Accessibility links

Қазақстандағы парламенттік сайлауға бір ай қалғандағы халықтың көңіл-күйі қандай?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Осы мәселені анықтау мақсатында «Әлеуметтік технологиялар орталығы» тәуелсіз сараптамалық құрылымы жүргізген сауалнама нәтижесінде дәл қазір қазақстандықтардың 71 пайызы сайлауға қатысатынын және 37 пайыздайы «Нұр Отан» партиясына дауыс беретінін, ал халықтың 20 пайыздан көптеуі Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға дауы беретінін анықтапты.

Кез келген сайлау алды науқаны кезінде осындай сауалнамалық орталықтар өз белсенділігін танытып жатады. Сондай кезекті сауалнама қортындысын жариялап отырған бұл орталық 2005 жылғы президенттік сайлау қарсаңында, жауапкершілігі шектеулі тәуелсіз орталық түрінде тіркелген екен. Сөйтіп осы «Әлеуметтік технологиялар орталығы» шілденің 10-14 аралығында Қазақстанның алты аймағынан, атап айтқанда Солтүстік, Орталық, Батыс, Шығыс, Оңтүстік аймақтар мен Алматы қаласында 1800-дей адамнан сауалнама арқылы халықтың сайлау алды көңіл күйін анықтап көріпті.

«Бұл жұмысты біз неге жүргіздік? Осы сайлауға Қазақстан халқы қатысулары керек. Бұл сайлау тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Сондықтан осы сайлауға қатысып, дауыс берген Қазақстан сайлаушылары сосын сол партиялардан сұрай алады: «Мына жұмысты істедіңіз бе? Уәде берген мына шаруаны орындадыңыз ба?» деп. Демек, қоғаммен кері байланыс орнатуға болады. Екінші жағынан, халықтың қазіргі көңіл-күйі қалай? Саясаттан шаршаған жоқ па? Белсенділігі қандай? Енді, не болса да елге әділеттілік керек. Әділеттілікті сол парламентке барған партиялар қорғауы керек. Халықты соған дайындау керек, ояту керек. Халықты таңдампаздыққа үйрету керек! - дейді сауалнама орталығының маманы Асылбек Абдулов.

Ал енді нақты сауалнама қортынсына келсек көрсеткіштер төмендегідей бопты.

«Сіз сайлауға қатысасыз ба?» деген сауалға сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздайынан артығы алдағы сайлауға қатысатынын айтса, 15 пайыздайы «қатыспаймыз», ал 13 пайыздайы «әлі білмейміз» деп жауап берген.

«Алдағы парламенттік сайлау әділ өтеді деп есептейсіз бе?» деген сауалға жауап берген қазақстандықтардың 40 пайыздайы «алдағы сайлау әдеттегідей биліктің қыспағымен өтеді» деген пікір білдірген. Әсіресе, егделеу азаматтар сайлаудың әділ өтпейтінін айтады, себебі олар көпті көрген, сондықтан онша көп нәрсеге үміт етпесе керек. Бір атап өтерлігі - қалалықтар, мәдениет, білім, ғылым қайраткерлері сайлау әділ өтпейді деп есептейді екен. Ал сауалнамаға қатысқандардың 30 пайыздайы алдағы парламенттік сайлаудың әділ де тең бәсекелестік жағдайда өтеді деген сенім айтыпты.

«Қазақстанға оппозиция керек деп есептейсіз бе?» деген сауалға жауап бергендердің 60 пайыздайы оппозиция керек деп тауыпты. Ал әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан алғанда – ауылдық тұрғындардың 64 пайыздайы оппозиция керек десе, оппозицияны қоғамның құрамдас бөлігі деп көбіне жастар танитындығы анықталған.

«Сіз қай партияға дауыс бермексіз?» деген сауалға жұрттың 37 пайыздайы «Нұр Отан» партиясына, ал 20 пайыздайы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға дауыс беретіндерін айтқан. Сонымен қатар, бірқатар сайлаушылар «Ақ жолға» да дауыс беретіндерін білдірген.

«Біздің сауалнамаға қатысқан сайлаушылар қалған партиялар 7 пайыздық деңгейден аса алмайды деп санайды», - дейді орталықтың маманы Асылбек Абдулов.

Сонымен қатар ол, «осы сауалнама қортындысынан, сайлау кезіндегі соңғы сауалнама көрсеткіштері 5-7 пайыз ауытқушылық бергенімен, жалпы ахуалды сипаттауда қателік жібермейді» деп сендірді.

Қазақстан президенті Н.Назарбаев өз партиясының кезектен тыс съезінде «Нұр Отанға» 80 пайыздан астам сайлаушылар дауыс береді деп сенемін» деген еді. Президенттің бұл сөзін кейбір сарапшылар «сайлау учаскелеріне алдын-ала берілген тапсырма» деп бағалап, жалпы сайлау алды сауалнамалық есептеулерге сене бермеу керектігін айтады.

«Жалпы айтқанда, егер осындай сайлау алды сауалнамаларды қандай да партиялардың өздері жүргізген кезде, олардың есептеулері ақиқаттан көп жағдайда алшақтау болады. Олар осы зерттеулерден көңіліндегі көксеген ахуалды көргісі келеді. Сондықтан олар кейде сауалнама нәтижесін бұрмалаушылыққа да барады. Олардың жүгініп отырған көрсеткіштердің бәрі қоғамдық пікірге әсер ету, сол пікірді қалыптастыру тетігі боп табылады. Сондықтан, осындай сауалнама нәтижелеріне сын көзбен қараған жөн. Ал «Нұр Отан» партиясына қатысты президенттің айтқанына келсек, дәл сол кездегі президенттің айтқанын заң деп те, тіпті алдағы іс-әрекетке нұсқау деп те қабылдауға болады. Бірақ, ол партия басқа партиялармен салыстырғанда қоғамға көп танымал, «Нұр Отанның» БАҚ беттерінде жиі көрсетілетінін, олардың қаржылық, әкімшілік ресурстарының зорлығының өзі ол партияға көп дауыс берілетіндігінің айғағы. Оны мойындауымыз керек», - дейді Алматыдағы «Альтернатива» тәуелсіз сараптама орталығының маманы Серік Белгібаев.

Қазақстанда парламент пен жергілікті маслихат сайлаулары 2007 жылғы тамыз айының 18-іне белгіленген.
XS
SM
MD
LG