиядағы сарапшылар «Хизб ут Тахрир» ұйымы басқа саяси партиялармен салыстырғанда, бұл аймақтағы көп әйелді өзіне тартуға тырысып отыр. «Хизб ут Тахрирды» АҚШ мемлекеттік департаменті террористік ұйым қатарына қоспағанына қарамастан, бұл ұйымға Орталық Азияның барлық елінде ресми түрде тыйым салынған.

Орта Азиядағы, әсіресе, Өзбекстандағы саяси жетекшілер мен құқық органдарындағы ресми өкілдер бұл топты сынға алып, бұл ұйымды бүкіл аймақтың тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрған террористік топ деген таңба тағып қойды. “Amnesty International” халықаралық құқық қорғаушы топ аталмыш ұйымның жүздеген қолдаушылары қамауға алынып, азапталып, Өзбекстан мен Тәжікстанда ұзақ мерзімге абақтыға жабылып жатқанын айтады.

Қырғызстандағы халықаралық Дағдарыс тобындағы аймақтық кеңсесінің жетекші сарапшысы Сания Сағнаеваның «Азаттық» радиосына айтуынша, заңсыз ұйым деп танылған «Хизб ут Тахрир» үшін өзіне әйел қолдаушыларды тартуы оңайырақ, өйткені билік әдетте саяси науқандарға қатыспайды деп әйелдерден күдіктенбейді.

“Әйелдердің бұл партиядағы мүддесі партияның әйелдермен жұмысын күшейту фактісіне байланысты болуы мүмкін. өйткені, орта-азиялық дәстүрге сәйкес, бұл аймақта әйелдердің жауапқа тартылу мүмкіндігі төмен”.

Орта Азиядағы тыйым салынған топтардың нақты саны туралы ресми мәліметтер жоқ. Сарапшылар бұл өңірдегі «Хизб ут Тахрирді» қолдаушылар саны 15 мыңнан көп болуы мүмкін дейді. Алайда, бұл ұйым өзінің мүшелері жүз мыңдаған екенін мәлімдеген. Оның көбісі әйел адамдар делінген. Олар өздерінің бейбіт мақсатта науқан жүргізетінін айтады. Орталық Азиядағы құқық қорғаушы агенттіктердің хабарына қарағанда, олар өздерінің Орталық Азия халқын өз үкіметтерін құлатып, бұл аймақта Ислам халифатын құруға шақырған ұйымның кітапшалары мен әдеби кітаптарын тәркілеп келеді.

Ұйымға мүше әйелдердің көбі «Хизб ут Тахрирдің» үн парақтарын таратып, өздеріне адамдарды тартуға тырысты деген айыппен қамауға алынып жатыр. Қырғызстандағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы Икбал Мирсаидовтың сөзіне қарағанда, соңғы он жылда аталмыш топтың мыңдаған мүшесі қамауға алынып, түрмеге жабылды. Сол себепті ұйымға мүше болғаны үшін абақтыға жабылған азаматтардың әйелдері осы топқа мүше болып, «Хизб ут Тахрирді» қолдаушылар қатары өсіп отыр.

“Қазір саяси белсенді болып жатқан әйелдердің көпшілігі «Хизб ут Тахрирдің» мүшесі болғаны үшін күйеулері, бауырлары немесе әкелерінің жауапқа тартылғанын көрген. Сол себепті де олар құқық қорғаушы мекемелердің отбасы мүшелерін бас бостандығынан айырып жатқанына қарсылық танытады”.

Тәжікстандағы әлеуметтік демократиялық партияның Соғд аймағындағы жетекшісі Дильбар Самадова, тәжік әйелдердің көбі үкімет пен оппозицияға сенбейтінін айтады. Сонымен қатар Дильбар Самадова, «Хизб ут Тахрир» ұйымы бұл аймақтағы жаппай кедейлікті пайдаланып, отбасыларын асырау үшін Ресейге кеткен азаматтардың әйелдері осы ұйымға тарытылып отыр деген күдігін жеткізеді.
XS
SM
MD
LG