Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.17.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген бірқатар газеттер Ішкі Істер Министрлігінің оң жақ рөлді автокөліктерді тозғанынша мінуге рұқсат бергеніне жөнінде жазыпты. Ал бір басылым Қазақстан бюджетінің енді 3 жылға бір-ақ қабылданатынына мән берсе, енді біреуі өткен жылы 14 шілде күні Шаңырақта болған қанды оқиғаға бір жыл толуына тоқталған.

Ішкі Істер Министрлігінің оң жақ рөлді автокөліктерді тозғанынша мінуге рұқсат бергені жөнінде жазған «Литер» газеті бұл жаңалықты сенсация деп бағалапты. «Оң жақ рөлді автокөлік айдайтын қазақстандықтар істің былайша сәтті аяқталуына президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар. Жағдай жақында президент өткізген интернет-мәслихатта 180 градусқа, автокөлік иелерінің пайдасына өзгерді. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев оң жақ рөлді автокөліктерге тыйым салудың мәселелсін үкіметке қайта тапсырды» делінген газетте.

Оң жақ рөлді автокөліктерді тозғанынша мінуге рұқсат бергеніне «Экспресс К» газеті де тоқталыпты. «2006 жылдың 13 қарашасы оң жақ рөлді автокөлік жүргізушілері үшін қайғылы күн болып еді. Мұндай автокөліктерге тыйым салынғаннан кейін қанша наразылықтар білдіріліп, бейбіт шерулердің жасалғанына қарамастан, олар еш нәрсе алып келмеді. Халық жапон автокөліктерін елге кіргізбеуге белгілі бір деңгейде келіссе де, өздері мініп жүрген автокөліктерден айырылғысы келмеді. Сондықтан да шешуші рөл атқарған интернет-мәслихатта президентке оң жақ рөлді автокөліктер жайында сұрақтар көбірек қойылды» дейді «Экспресс К» газеті.

Қазақстан бюджетінің енді 3 жылға бір-ақ қабылданатыны жөнін де «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Жыл сайын аймақтарда миллиардтаған ақшаның басы артық, игерілмей қалуынан шаршаған мемлекет тәртіп орнату үшін осындай қатаң шараға барып отыр. Бұған дейін үкімет ел қазынасынан белгілі бір бағытта көздеп шыққан мақсатты қаржының кенет сайда саны, құмда ізі қалмай, ізім-ғайым жоқ болып кетуі сияқты кеселмен қалай күреспеді деңізші. Бюджеттік заңнаманың тігісін талай сөгіп, талай тікті. Кодексін де қайтадан құрап, жамады. Бірақ сонда да ежелгі ауруынан арыла алмады» деп жазады «Айқын» газеті.

Ал былтыр 14 шілде күні Шаңырақ оқиғасы кезінде қайтыс болғандарға арнап құрбандық шалынып, ас берілгендігі туралы жазған «Жас Алаш» газеті Шаңырақ ауылына полиция қызметкерлерінің де келіп, жұртпен көңіл бөліскендерінде не мақсат жатыр дегенге сараптама жасайды. «Имандары оянды ма, әлде сайлау қарсаңында тағы бір бүлік шығып кете ме деп қорықты ма, ол жағын нақты біле алмадық» дейді «Жас Алаш». Газет ары қарай «Ас берілерден бір күн бұрын 13 шілдеде Шаңырақтың тұрғындары «аттай бір жыл өтті ғой, мәселеміз шешіліп қалар» деген үмітпен Алматы қалалық әкімшілігінің алдына жиналған. Бірақ жұрт бұл жолы да жарытымды жауап ала алмады. әкімшілік қызметкерлері әдеттегідей жиналғандардың арқасынан қағып, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес деп жақауратып шығарып салды. «Шаңырақ» тұрғындарының тағдырына қатысты түйінді мәселені шешу үшін биліктегілерге бір жыл да аздық етіпті» дейді.
XS
SM
MD
LG